Діни насихат уақыт ағымымен үндесіп жүргізілуі тиіс

Орталық Науан хазірет мешітінде Ақмола облысы аудандары мен қалаларының имамдары бас қосқан алқалы жиын өтті. Басқосуды ашқан облыстың бас имамы Қуаныш қажы Сәбит қазіргі санитарлық талаптар күшейген күрделі кезеңде уақыт талабына сай жұмыс істеп жатқан әріптестеріне ризалығын білдірді.

Бас имам Біржан сал ауданының имамы болып тағайындалған Қобыланды Надырбаев пен Сандықтау ауданы мешітіне имам болып жұмысқа кірісіп жатқан Нұрбол Байқоңыровты жиналғандарға таныстырып, олардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Облыстың бас имамының айтуынша, қазіргі пандемиядан туындаған қиындықтар мешіттердегі насихат жұмыстарына кедергі болмауы керек. Имамдар заманауи ақпараттық технологияны, оның ішінде әлеуметтік желілерді дұрыс пайдаланып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы жұртшылықты ақпараттандырып отырғаны жөн. Оған қоса, түрлі діни-насихат шараларын қашықтықтан өткізу мәселесі де назардан тыс қалмауы қажет.

Биылғы жыл еліміз үшін айтулы оқиғаларға толы болмақ. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы аталып өтіледі. Мешіт қызметкерлері де бұл маңызды тарихи оқиғадан сырт қалмауы керек. Бұған да арнайы бағдарламалар жасап, шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр.

– Мүфтияттың жеті бағытқа негізделген жұмысына да селкеу түспеуі қажет. Осының бәрі жергілікті имамдардың белсенді жұмысына қатысты болмақ. Салғырттықты уақыт көтермейді. Онсыз да мешіттерімізде жамағатпен намаздар өткізілмейді. Адамдар бізге емес, біз адамдарға жақындай түсуіміз керек, – деді Қуаныш қажы Сәбит.

Дін қызметкерлері өздері атқарып жатқан әр бағыттың жұмысы жөнінде баяндап берді. Биылғы жылы атқарылатын жұмыстардың жоспары да қаралып, пысықталды.

Шара соңында Данияр Кенжалин мен (Науан хазірет мешітінің наиб имамы), Серікжан Камалашқа (Жақия қажы мешітінің наиб имамы) Бас мүфтидің Алғыс хаты ал, Медет Әубәкіровке (Степногорск қаласы Паң Нұрмағамбет мешітінің наиб имамы) Бас имамның Алғыс хаты табыс етілді.

Қ.КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар