5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні

Табиғат пен адам – біртұтас. Адамзат планетаның экологиясына назар аударуы керек. Көлік құралдары ауаны зиянды газдармен ластайды. Көптеген мұнай қалдықтары, су қоймаларына тасталуда. Бұл қалдықтар – өсімдіктер, жабайы аңдар, балықтар мен құстардың өліміне әкеліп жатыр. Бұның басты себепкері – адамдар. Экожүйені бұзу – өз үйімізді бұзғанмен бірдей. Қоршаған ортаға қамқорлық пен сүйіспеншілік қажет. Сонда ғана, адам табиғатпен үйлесімді өмір сүре алады.

Табиғат – біздің асыраушымыз, онсыз адамзат өмір сүре алмас еді. Бұрынғы заманда, адамдар табиғатты құрметтеген және оған зиян тигізбеген. Ерлер – аңшылықпен және балық аулаумен айналысқан, ал, әйелдер жидектерді, саңырауқұлақтар мен шөптерді терген. Бұл үйлесімділік, өнеркәсіп пайда болғаннан кейін бұзылды. Зауыттардың саны көбейіп, экологияға үлкен залал келтірілді. Қазіргі уақытта, табиғат токсиндерден тұңшығып жатыр деп айтуға болады. Көптеген жануарлардың жойылып кетуі мүмкін, ал, ормандар аяусыз кесілуде. Планетамызға экологиялық апат қаупі жақындап келеді. Сондықтан, нәзік табиғатымызға мейірімді болайық!

Табиғаттың көмегімен жаратылған әлем, бірнеше миллиард жыл бұрын пайда болып, сансыз тіршілік иелеріне өмір сыйлады. Біз оның маңызды бөлігіміз, мұңы ешқашан ұмытпауымыз керек. Өкінішке орай, қоршаған ортаның ластануы және жануарлар санының азаюы – адамның іс-әрекетінен туындаған. Егер табиғатты қорғауға барлығымыз үлес қосатын болсақ, онда планетамыздағы өсімдік пен жануарлардың алуан түрін сақтап қаламыз. Қоршаған ортаны қорғау әр адамның міндеті. Барлық тіршілік иелері, соның ішінде адамдар да, табиғат деп аталатын үлкен үйдің шаңырағында өмір сүреді.

Ол – біздің алтын бесігіміз. Бірақ, адамдардың кесірінен, біздің ғаламшарға экологиялық апат қаупі төніп тұр. Сондықтан, әрбір адам, табиғатты сақтап қалу үшін әрекет жасауы керек. Ешқашан жерге қоқыс тастамаңыз. Оны мұқият орап, қоқыс жинайтын арнайы орындарға апарыңыз. Гүлдер мен жапырақтарды жұлмаңыз, өйткені, өсімдіктер ауаны тазартады. Жазғы күндері пикникке шықсаңыз, міндетті түрде отты сөңдіріп кетіңіз. Себебі, орман өртеніп кетуі мүмкін. Біз табиғатқа қамқорлықпен қарауымыз керек.

Келешек ұрпақ үшін табиғатты дұрыс қалпында қалдыруымыз керек

Облыстық экология департаменті қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оны қорғау саласында өзіне жүктелген жауапкершілікті жақсы сезініп, басшылыққа алу арқылы өзіне талап етілген жұмыс үдесінен шығу үшін осы іске бар күш-жігерін салып келді. Біздің талабымыз бойынша кез-келген мекеме қоршаған ортаға келтірілген шығынның орнын толтыруға міндетті. Департамент қоршаған ортаға ықпал ету тәртібін және төлемін реттейді.

Табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаға ықпал ету кезінде ең жақсы экологиялық таза және ресурсты сақтайтын технологияны қолданады. Қоршаған ортаны қорғау бойынша мемлекеттік органдар жұмысын үйлестіреді. Табиғатты пайданушыларды қалдықтарды азайтуға, қоршаған ортаның ластануын жоюға ынталандырады.

Осы мақсатта Ақмола облысы бойынша экологиялық проблемаларды кешенді шешу бойынша Жол картасы бекітілді. Оны жүзеге асыру қоршаған ортаның жалпы жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, облыстың тарихи экологиялық проблемасын шешуге ықпал етеді. Бүгінгі күні облыстағы коммуналдық қалдықтарға қатысты проблема бар. Бөлек жинау жүйесін жеткіліксіз дамыту, өңдеу және қалдықтарды көму бойынша мәселе туындайды. Оның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтардың заңдастырылған полигондар саны жеткіліксіз. Бұл бизнес субъектілерінің, бюджеттік ұйымдардың және тұрғындардың жағдайын қиындатады. Себеп жобалық құжаттаманың қымбатшылығында.

Қазір Ақмола облысы аумағында қатты тұрмыстық қалдықтардың 130 үйіндісі бар. Оның тек қана 24-і заңдастырылған. Бурабай, Ақкөл, Зеренді, Аршалы және Қорғалжын аудандарында бірде-бір заңдастырылған полигон жоқ. Сондай-ақ, он аудан орталығында полигон жоқтың қасы.

Ақмола облысында үйінділердің пайда болуы бүгінгі күні өзекті мәселе болып отыр. Санитарлық абаттандыру бойынша жыл сайын өткізілетін айлықтарға қарамастан, жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың әлсіздігінен, жинау, тасымалдау, полигондарда коммуналдық қалдықтарды орналастыру бойынша қажетті инфрақұрылымдардың жоқтығынан елді мекендер маңында үйінділер пайда болуда. Облыстық экология департаменті «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы геопорталының көмегімен қалдықтарды орналастырудың заңсыз орнына космостық мониторинг жұмысын жүргізеді. Өткен жылы геопортал арқылы 1593 учаске анықталды. Департамент пен әкімдіктердің бірлескен жұмысы нәтижесінде олардың 920 учаскесі жойылды.

Бұл үйінділер облыстың өңірлеріндегі тұрғындардан қоқыс жинаудың орталықтандырылмауынан, қатты тұрмыстық қалдықтардың заңдастырылған полигондарының жеткілікті санының жоқтығынан пайда болады. Бұл бағытта жергілікті полиция қызметі жұмыс жүргізеді. Ақмола облысының экологиялық проблемасына өңірдің кейбір аудандарында канализациялық тазалау нысанының жоқтығы жатады.

Ақкөл, Ерейментау, Атбасар, Шортанды, Бұланды, Астрахан, Жақсы, Аршалы, Біржан сал, Зеренді, Егіндікөл, Сандықтау мен Қорғалжын аудандарында ағынды суды тазалаудың проблемасы бар. Әртүрлі кәсіпорындарға тексеру өткізудің аясында департамент әкімшілік талап ету түрінде инспекторлық назар аудару шарасын қолданады. Департамент «1 санаттағы нысандар үшін мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру» және «1 санаттағы нысандар үшін экологиялық рұқсат беру» тәрізді мемлекеттік қызмет көрсетеді.

Жыл басынан бері мұндай 55 қызмет көрсетілді. Осы мезгілдегі Ақмола облысының бақылау инспекциялық жұмысының негізгі көрсеткіші жөнінде айтсақ, экологиялық заңнаманы сақтау бойынша шаруашылық субъектілеріне 14 тексеріс жүргізілді. Оның барысында экологиялық заңнаманың 40 бұзушылығы анықталып, 40 ескерту жасалды. 1 334 567 миллион теңге мөлшерінде 20 әкімшілік айыппұл салынды. Биылғы жылдың 5 айында қоршаған ортаға келтірілген зиянды қалпына келтіру бойынша 6 талап қойылды. «Көкшетау Су Арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қойылған талаптың 78 754 811 миллион теңгесі сотқа жіберілді. Бүгінгі күні бұл айыппұлдың 13 746 012 теңгесі өндіріліп алынды. Зертханалық аналитикалық бақылау бөлімі су ресурстарына 18, атмосфералық ауаға 11 тексеріс жүргізді.

Мемлекеттің экологиялық саясатын насихаттау, Қазақстан Республикасының табиғатты қорғау жағдайын түсіндіру, өңірдің барлық тұрғындарын экологиялық тәрбиелеу, бәрінен бұрын табиғатты сыйлау тұрғысындағы материалдар БАҚ беттерінде жарық көруде.

Бұл бағытта Ақмола облыстық экология департаменті тұрғындарды экологиялық тәрбиелеу үшін әртүрлі шара өткізеді. Ауладағы тұрмыстық қалдықтарды жинау, ағаш көшеттерін отырғызу, өзен мен көлдердің жағалауын тазалау бойынша экологиялық акциялар ұйымдастырады. Жыл басынан бері облыстық экология департаментіне жеке және заңды тұлғалардан 48 өтініш түсті.

Оның көбі қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға, ағынды суға, қар тазалауға, селолық округ әкімдерінің жайбасарлығына қатысты. Департамент басшысы мемлекеттік экологиялық сараптама өткізуге кеңес беру мәселесі бойынша азаматтарды төрт рет қабылдады. Барлық өтініштер Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, мерзімінде қаралып, өтініш берушілерге жауап берілді. Сөз соңында бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен құттықтағым келеді. Әр қызметкерге зор денсаулық, отбастарына амандық, еңбегінің жемісін тілеймін.

Қадырхан БЕЙСЕНБАЕВ,
Ақмола облыстық экология департаментінің басшысы.

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар