Ауылдағы азық-түлік бағасы екі есе қымбат. Оны кім бақылайды?!.

Қазіргі таңда елімізді ғана емес, әлемді дүр сілкіндірген пандемияның әлі де болса қауіпі сейілген жоқ. Қалың жұртшылықтың аурумен арпалысып келе жатқаны белгілі. Осындай қысылтаяң сәтте, «сүрінгенге жұдырық» болғандай, тұрмыстың да бір бүйірден қысып жатқаны өтірік емес.

Күнделікті алып жейтін азық-түліктің бағасы сағат сайын күн райындай құбылмалы. «Базарға қарап тұрсам, әркім барар» деп хакім Абай айтпақшы, қарапайым халық күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың басым көпшілігін базардан сатып алатыны жаңалық емес. Ал, ондағы ахуал өмірдің боямасыз өз көрінісі.

Қаладағы бағаның өзі жалын сипатпаса, ауылдағы бірлі-жарым дүкендердегі бағаны кім бақылайды?! Ондағы дүкен иелерінің кілті аспанда. Тіпті, ауылдағы дүкендердегі баға шарықтаса, «қой дейтін қожа, әй дейтін әже жоқ». Себебі, елдегі тұрғындардың барлығы күнделікті азық-түлікке азын-аулақ зейнетақылары, мардымсыз жәрдемақылары мен еңбекақылары жетпеген соң, тамақты кейінге қаратып, жаздырып алып, сол дүкен иесіне ай сайын қарыз болып шығады. Тіпті, зейнеткерлер өз зейнетақысын бір тиынына дейін қалдырмай санап, дүкеншінің қолына ұстата салатын жағдайлар да болып тұрады екен. Мұндайда тұтынушының көбі өзіне тәуелді екенін білетін дүкен иесі «өзім білемге» салынбағанда, кім салынады?! Расында, кез-келген ауылдағы дүкенге бара қалсаңыз «Қарызға жазып қойшы, айналайын» деп тұратын апаларды көретініңіз өтірік емес. Осы орайда, ауылдағы азық-түлік бағасы екі есе қымбат болса да, бұған бақылау неге жоқ деген ойда қаласың…

Соңғы жылдары бағаны ауыздықтау үшін өңір-өңірде бағаны тұрақтандыру қоры құрылған. Заң бойынша тұрақтандыру қоры облыстар, республикалық маңызы бар қалалар аумағында құрылады. Осыған орай, облыс орталығында әлеуметтік павильондар ашылып, халықтың басым бөлігі базар мен дүкендегіден арзандау бағамен сатылатын азық-түлікті осы сауда нүктелерінен алып, тұтынуда. Алайда, мұндағы бағаның өзіне былайғы жұртшылық күмәнмен қарай бастады.
– Сұйық май сатып алайын деп бір емес, бірнеше рет келдім. Қашан сұрасаң, жоқ. Лауазымды тұлғалар келіп тексергенде ғана сөрелерде сұйық майдың да, басқа да азық-түліктердің бағалары қолдан жасалып, арзандау бағамен сатылады. Өткенде әкім келеді деген күні картоптың бағасы 90 теңгеден сатылып еді, ізінше 200 теңгеден қайта сатты. Мұндай көзбояушылықты қашан қояды екенбіз? – деп қынжылады күйінгеннен көп балалы ана Жұмажан Жаныбайқызы.

Оның айтуынша, өзі ауылда тұрғанымен, қаладағы немерелерін бағып-қағу, бір сөзбен айтқанда, бала-шағасына жәрдемдесу үшін қалаға келсе керек.
– Балалар бірінен соң бірі ауырып әбігерге түстік. Өздері пәтер жалдап тұрады. Осындайда жас отбасыларға мүлдем қиын. Күндегі азық-түлікке кем дегенде үш мың теңге көлемінде ақша кетеді. Айналайындар, ауылға көшіңдер, дейін десем, ол жерде де арзан дүние, дайын тұрған жұмыс жоқ. Таяуда қызым үйдің жанынан (Алтынсарин көшесіндегі, 65 үйде) жаңадан ашылған «Көкше-Маркетте» азық-түлік бағасының арзандау екендігін айтып, қуанып келген. Бірақ, көп өтпей, мұнда да баға тұрақсыз екендігін байқап қалдық. Осындай халықты алдаудың, көз бояушылықтың қажеті қанша? – дейді ол сырын жасырмай.

Осы сөз, осы ой жалғыз Жұмажан апайдың емес, көптің көкейінде екенін байқайсың. Тәп-тәуір бастаманы осы істің төңірегінде жүретіндердің қолдан құрытып алатыны өкінішті-ақ. Жалпы әлеуметтік павильондарды ашудағы басты мақсат – халықты бағасы нарық құнынан төмен азық-түлікпен қамтамасыз ету. Ал, біздің көздегеніміз не? Осындай көріністер көңілге қаяу түсіретіні болмаса, жалпы бұл идеяның түпкі мақсаты дұрыс қой. Ол айнымай орындалса, халыққа зор көмек емес пе?!

Осы орайда әлеуметтік павильоны да жоқ, ондағы бағаны қадағалайтын тұрақты қоры да жоқ, ауылдың халі айтпаса да түсінікті-ау. «Адамды заман билемек, заман оны илемек» деуші еді үлкендер. Қымбатшылық, күрмеуге келмейтін жалақы, ай сайынғы несие… Адамды заман илеп тастады деген осы-ау! Алайда, қу дүниенің соңынан жүгіріп, тазы боп шалғандар біреудің тіршілік шырмауында, күйбің дүниенің құрсауында қалғанын қайтсін?!.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 278 total views,  44 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар