Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде сыбайлас жемқорлықтың себептері мен салдарын жою мәселелері бойынша онлайн режимінде жиын өткізді.
Жиын барысында өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосының басшылығы қатысушыларды қызметтік жалғандық фактілері бойынша Көкшетау станциясындағы желілік полиция бөлімінің полицейлеріне қозғалған қылмыстық іс шеңберінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы негізінде енгізілген ұсынулар туралы хабардар етті.
Алдағы уақытта осындай құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін ұжымдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдау кезінде формализмді жою, қызметкерлер арасында тиісті түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және полиция қызметкерлері жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету ұсынылды.
Департамент басшысы Мұрат Төлеубаев қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамадағы негізгі өзгерістер мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы түзетулерді түсіндірді.
Сондай-ақ, ол полиция органдарының қызметкерлері, соның ішінде көліктегі полиция қызметкерлерінің де қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі және азаматтардың қауіпсіздігін қорғауы тиіс екеніне тоқталды. Оған қоса, басшылардың бағыныштылардың қызметіне бақылауды күшейтуі, барлық қызметкерлердің парасаттылық және сатылмаушылық қағидаттарын сақтауын қамтамасыз етуі қажеттігін де атап өтті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.