Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қаламгер Шынар - АРҚА АЖАРЫ

Қаламгер Шынар

…Бір күн емес, бір түн емес, тіпті бір аптада емес-ау, Шынар апаймен болған сұхбаттан кейін ол кісінің Бахтияр бала туралы айтқан әңгімесі ойымнан шықпай қойды. Мен танымайтын, тіпті жүзін де көрмеген, сол балдырған баланың тағдыры туралы ой көңілден көшпеді. Жалпы кез-келген мақаланың жүрегі, өзегі тақырыбы ғой. Журналист Шынар Бекмағанбетқызы жазған сол мақала «Сен бақыттысың, Бақтияр!» деп аталады екен. Тақырыбының өзінде өмірдің өзі тұнып тұрғандай. Міне, шыңдалған журналист шеберлігі дәл осындай болса етті!

Журналист болу – жүректің кеңдігінен. Кез-келген адамның тағдырын, қуанышы мен қайғысын, өзегін өрттеген мәселесін, әлде бір алаулаған қуанышын жүрекпен түйсіну, көңілге түйіп оқырманына ой саларлықтай етіп оқырлық мақала жазу әсте оңай-оспақ шаруа емес. Өз ісіне аса ыждаһаттылықпен, зор жауапкершілікпен қарайтын Шынар Бекмағанбетқызы да қаламының қуатымен қаншама адамға жәрдемдесті, жығылғанға тіреу, жылағанға сүйеу бола білді.

Себебі, Шынар апай өз мақаласында көбік сөзді көлденең тартпайды, орамды ойын көркем тілмен көмкеріп, мәселе мәнісіне байыппен бара біледі. Өзгеге үлгі боларлықтай өзіндік дара стилі, жазу машығы қалыптасқан қаламгердің қазақ журналистикасына қосқан үлесі сүбелі. Оның әрбір мақаласында адамзат баласына деген алапат жылулық сезім боп аңқылдап тұрады.

Шынар Бекмағанбетқызының жазған этюд, новелларында кез-келген адам байқай бермейтін сұлулық, өмір иірімдері тұнып, бақыттың иісі аңқып тұрғандай. Соларды оқи отырып, жан баласының өмірге деген сүйіспеншілігі, махаббаты арта түскендей сезімде болатыны бар. Сонау арайлы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтты тәмамдасымен әдебиетке ден қойып, табиғи талантын шыңдай түсті. Осы жылдар аралығында Шынар Бекмағанбетқызы облыстық «Көкшетау правдасы», қалалық «Көкшетау», аймақтық «Бұқпа!» газеттерінде еселі еңбек етті. Журналистика саласынан зейнеткерлікке шыққан Ш.Бекмағанбетқызының әлі күнге дейін сүйікті басылымдарына мақалаларын жіберіп, қолынан қаламы түскен емес. Ол қазіргі таңда «Бұқпа!» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Журналист апаймен сұхбаттаса отырып, бізді таңқалдырып, тәнті еткені ол өміріндегі әрбір сәтті, газетке жазған әрбір кейіпкерді ұмытпағаны ерекше бір сезімге бөледі. Сонау Степняктағы сауыншының неше сауын сиыры болғандығын, анау бір жатақханадағы әжейдің ауыр хәлдегі жай-күйі, шалғайдағы Уәлиханов ауданындағы өлім аузындағы Ақмаржанды іздеп барғаны туралы егжей-тегжейлі әдемі әңгімесін тыңдай отырып, журналистің жүрегіне бар әлем сиып кетердей кеңдік барын байқадық. Газетке шыққан алғашқы мақалаңыз есіңізде ме дедім мен де апайды сөзге тартып. – Әрине, қарғам.

Жалпы менің журналистика саласында еңбек етуіме зор ықпал еткен «Көкшетау правдасы» атты облыстық газеттің ұжымы еді. Осы шығармашылық ортада жампоз журналистердің жанында жүріп еңбек етудің өзін бақыт санайтынбыз. Мен мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ, шығарманы өте жақсы жазатынмын. Этюд, новелла жазуды да машықтанып алған едім. Өз басым табиғат аясында серуендегенді сүйемін. Сондай сәттерде жүрегіме сөз жеткізгісіз жылулық орнайды, көңілім гүлге оранып, нұрға бөленеді. Мұны қалай ғана қағазға түсірмейсің?! Үйге келемін де көңілге орнаған гүл көріністі қағазға түсіріп жазып қоятынмын. Әлі есімде сәуір айының соңғы күндері, «Армысың, ару Май!» деген новелла жаздым.

Бірақ, жазғанымды журналист ағаларға көрсетуге жасқанатынмын. Қорқынышымды іштей жеңіп, сол кездегі газеттің жауапты хатшысы Нұрхан ағайға жасқана барып, қолымдағы жазуды ақырын ұсындым. Аға тақырыбын көзбен шолып шығысымен, ертерек бермедің бе деді де мақаламды жазу үстеліне қойды. Жүрегім өз орнына түскендей болды. Себебі, ол кісі, ұнатпаған мақаласы болса көзін салып қарамайтын турашыл мінезді болатын. Ол кезде қазіргідей компьютер, заманауи технологиялар жоқ қой. Газет қолмен жасалады. Сол себепті мерекелік нөмірлер бір ай бұрын жасалып қоятын еді. Кейін білдім, жасалып қойған мерекелік нөмірдің бірінші бетін қайта бұзып, менің осы мақаламды жариялаған екен. Бұл мақала менің журналистика саласына жол салып берген алғашқы мақала,–дейді апай сол жылдарды еске алып.

Шынар Бекмағанбетқызының қаламынан «Сен бақыттысың, Бақтияр!», «Атың қандай әдемі еді, Ақмаржан!», «Дәмештің даңғыл жолы!», «Шаңырағыңда шал жатыр», деген тақырыптарда бірде мөлдіреген мөлтек сырларға толы жүрек тебірентер сыршыл мақалалар жарық көрсе, енді бірде түйіткіл өмір шындығын ашық жазып жүр.

Еселі еңбек еш болмас деген. Осы еңбегі үшін облыстық, қалалық байқауларда да топ жарып, талай рет Алғыс хаттармен марапатталған. 2012 жылдары республикалық журналистер байқауында да топ жарып, қаржы тақырыбында жазатын қаламгерлер арасында жүлделі үшінші орынға ие болды. Өткен жылы Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен де марапатталды. – Өмірдің маған берген басты сыйы – алтын қызым мен жиендерім. Ал, журналист болу – тәңірден. Жазған мақаламнан бір оқырман ой түйсе бақыт емес пе?! Қаламгер үшін ең бастысы халықтың ықыласы ғой, –дейді апай өз сөзінде. Алақанында аялап өсірген ақылына көркі сай қызы Дана да болашағынан зор үміт күттіретін журналистердің бірі.

Замана жүгін нәзік жүрегімен түйсініп, халқының мұң-мұқтажына бейжай қарай алмайтын Қарлыкөлден қанат қаққан қаламгер қыздың ғибратқа толы ғұмыр жолы осындай.

P.S: …Шынар апайдың мақалаларын бірінен-соң бірін бас алмастан оқып шықтым. Өмірдің қас-қағым сәттерін жадыңнан өшпестей өрнектеп жаза білетін қаламгер талантына еріксіз тәнті боласың. Өмірдің лүпілін, тіршіліктің тынысын тамыршыдай дөп басқан ерекше қабілетке ие, жүрегінде көзі бар жампоз журналистке жазарыңыз таусылмасын, әманда дейміз біз де!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар