Ағымдағы жылдың 23 мамырындағы жағдай бойынша облыста COVID-19-дан зертханалық жолмен расталған 21471 жағдай тіркелген. Ал, өткен бір тәулік ішінде коронавирус пандемиясын жұқтырған тағы 140 жағдай зертханалық жолмен расталған.
Өңірімізде әлі күнге санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанбай отырғаны байқалуда. Өйткені, бүгінге дейін тіркелген 21471 жағдайдың 11299-ы симп-томды болса, 7624-і қауіпті вирусты тасымалдаушылар. Ал, 2546-сы профилактикалық скрининг кезінде анықталған.
Облыс бойынша бүгінгі күнге дейін ересектер арасында 19109 жағдай тіркелсе, бұл – қауіпті індеттің 89 пайызы. Оның 2362-сі 14 жасқа дейінгі балалар арасында кездесіп отыр. Сондай-ақ, емханаға өз еріктерімен келіп тексерілген кезінде анықталған 11072 жағдайдың жалпы санынан 7467 адам індет жұқтырғандармен байланыста болса, 2521 профилактикалық скрининг кезінде анықталған. Мәселен, 2020 жылы COVID-19-дан зертханалық жолмен расталған
7 247 жағдай тіркелсе, 2021 жылы 14224, соның ішінде мамыр айында 3027 жағдай анықталып отыр. Нақтырақ айтсақ, соңғы аптаның ішінде яғни, 2021 жылдың 15 мамырынан 21 мамырына дейін COVID-19-дан 945 жағдай тіркеліп отыр, ал, өткен аптада 889 жағдай тіркелгенін ескерсек, індеттің 1,06 пайызға өскенін байқауға болады.
Оның ішінде ауыру белгілері бар 119 жағдай болса, 21 адам ауруды тасымалдаушылар. Сөйтіп, тәулігіне 0,7 пайызға өсу қарқынын көрсетіп отыр. 127 жағдай ересектер арасында болса, 13 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр. Ал, бұл қауіпті індеттен соңғы бір тәулікте мектеп жасына дейінгі балалар арасында бір жағдай ғана Степногорск қаласында анықталған.
Жалпы, пандемиядан мектеп оқушылары арасында соңғы бір тәулікте аурудың тағы 11 жағдайы тіркелген. Нақтырақ айтсақ, Ақкөл, Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласында екі-екі жағдайдан тіркелсе, Аршалы, Жарқайың, Целиноград аудандары мен Степногорскі қаласында бір-бір жағдайдан анықталған. Оның ішінде бесеуі тұрақты режимде (оффлайн) болса, бесеуі онлайн режимде.
Міне, байқап отырсаңыздар, коронавирус инфекциясының жұғу қаупі өте күшті. Сондықтан, дер кезінде санитарлық режимді сақтап, маска киіп, үнемі өзіміз бен айналамызды қауіпті індеттен қорғауды ұмытпайық.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.