Тойда тағылым болмаса…

Халыққа той тойлама деп айта алмайтынымыз анық. Алайда, пандемия кезінде аталмыш дерттің ушығып жатқандығын, аурудың да өз зауалы бар екендігін айтып жеткізу міндет. Ал, осындай қысылтаяң заманда өз өміріндегі белгілі датаны атап өте ме, жоқ па оны әркім әрқалай таразылайтыны бар. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желілерден байқап қаламыз, әлі де болса алаулаған қуанышын жасырмай, әгугайлап жүрген тойшыл қауымның қарасы көп. Бірі үйлену тойын, енді бірі сүндет тойды, біреулер мерейтойды дәмханаларда, мейрамханаларда, енді бірі ашық аспан аясында тойлап жатыр. Біреулер тығылып, енді бірі ашықтан ашық.

Біздің айтпағымыз тойдың өту өтпеуінде емес, сол тойдың өткізілу тәртібінде. Жиналған қауымның көңілін көтеретін асабалардың бір тойдан бір тойға жаттанды сценариймен келетіндіктері турасында. Ұзын-сонар, құрмалас сөйлемнен тұратын шұбалаңқы ойларының басы қайда, аяғы қайда түсіну қиын. Әдемі сөз тіркестерді жаттап алатын жас асабалар өздерінің не айтып тұрғандарын да түсіне қоймайтын тәрізді. Беташардан да мән кетті. Халық арасында хит болып жүрген дабырасы көп әндердің әуеніне салып мың түрлі құбылтатынын қайтерсіз? Қазіргі беташардың басты мақсаты – келінге ой салу, әулетпен таныстыру емес, көбірек ақша жинау, кімнің қанша қаражат салғанын бақылау болып табылуда.

Жаттанды сценарий дегеннен шығады, байқап қарасаңыз торт кесіп оның үстіндегі шырағдандарды үрлеп сөндіру, тәттіні тарату кез-келген тойдың ажырамас бөлігі болып кеткен. Мәселен, ол үйлену тойында да, тәй-тәй басқан бүлдіршіннің тұсаукесерінде де, тіпті, 80-ге келген әженің мерейтойында да оны ортаға шығарып, қолын қалт-құлт еткізіп тортты кескізіп, шырағданды үрлетіп, ағылшынша «хэппилеткізіп» қоятынымыз өтірік емес.
Оны айтасыз сол әжейлер отырысында анайы ойындар ойнатылып, жеңгелерге арсыз би билеткізіп, жеңіл әзілдер айтқызатынымыз қалай?!
Тойдың өзі біле-білгенге тәрбие құралы. Ұлттық салт-дәстүрдің атадан-балаға аманат етілген ұлы мұрасы емес пе еді? Ауылда өскеннен болар көненің сөзін көңілге түйіп өстік. Сондағы ата-әжелеріміз үйдегі жеңгелерімізге «жиған-тергенің тойға бұйырсын» деп отыратыны көкейде қалған. Яғни, тойдың өзі өнеге. Жан-жақты ұйымдастырылған жақсы тойдан ғибрат алып, рухани қуат алуға болады деген сөз.

Таяуда әлеуметтік желіден белгілі актер Жүсіп Ақшораның осы той мәселесі туралы айтқан бір пікірі есте қалды. «Баяғыда мерейтойды елге еңбегі сіңген танымал тұлғалар ғана тойлайтын болған. Яғни, елге жазушылар, ақындар, ел ақсақалдары сияқты тұғыры биік жандар ғана атап өтетін. Қалған былайғы жұрт мерейтойын дүркіретіп жасамай, өз ортасында ғана тойлайтын еді» деді ол.

Байқап отырсақ қазіргі «Келін түсіру», «Сүндет той», «Қыз ұзату» сияқты басқа жоралғылар дәстүрден алшақтап, өзгеріске ұшырағанын байқаймыз. Мәселен, үйлену тойында қалыңдықтың басынан асырып той гүлін лақтыруы, тіпті сол қалыңдықты ел көзінше етегін желп-желп еткізіп, аяғын жерге тигізбей көптің көзінше құшағына алып көтерудің өзі дұрыс па?

Керісінше, үлкендер жиналған отырыста ұлттық ойындарды жаңғыртып, салт-дәстүрлерден көрініс көрсетсе құба-құп емес пе? Базары тарқап бара жатқан көпті көрген жандар көне салт-дәстүрлерді жастарға үйретсе өздері де бір жасап қалар еді ғой. Ата-әжені ортаға шығарып, ескі ойындарды естеріне салып бір жаңғыртса жақсы емес пе? Ал, бізде қалай? Жастар мен қатар қарт әжелерді ортаға салып селкілдетіп жарыстыра билеткізеді. Немересімен жарыса билеген қарттарда не қадір қалады сосын?

Жиналып алып ішіп-жеу, әркім өзін көрсетуге тырысқан, сарқыт алып дарақылық таныту тойдың басты мақсаты емес қой. Той – халықтың қазынасы. Себебі, тойдың өзінде өнеге бар, ұлтты ұлт ретінде қалыптастыратын салт-дәстүр, ғибрат тұнған. Қазынаның қадірін білмесек, байлығымыздан не қайыр? Өскелең ұрпақ осыны ескерсе екен…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 146 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар