Жаздағы бір алаңдататыны – балалардың қауіпсіздік жайы

Осы тақырып төңірегінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев баяндама жасап, от пен судан болып жатқан балалардың қайғылы оқиғалары мен осы тұрғыда назарда ұсталуы тиіс қауіпсіздік шаралары туралы егжей-тегжей айтып берді.

– Ақмола облысында дем алатын және балық аулайтын 561 су айдыны бар. Биылғы жылдың 1 маусымында суға шомылу маусымы басталды. Алайда, мамыр айының соңғы күндері күннің қатты ыстық болуына байланысты адамдар қауіпсіздік шараларын ескерместен, суға түсіп жатқандығын байқадық.
Облыстың су айдындарында құтқару жұмысын жүргізу үшін департаменттің арнайы отрядында 61 кәсіби құтқарушы, 4 құтқару бөлімшесі бар. Бурабай, Зеренді, Қопа және Щучье көлдеріндегі сүңгуірлер бөлімдері де өз істеріне сақадай сай, – дейді Қанат Доспаев.

Жиын барысында алдын-ала жүргізілген қауіпсіздік шараларына қарамастан, тоғыз бала зардап шеккен сегіз жазатайым оқиға тіркелгені айтылды. Олардың төртеуі өкінішке орай, қайғылы оқиғамен аяқталған. Мәселен, жаз мезгілі басталысымен орын алған оқиғалардың бірі – Көкшетау қаласындағы көп қабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап түсіп, қайтыс болған баланың өлімі. Бұдан басқа, балалардың терезеден құлап түскен оқиғалары Көкшетау мен Степногорск қалаларында және Зеренді ауданында тіркелген. Әйтеуір, олар аман қалды. Бүгінде бұл балалардың барлығы ауруханадан шығарылып, үйлерінде.

Сонымен қатар, тілсіз жау, өрттің салдарынан Зеренді ауданында бір бала қаза тапқаны белгілі болды. Сондай-ақ, шомылу маусымы басталмас бұрын Аршалы ауданында екі жазатайым оқиға тіркеліп, екі бала суға батып кеткені анықталды.

– Жаз мезгілінде ата-аналардың өз балаларына аса жауапкершілікпен қарағандары абзал. Себебі, ыстық күндері көп қабатты үйлердегі терезелер ашық болуына байланысты, балаларға аса қырағылықпен қарау керек. Баланың аты бала, ісі де шала. Сол себепті бар жауапкершілік ата-аналарға жүктелетінін естен шығармағанымыз абзал.

Жаз мезгілі өрт пен судың, жазатайым оқиғалардың жиі болатын мезгілі, – деді департамент бастығының орынбасары өз сөзінде.
Қазіргі таңда департамент жергілікті әкімдіктермен, полиция департаментінің қызметкерлерімен, облыстық білім басқармасымен, облыстық туризм және спорт басқармасымен және басқа да мүдделі орындармен бірлесіп, профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізіп жатқандығын атап өтуіміз керек.

Мәселен, ағымдағы жылдың 10 маусымынан кейін департаменттің жедел-құтқару жасағы бөлімшелерінің базасында Бурабай, Зеренді, Қопа және Щучье көлдерінде балалар жағажайлары жұмыс істейтін болады. Онда департамент құтқарушылары балаларды суда жүзуге үйретеді деп жоспарланған.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 168 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар