Аршалы ауданында Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту шеңберінде 2021 жылға 21,1 миллиард теңге сомасына 4 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Айдар Байманов мәлім етті.
Аудан әкімінің айтуынша, жыл басынан бері ауданда ауыл шаруашылығының өсімі 1,3 пайызға артты, өндірілген өнім көлемі 4 миллиардтан астам теңгені құрады.
«Ауыл шаруашылығында жалпы өнімінің нақты көлем индексі 75,3 пайызды құрады. Дала егістік жұмыстарын толық кешенді жүргізуде ауыл шаруашылық техникамен жабдықталуы маңызды орын алады. Ағымдағы жылы ауданның ауыл шаруашылық құрылымдары жалпы сомасы 1,1 миллиард теңгеге 36 бірлік ауыл шаруашылық техникасын сатып алды», – деді аудан әкімі.
Брифингте айтылғандай, өнімділікті арттырудың маңызды факторларының бірі суармалы жерлердің ауданын кеңейту болып табылады. Биылғы жылы ауданда суармалы жерлердің көлемі 28 пайызға, яғни 243 гектарға ұлғайтылды. Ауданда етті мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылады.
Өткен жылы жалпы саны 404 бас етті тұқым бағытындағы 3 ферма және 2 тауарлы сүт ферма құрылды. Ағымдағы жылы мал шаруашылығын дамыту бойынша индикативтік көрсеткіштерді орындау аясында Герефорд тұқымды 40 бас ірі қара мал сатып алынды. Симментал тұқымды 33 бас ірі қара мал әкелінді.
«Астананың айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту шеңберінде 2021 жылға 21,1 миллиард теңге сомасына 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Осы жобалар аясында жылына 6 мың тонна құс етінөндіретін құс фабрикасын қолданысқа берудің 2-ші кезегін жүзеге асыру, 100 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын құру жоспарланған. Сондай-ақ, сүт саласын одан әрі жедел дамыту мақсатында 150 басқа арналған сүт фермасы салынады. Аталған жобаларды іске асыру 130 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деп толықтырды аудан әкімі.