65 жылдың өнерлі де, өнегелі де жолы

Әсем табиғатымен тамсандырған Көкше төрінде қазақ сал-серілерінің салып кеткен ізін жалғап, мәдениет пен өнер жолын таңдаған жас таланттарды оқытып жатқан Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжіне былтыр 65 жыл толған еді. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» демекші, індетке байланысты кейінге шегерілген мерекелік іс-шара тәуелсіздіктің 30 жылдығымен ұштастырыла жуырда атап өтілді.

Өз тарихында колледж түрлі қайта құрулардан өтіп, мәдениет пен өнер саласындағы іргелі оқу орындарының біріне айналғаны белгілі.
Аздап білім ошағының тарихына көз салсақ, сонау 1955 жылы іргетасы қаланған мәдениет колледжі алғашқыда кітапхана техникумы болып ашылған-ды. Кейін араға жылдар салып, Көкшетау мәдени-ағарту училищесі болып қайта аталды.

Ал, 1991 жылы училищеге қазақтың халық ақыны, әнші-композитор Ақан серінің есімі беріліп, 1995 жылы Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжі болып өзгертіледі. 2018 жылдың қазанында мәдениет колледжінің аумағына Ақан серінің бюсті орнатылады және сол жылы оқу орнына жоғары колледж мәртебесі беріледі. Жаңа мәртебеге ие болуына байланысты оқу орны білім беру қызметтерін жетілдіріп, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің модульдік бағдарламаларын іске асырды, қолданбалы бакалавриат, қашықтықтан оқыту бағдарламаларын әзірлеп, енгізді. Бүгінде колледж 8 біліктілік бойынша өнер және мәдениет мамандарын даярлайтын солтүстік өңірдегі жалғыз оқу орны болып табылады.

Колледждің күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінде 450 бала оқиды, оның 367 бюджеттік негізде білім алуда. Оқытушылар құрамының 50 пайызы жоғары санатты мамандар, олардың 4-еуі білім беру ісінің құрметті қызметкері. Қазақстан колледждерінің қызметін бағалау мақсатында «Талап» КЕАҚ-ның «Өнер және мәдениет» бейініндегі колледждер арасында ұйымдастырған 2017, 2018, 2019 жылдардағы саралау қорытындысында аталмыш білім ошағы бірінші орындарды иеленіпті.

2018 жылы колледждің «кітапхана ісі», «дизайн», «әлеуметтік-мәдени қызмет және халықтық көркемдік шығармашылығы», «актерлік өнер» секілді білім беру бағдарламалары институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден сәтті өтті. Колледжде театр және дизайн-студиялары, қазақ халық аспаптары оркестрі мен ансамбльдері, вокалдық және вокалдық-аспаптық топтар, би ансамбльдері жұмыс істейді. Соның бірі «халықтық» атағы бар – «Жарқын» би ансамблі. Шығармашылық топ халықаралық «Қазақстан раушандары» хореографиялық өнерінің 10-ыншы мәрте өткізілген фестиваль-байқауында 1 орынды иеленген және қазір Ресей мен Болгария мемлекеттеріне гастрольдік сапарға дайындалуда. Ал, 2018 жылы білім алушылар мен оқытушылардың бастамасымен колледж базасында ашылған «El jastarу» эксперименттік-зертханалық жастар театры өз қызметін сәтті жалғастыруда.

Жоғары мәдениет колледжі 2021 жылдан бастап «Жас маман» жобасын іске асыру бойынша республикалық және халықаралық деңгейде сұранысқа ие мамандар мен WorldSkills чемпионатына қатысушыларды даярлау үшін қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандырылатын болады.

– 65 жыл ішінде мәдениет колледжі 10 мыңға жуық күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінің түлектерін өмір айдынына ұшырса, олар біздің облыста, Қазақстанның басқа аймақтары мен одан тыс жерлерде мәдениет пен өнерді сақтауға және дамытуға үлкен үлес қосуда. Біздің түлектер Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы, қазақ ұлттық хореография академиясы мен республиканың жетекші жоғары оқу орындарында да оқиды, – деді мерекелік іс-шарада колледж директоры Құралай Ыдырысова.

Жарты ғасыр бойы колледж бес қабатты бейімделген ғимаратта орналасып келсе, 2019 жылы жаңа қосымша корпус пайдалануға берілді. Бұл жаңа үш қабатты ғимаратта хореография, спорт және тренажер залдары, душ және киім ауыстыру бөлмелері, мәжіліс залы, кең кітапхана және асхана орналасқан, ауласында баскетбол алаңы бар.

Жоғары мәдениет колледжінде басқа қалалардан келген білім алушылардың оқуы мен шығармашылық дамуларына ерекше көңіл бөлінеді, олардың жайлы өмір сүрулеріне барынша жағдай жасалады. Осы мақсатта 85 білім алушыға арналған жайлы жатақхана бар. 2025 жылы колледжде тағы бір жаңа жатақхана ғимараты ашылады деп жоспарлануда.

–65 жыл ішінде бірталай ауқымды жұмыстар атқарылды. Алда жаңа технологияларды игеру, оқытушылар құрамын үнемі жетілдіру, материалдық-техникалық базаны жақсарту да ойымызда бар. Ең бастысы, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің әрбір түлегі мәдениет пен өнерді дамытып және жетілдіріп, мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосса, сол біздің мақсатымыздың орындалғаны, – дейді директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлнәр Қадыралиева.

65 жылдық тарихы бар білім ордасының мерекелік концерттік бағдарламасында колледждің білім алушыларынан құралған би ұжымдары, халық аспаптар оркестрі мен ансамбльдері, хор, актерлік мамандығын оқып жатқан студенттер өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, Рафаэль Хамидов, Андрей Погорелый, Әсел Көбегеннің жетекшілігімен қойылған «Шығармашылық галактика» прологы, Маржан Бөкешованың жетекшілік етуімен сахналанған «Абылайдың орындалған арманы» музыкалық-әдеби композициясы, Жанар Құсайынованың «Уақыт» пластикалық этюді жиналған қауымның жүрегіне жол тауып, жылы қабылданды. Білім алушылардың орындаған билері мен шырқаған әндері олардың әрқайсысының өнер айдынында, биік белестерге құлшынғанын, жастардың жігері мен қайратын, талап-талпынысын аңғарта түсті. Олай болса, мәдени құндылықтарды насихаттап, өнер жолына талпынған студент жастарға алда да қанаттарың талмасын дейміз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар