ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев инвестициялық белсенділік байқалған салалар мен өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға инвестициялардың өсімі 25,5% болды. Инвестициялардың өсуі құрылыста – 2,3 есе, өңдеу өнеркәсібінде – 82%, оның ішінде тамақ өнімдері өндірісінде – 24%, ақпарат және байланыста – 53%, ауыл шаруашылығында – 47%, сауда – 46%, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 29%, көлікте – 19% деңгейін көрсетті», — деді Ұлттық экономика министрі бүгінгі Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, биылғы қаңтар-сәуір айларында сыртқы сауда тауар айналымы 28,1 млрд доллар болды, оның ішінде экспорт – 16,7 млрд доллар. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 16,2%-ға өсіп, 5,4 млрд долларға жеткен. «Тауарлар импорты 11,4 млрд долларды құрады. Осылайша 5,3 млрд доллар деңгейінде оң сауда балансы қамтамасыз етілді. Өңдеу өнеркәсібі өнеркәсіптік өндіріс динамикасындағы үрдістерді айқындауды жалғастыруда. Өсім 7,2%-ды құрады. 14 өңір өңдеу өнеркәсібінде оң қарқын көрсетті.
Ең жоғарғы көрсеткіш Алматы қаласында, Алматы облысында және Нұр-Сұлтан қаласында байқалуда. Өңдеу өнеркәсібінде төмендеу 3 өңірде тіркелді. Олар – Батыс Қазақстан, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары», — дейді Ә. Ерғалиев. Министр көптеген өңірлерде жоғары инвестициялық белсенділік байқалғанын атап өтті. Ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан және Павлодар облыстарында, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында байқалады. Инвестиция көлемінің төмендеуі Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында тіркелген.
Дереккөз: www.inform.kz/