Жетістіктермен бірге өзекті мәселелер де аз емес

Өткен сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде Целиноград ауданының әкімі Бахыдбек Оспанбеков бұқаралық ақпарат өкілдерімен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары, жалпы өңір тынысы туралы әңгімелеп берді.

Бірден айта кетуіміз керек, брифинг барысында журналис-тер тарапынан қойылған сұрақтар көп болды. Сұрақтар легі Қосшы ауылына қала статусы берілгенде болатын өзгерістер туралы, сол ауылдағы «Даймон Парк» тұрғын-үй кешенінің проблемалық мәселелері, аудандағы тіл саясатының ахуалы, жалпы ел көңілінде жүрген көкейтесті мәселелерді қозғады.

Алдымен, аудан әкімінің баяндамасына аз-кем тоқталып өтсек.
– Есепті кезең ішінде аудан бюджетіне 1,4 миллиард теңге сомасында салық және басқа да міндетті төлемдер түсті. Өнеркәсіпте өндіріс көлемі 13,5 миллиард теңгені өткен жылға қарағанда 113,3 пайызды құрады. Төрт айда ауданның жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 21 пайызға ұлғайды және қазіргі уақытта 3956 субъектіні құрайды. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша субсидиялау түрінде жалпы сомасы 217 миллион теңгеге 27 жоба, кредиттерді кепілдендіру түрінде 256 миллион теңгеге 19 жоба қолға алынды.

Жобалар өңдеу өнеркәсібін, құрылысты, сауданы, білім беру саласындағы қызметтерді дамытуға бағытталған. Индустрияландыру картасы және өңірлердің кәсіпкерлікті қолдау картасы мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда бір мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құрумен жалпы сомасы 28,6 миллиард теңгеге 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда,– деген аудан әкімі Бахыдбек Амантайұлы.

Ол жиын барысында инвестициялар мен агроөнеркәсіп кешендері, құрылыс пен ауыз су мәселелері, тұрғындарды жұмыспен қамту, жалпы ауданның экономикалық-әлеуметтік ахуалын тарқатып айтып берді.
– Тұтастай алғанда, қолайлы инвестициялық ахуал жасау және іскерлік белсенділікті ынталандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар 4 айда аудан экономикасын дамытуға 20,6 миллиард теңге тартуға мүмкіндік берді, оның ішінде 18,7 миллиард теңге – жеке инвестициялар, бұл ауданға тартылған инвестициялардың жалпы көлемінің 90,7 пайызын құрайды.

Төрт айда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі шамамен 8 миллиард теңге. Ағымдағы жылы 257,2 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары оның ішінде 9,2 мың гектарға майлы дақылдар егілді. Ірі қара мал, жылқы, қой және түйе басының 2 пайыздан 7 пайызға дейін артып отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,5 миллиард теңгені құрады. 87 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Нұрлы жер» және қала маңын дамыту бағдарламасы аясында осы жылдың басында Ақмол және Қосшы ауылдарынан 90 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, Ақмол ауылында 26 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда. Бүгінгі таңда 50 елді мекеннің 26-сы орталықтандырылған сумен қамтылған. Биылғы жылы Шұбар, Аққайың, Ынтымақ, Төңкеріс, Тайтөбе, Талапкер сияқты 6 елді мекенде жұмыстар аяқталу сатысында. 7 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, оларды іске асыру 2022 жылға жоспарланып отыр, – деді әкім өз сөзінде.

Сонымен қатар, аудан әкімі денсаулық, білім беру, мәдениет және спорт және тағы басқа әлеуметтік салаларда оң өзгерістер барын баяндап берді.
Сөз басында атап өткеніміздей аудан басшысына журналистер тарапынан қойылған сұрақтар көп болды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

 176 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар