Ана тілім – ұлттығымның айғағы

Тіл – ұлттың жаны, рухы,оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы. Кез-келген халықтың ұлт болып қалыптасқаннан кейінгі байлығы мен жан дүниесінің айнасы. Ұлтым деп еңіреген ер, тіл жанашыры Ж.Аймауытовтың сөзімен айтсақ, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек, ол-ана тілі.

Адам баласының шыр етіп өмірге келген сәттен бастап, ананың әлдиімен бойымызға сіңіп келе жатқан тілім мен үшін ең қастерлі, ең қымбат тіл.
Тарих тағылымындағы батырларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен елін, жерін қорғап қана қоймай, болашақ ұрпаққа асыл қазына ретінде қалдырған мұрасының бірі – тілі мен ділі еді.

Қазақ тілі – шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты тіл, өйткені өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсінуде тілдің маңызы зор.

Жастайыңнан қиялыңды қияға шарықтататын ертегілер, ерлікті, елдікті ту еткен батырлар жыры, шынайы махаббатты мұрат еткен әсем де әсерлі ғашықтық жырлары тарих тағылымынан тәлім алуға, өткен тарихыңды тануға жетелесе, бірлік пен ынтымақты, ізгілік пен ізеттілікке толы халықтың шұрайлы, асыл сөздерін өткір де өміршең шешендік сөздер арқылы тілдің жан тербетер құдіретін танысақ, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге тәрбиелейтін тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мақал-мәтелдерден халық даналығын үйренеміз.

Ел болып, еңсемізді көтеріп, тәуелсіздіктің таңы атқан күннен тіл мәселесіне ерекше мән берілді. Тілімізге тілдік мәртебе беріліп, тіл туралы Заң қабылданғаннан бастап, елімізде он жылға жоспарланған «Тілді дамыту мен жетілдірудің бағдарламасы» құрылып, еліміздің барлық аймақтарында ауыз толтырып айтатындай іс-шаралар, кездесулер мен тіл мерекелері, сайыстар мен түрлі деңгейдегі олимпиадалар, халықтың сөзін сөйлеп, пәлсафалық ой айтатын айтыстардың жоғары деңгейде өтуі – тіл мәртебесінің асқақтығының айғағы іспеттес.

Елімізде болып жатқан жаңалықтардан тыс қалмай, тілдің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан, білімнің Ақордасы саналатын – Щучинск қаласындағы жоғары педагогикалық колледжін айтуыма болады. Колледж қабырғасына кіргенде тайға таңба басқандай қабырғаға әдемі әріптермен ойылып жазылған Елбасымыздың қанатты сөзінің өзі осының айғағы және әрі қарай кір, менің айтарым көп дегендей, әрі қадам басуыңа жол сілтеп тұрғандай.

Жүз жылдық тарихы бар колледж қабырғасында түрлі ұлт өкілдері білім алады. Олар өз пәндерімен қатар, осы елдің суын ішіп, ауасымен тыныстағандықтан тілге деген сүйіспеншіліктері мен құрметін көргенде риза боласың. «Қазақ тілі», «Кәсіптік қазақ тілі» пәндерінен теориялық білім алумен ғана шектелмей, орыс топтарында оқитын студенттер колледж қабырғасында өтетін пән олимпиадалары мен апталықтарда болатын сайыстарға белсенді қатысады.

Саз бөлімін бітірген, қазіргі таңда Отан алдында азаматтық борышын өтеп жүрген Аверкин Александрды ерекше мақтағым келеді, себебі колледж қабырғасында өткен әдеби кештер мен интеллектуалдық сайыстарға белсенді қатысып қана қоймай, қазақ тілінде орындаған әсем әні тыңдаған құлақтың құрышын қандырады. Осындай студенттің қазақ тіліне деген құрметін байқағанда ерекше сезімде боласың.

Колледж студенттері аудан, облыс көлемінде өтетін жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иемденуде. Сонымен қатар, Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының қолдауымен «Мың бала» интеллектуалды білім сайтының ұйымдастыруымен оқушылар арасында өткен республикалық «Қазақ тілі» пәнінен олимпиадасында ағылшын бөліміндегі Шынар Жетпісова (жетекші оқытушы Усенов К.С.) және «Үздік эссе» байқауларына қатысқан Галина Умрыхина (жетекші оқытушы Жакенова А.З.)Анастасия Зерских, Степан Авдеюк (жетекші оқытушы Жүсіпова А.Ғ) сынды студенттер қатысып, I дәрежелі дипломдарды иемденуі студент пен оқытушының тілді дамытуға қосқан өзіндік үлестері деп білемін.

Сонымен қатар, колледж студенттері түрлі ғылыми жобалар мен дебаттық сайыстарда да өздерінің мемлекеттік тілде қандай дәрежеде сөйлейтіндіктерін дәлелдеулері де мақтанарлық жұмыстардың айғағы деп айтуымызға болады.

2020 жыл қазақ елінде атаулы мерекелерге толы жыл болды, мұнда «Конституцияға – 25жыл», халқымыздың даңқын әлемге танытқан ұлы ақын «Абай Құнанбаевқа – 175 жыл», аты аңызға айналған, ұлы ойшыл, шығыстың Аристотелі атанған «Әл-Фарабиге 1150 жыл» мерейтойларына да үн қосқан колледж ұжымы осы тақырыптарға сай колледж сахнасын безендірсе, басқа ұлт өкілдері мен қазақ топтарында оқитын студенттер «Адамзаттың Абайы», «Ғибратты ғалым-Әл-Фараби» атты әдеби-сазды кешті, «Ана тілім – ардағым» атты интеллектуалды сайыстарды жоғары деңгейде өткізулері нағыз азаматтықтың белгісі, тілге деген құрметтің айнасы деп білемін, мұндай жағдайлар кеудеңді қуанышқа бөлейтіні айдан анық.

Әр істе үлгі болатын басшы деп ойлаймын, себебі колледж директоры Галина Викторовна қандай жиналыс, отырыс болсын, өз сөзін қазақ тілінде бастауы басқаларға үлгі-өнеге, тілге деген құрметі деп білемін.

Ерекше айтқым келіп отырғаны, бұл колледж қабырғасында тамыры тереңге жайылған «Бастауыш сынып мұғалімі» бөлімі талай студенттердің қанаттарын біліммен қатайтып, қазіргі таңда еліміздің әр түкпірінде өз еңбектерінің жемісі мен нәтижелерін көрсетуде. Бұдан басқа кеудемізді керіп, мақтанышпен айтуға болатын жұмыстың бірі, колледж басшысы Бичун Галина Викторовнаның бастауымен «Қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі» мамандығының ашылуы.

2015 жылы колледж қабырғасында талай оқытушылар армандап жүрген «Қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі» бөлімінің ашылуы, ерекше жаңалықтардың бірі деп ойлаймын. Бүгінгі таңда өзінің үшінші түлектерін ұшырмақ. Колледж түлектері Назгүл Қалтаева, Диана Тәуекел, Айзада Аманжолова, Жаңарған Жаңалықова, Гүлназ Аманжолова Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов, Дина Нұржанова Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде грантта оқиды.

Бұл бөлімде оқитын студенттер қаламыздың барлық мектептері мен еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-тәжірибеден өтіп, колледж атына және оқытушыларына жақсы пікірлер айтылуда, әрине, бұл колледж оқытушыларының қажырлы еңбектерінің арқасында деп білемін.

Бурабай ауданында тіл тазалығын сақтау мақсатында колледж студенттерінен «Еріктілер тобы» құрылып, бірталай жұмыстар атқарылды және аудандық тіл қоғамы біраз студенттерді Алғыс хаттармен марапаттады.

Қырғыз жазушысы, қоғам қайраткері Шыңғыс Айматов: «Халықтың мәңгі ғұмыры оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін – ұлы» – дегендей әр ұлт үшін өз тілі – ұлы, сондықтан атадан – балаға, ұрпақтан – ұрпаққа мирас болған ана тіліміздің құдіретін танып, қадірлей білейік!

Ақылбай Теміров,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы.

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар