Салт аттылар сапарға шықты

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризм федерациясының ұйымдастыруымен салт аттылардың көп күндік экспедициясы шықты. Салт аттылардың экспедициясы Целиноград ауданы аумағындағы ежелгі Бозоқ қаласынан бастау алды.

Ортағасырлық Бозоқ қаласы Ұлы Жібек жолындағы қыпшақ билеушілерінің әскери ордасы болған. Бозоқтың гүлденуі түркілердің арасында қыпшақтардың беделі артқан X-XI ғасырға сәйкес келеді. Осындай ежелгі қаладан бастау алған экспедицияға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық музейі, Ақмола облысының әкімдігі, Ботай қорық-музейі қолдау көрсетіп отыр.

Алғаш рет алыс қашықтыққа ұйымдастырылған экспедиция Нұр-Сұлтан-Жидебай бағытында 1000 шақырымды бағындыруға жоспарланған. Бұл – Қазақстан тарихында алғаш рет 1000 шақырымға созылатын тарихи сапар. Экспедиция Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, облысы жерлеріндегі Олжабай батыр, Едіге би, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Бұқар жырау, Абай-Шәкерім кесенелері, Қоянды жәрмеңкесінің орны, Торайғыров музейі т.б. қатарлы киелі, тарихи орындарды аралайды.

Экспедицияның құрамында Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының өкілдері – тарихшылар, медицина қызметкерлері, БАҚ өкілдері, ақындар болады.

Сапардың негізгі мақсаты – еліміздегі тарихи жерлерді салт атпен аралау, Елбасымыздың «Атқа міну мәдениетін» насихаттау, жастардың тарихымызға, киелі жерлерге деген құрметі мен қызығушылығын арттыру.

 182 total views,  32 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар