Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
АБАЙ МЕН ӘЛЖАН ҚАЖЫНЫҢ ҚҰДАЛЫҒЫ - АРҚА АЖАРЫ

АБАЙ МЕН ӘЛЖАН ҚАЖЫНЫҢ ҚҰДАЛЫҒЫ

Әбділпар Уәлиұлы Жайсанов 1937 жылы бұрынғы Семей облысына қарасты Көкпекті ауылында дүниеге келген. Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген. 22 жыл аудандық газеттерде редакторлық қызмет атқарған. Осы жылдар ішінде «Ғұмыр керуен», «Өнегелі өмір», «Сағыныш болған қос бейне» кітаптары мен «Сағындым сені, қос сұлу» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. 85 жасқа аяқ басса да, газет-журналдардан байланысын үзген емес. «Еңбек ардагері», «Тылда еңбек еткені үшін» медальдарының иегері. Отбасы жағдайына байланысты Көкшетау қаласында тұрып жатыр. Жазу барысындағы ұстанымы – кітаптарындағы кей деректерге тек бүгінгі жарық дүниеде жүргендерді куә ету.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басына бұрынғы Семей облысы бойынша жаңадан Шар ауданы бой көтеріп, соған әр саланың білікті, ұйымдастырушылық қабілеті бар, тәжірибеден өткен мамандар жан-жақтан шақырылып жатты. Солардың қатарында журналист ретінде мен де бар едім. Алғашында редактордың орынбасары, біраздан кейін редакция тізгінін ұстадым. Өмірі аяғымды басып көрмеген жерім – Шар өңірінің дәм-тұзы осылай тартты.
Жалпы Шар – бағзы заманнан көшпенді қазақтар мекендеген құтты қоныс. Мен кездесіп, әңгімелескен сол кездегі көнеқұлақ қарттар Сейітқазы Тәшекенов, жергілікті ақын Қалел Рақымбаев, Нұғман Жағыпаров, Нәдір Кенбаев, ғалым Қайыртай Керейбаев ауылдың бұрыңғы аты «Ағынды» болыпты дегенді айтатын. Ал, кейінгілер Шардың іргетасының қалануын 1928 жылдан деп, Түрксіб теміржолының құрылысымен байланыстырады. Бұған да талас жоқ. Ауылдың аумағы кеңейіп, жұмысшылар поселкесіне айналды. Дүрілдеп өсіп, халқының саны көбейіп, 1960-жылдардың ортасынан қала статусын да алды. Не десек те барлық атаулар Шар өзеніне байланысты.

Ертеректе, тіпті жаздың бір ортасына дейін өткел бермеген, арнасы ортаймаған. Өзеннің ұзындығы 260 шақырым, су жайылатын алқабы 15 мың шақырым. Қалба тауынан оңтүстік-шығыс беткейінен басталып, Ақши ауылының тұсынан ұлы Ертіске құяды.
Негізінен Сарыарқа мен Алтай тауларының шекарасын басып ағады. Суы тұщы, әрі мөлдір.
Шар – кейбір ғалымдардың зерттеу, топшылауы бойынша бұл атау моңғолдың «сары» немесе «өгіз» деген сөздерінен туындаған. Олардың Шарын атты өзенімен мәндес дегенді көлденең тартады.

Шар аймағына алыстан мұнарланып Делбегетей тауы көрінеді. Сай-саласы ну орман, шілде айының ортасына қаулап өскен шалғыны, ұйыса біткен қараған-тобылғының биіктігінен кіріп кеткен аттың құлағы көрінбейді. Саумал ауасы жаныңа дауа. Жартасты тауының жотасы мен жонынан жолбарыс жортып, арқар мен таутекелері құз басында ойнақтап, қасқыр, түлкі, тіпті қарсағына дейін жыртылып айырылысқан деседі. Қазақ даласының архивіне айналған аңыздар мен жыр-дастандар да осыны мезгейді. Осынау жер ұйығының бірі болған өлкеге сәл де болса тоқталуым – мұнда ұлы Абай, тау тұлғалы Құнанбай болған. Бір емес, бірнеше рет. Осы Делбегетей тауының баурайында Абайдың Әлжан қажымен құдалығы бастау алған. Мұнда 1885 жылы қазақ тарихында алтын әріппен жазылып қалған – Қарамола съезі немесе Қарамола жәрмеңкесі өткен.

Күн тәртібінде ел арасындағы дау-дамайды, қарша бораған арыздарды шешу үшін Семей губерниясына қарасты Зайсан, Өскемен және Семей ояздары мен би-болыстары, белгілі адамдары бас қосады. Абай төбе би болып, 93-баптан тұратын заң қабылданып, мұның аяғына қолдарын қойып, мөрлерін басушылардың ішінде Әлжан болыс та бар. Дәл осы тұста Абаймен төсқағысып құда болған Әлжан қажы жайында оқырмандарымызға бірер дерек.
Әлжанның жасы Абайдан үлкен, 1835 жылы туып, 82 жасында қайтыс болған. Найманның Тілесінен тарайтын Құттымбет. Құттымбеттен қалмақ-жоңғар соғысында асқан ерлік көрсеткен Жалаңаш батырдан Назар, одан Әлжан. Ұзақ жылдар би әрі болыс болған адам. 1880-1881-жылдары қажылық парыз өтеген. Зерделігімен, шешендігімен де жұрт назарына ілінген. Былайша айтқанда жеті атасынан қаракөктің өзі. Сәл алға жүгірсем Абайдың бұл өңірден қыз алуы тектіліктің төріне көз жүгірткендігі де болар. Оны өзі де:
…Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма…» –
демей ме?! Әлжан Абайды сырттай талай көргенімен жақын жанасудың сәті түспейді. Алғаш кездесулерінің екі түрлі тұспалы бар. Соның біреуіне тоқтайын.

… Бірде жолаушылап Семейге келеді. Әлжан келіп түскен үйде тағы бір қонақ бары белгілі болады. Сұрастырса Құнанбайдың Ибрагимі болып шығады. Қонақ үстіне қонақ болғысы келмейді. Оның үстіне Абай! Бұрын бірер түскен үйі болғандықтан үй иесі ерекше ниет білдіріп, жігі-жаппар болғандықтан жаурап келген Әлжан не де болса қонуға бел байлайды. Ат үстінде суық сорып, шаршап келген ол шайдан кейін бойын жылыту үшін пешке арқасын сүйеп отырғаны сол еді, бір шаруасымен кетті деген Абай кіріп келеді. Киім киісі, барша қимылы өзгелерден бөлек. Алакөлеңкеде пеш түбінде отырған адамды байқамай қалды ма, әйтеуір төрге оза береді. Әлжанның сәлем беруін бас изеумен ғана қабылдайды. Дастархан басында да қысқа қайырымды сөздерден озбады.

Әлжанға бұл алғашқы кездесу ішкі дүниесінде өкініш аралас із қалдырады. Көбіне өзін кінәлады. Дегенмен, бір елдің мырзасы, болысы, қажы атағы ойына түсіп кеткенде Абайды тәкаппар деп санады. Өзін қанша жұбатқанымен бойын өкініш билегендігі шындық еді. Енді кездесе ме, жоқ па, ондай сәт туа ма ол – Жасағанның қолында деп түйді. Алайда, түптің-түбінде әр нәрсенің өз орнына келеріне, өкінішінің қайырмасы боларына сенді. Сенімі алдамады.

Міне, арада бір жыл өтпей Әлжан мен Абай тағы кездесті. Ол Қарамола жәрмеңкесінің орналасқан жері Делбегетей тауының оңтүстігі, Шар өзенінің бойы. Осында Абай мен Әлжанның бір-бірімен жақын таныстығы басталады. Араларында түсіністік орнайды. Бұл түсіністікке мұрындық болған Әлжанның өзі еді.
Жиынға ертерек келген Абайға арнайы сәлем береді. Дәл осы жолы балалары, жанына ерген жолдас-жораларымен күні бұрын арнайы Шар өзенінің бойына тіктірген он екі қанатты үйге қонаққа шақырады. Абай шақыруын қабыл алып, үлкен жиын біткеннен кейін баратынын айтады.

Әрине, бұған дайындық та бірер күн бұрын басталған. Қонақтары кірген бетте дастархан сәнін беріп, адамның таңдайын тамсандыратын қазы-қарта, жал-жая, ерте жетіліп, сүбе қабырғасы майдан жіңішкере бастаған бағланның тоңазытылған еті, мәйек қосып қайнатқан қызыл ірімшік, тұсақтың сүтінен дайындалған жұдырықтай әппақ құрт, бауырсақ сияқты тағамдар тіреліп-ақ тұр. Бабына жеткен, жиегін күміспен қаптаған ағаш ыдыста иегіне дейін толып тұрған бесті қымыздың иісі мұрныңды жарады.

Қазақтың бұрыннан келе жатқан салты бойынша мұндай қадірменді қонақтарға шәй құйып беруі үй иесінің оң жақта жетіп отырған қызына жүктеледі. Қонақтар жайғасқан соң үстінде қос етек көйлегі, басында кәмшәт бөрік, қынама бел камзол, аяғында өрнек салып тіктірген оймақтай етік, тақымынан құлай түскен қос бұрым осының бәрі жарасып тұрған Әлжанның он жетіні жаңа басқан қызы Сақыпжамал асқан бір ұяңдықпен отырғандарға иіліп сәлем беріп, қонақтарды күтуге кіріседі. Қимылында мін жоқ. Бір кесе сылдырамай, бір мөлшерде құйылған шәй ұсынылып отырылады. Есіктен тек алдымен шығып, алдымен кіреді. Бүкіл отырыс бойына үнін шығармай, асқан ептілік байқатады. Осының бәрін көріп отырған Абайға қыз қатты ұнаса керек-ті.

Осы жолы Әлжанды жақын тарта сөйлеп, арадағы жақындықты шыңдай түсуге ниет білдіреді. Абай осының бәрін қазаққа тән мақаммен, батыл байғаммен білдіріп отырады. Абайдай асылдың түпкі ойын Әлжан да бірден түсінеді. Арада көп ұзамай Абай кісі жіберіп, Сақыпжамалды Әйгерімнен туған Тұрағыұлға айттырады. Қызды алып қайту салтанаты алдағы қыс пен көктемді артқа салып, шілде айына белгіленеді.

***

…Қыз ұзатылар жақтың тойға әзірлігінде қапы жоқ. Семей, Өскемен, Кереку, арысы Көкшетаудан келетін қонақтар күні бұрын іріктеліп, ерте хабарланған. Шеттен келетін сәйгүліктер, палуандар, айтыс ақындары мен әнші-күйшілерінің өнеріне төтеп беретін топ жасақталуда. Саба-саба қымыз, сойыс малдары, ақ шағала үйлер тігіліп, қонақтарды қарсы алып, күтетін жігіттер иненің көзін өтсе, сұлу қыз-келіншектер мың бұралады. Жер ұйығы деп есептелген қыздың мойнына тағатын алқадай көлдің айналасы атшаптырым. Ауыл тұрғындары оны бүгінге дейін «Әлжан көлі» деп атайды. Осы көлдің маңына көктем шығар-шықпастан арнайы қарауыл қойылып, мал тұяғын тигізбеді.

Шыңғыстан келетін құдалар, әсіресе, жастар жағы да қамсыз отырмаған-ды.
Әлжан ауылына аттанар күн таяған сайын құдалыққа еріп баратын Әлмағамбет те ширыға түседі. Өйткені, Абай өлеңдерінен бастап сол кездегі Біржан, Ақан сері, Ағашаяқтың әндері ол өңірге таңсық емес екен. Әлмағамбет Ақылбайға келіп: «Ақыл аға, матайлар сауыққой, өнерлі ел дейді. Әнші ауылдан келген құдалардан бұрын естімеген жаңа ән тыңдағымыз келеді десе, не дейміз, бір ән тауып беріңіз», – деп өтінеді. Сол арада: «Бір ән тауып Әлекең бер деген соң, матай да бірталай жер деген соң, әу дегеннен ойыма осы ән түсті, құлаш-құлаш қолымды сермеген соң», – деп басталады.

Тегінде бұл ән Делбегетей өңірінде өткен Тұрағұл мен Сақыпжамал тойында алғаш орындалды. Оны өнершіл жастар қағып алып, Ақылбай ағаның әні деп асқақтатты.
Сақыпжамалды алып қайту тойына құдалар тобын бастап Абайдың өзі жолға аттанады. Әлжан Абайды күндік жерден болмаса да ара қашықтығы жиырма шақырым Шар өзенінің бойынан қарсы алуды күні бұрын тиянақтап, қасына он шақты өнерлі, жөн-жосықты жете білетін жастардан ғана іркітеген. Межелі тұсқа қонақтардың жетуін дәл болжағанымен атқа ертерек қонды. Абай тобын осы жерде сәл демалтып алуға барлық әзірлік алдын ала жасалынған. Әлжандар аттан түсіп, қонақтар келер тұсқа көз салғаны сол еді, «Қаракезеңнен» құлай түскен салт аттыларды көрісімен Әлжандар жаяулатып солай ақырын аяңдады.

Ұзын қарасы жиырмадан асады. Алды Абай. Есік пен төрдей тортөбел ат басын шұлғып, аяғын әсем басып, міне, келіп те қалды. Бірінші болып Абай атының тізгінін Әлжан өзі ұстап, жайлап түсірді. Төс қағысып, аман-сәлемдерін жасасты. Көк шалғанға, ашық аспанның астында жайылған бір түстес кілем үстіне Абай отырғаннан кейін ғана басқалары байсалды сабырлылықпен жас шамаларына қарай малдас құрысты. Алдымен қымыз сапырылып, арнайы әзірленген астан алысты. Екі жақ та ел-жұрт амандығын сұрасып, әңгіме кілтін аша бастады. Абай сөзін бөлгенді былай қойып, бәрі де ақын ағаларының қабағын бағып, орынды жерінде ғана әңгімеге кірісіп отырды.

Делбегетей, оданда тысқарыға есімі белгілі болып келе жатқан жас ақын Дүйке бірінші болып құдаларға арнаған шағын толғауын төгіп берді. Дәл осы Шар бойында той басталып кетті десе де болады. Күн төбеге көтеріле атқа қонысты. Бұл жолы бағанадан көз жазбай осы арманды сәтті жіберіп алмауды мақсат еткен Дүйкеге Абайды қолтықтап атқа отырғызу бақыты бұйырды.

Құдалар Әлжан ауылына таяп, «Салқынбелді» асқанда өздеріне қарай қопарылып келе жатқан ауыл жұртшылығын көріп тізгіндерін тежеді. Бұл көрініске Әлжанның өзі таңғалды. Үлкен-кішінің аузында «Абай аға, Абай ақын, ақын аға» сөзі жер-көкті жаңғыртып, ұранға айналған. Жол берер емес. Абай атынан түсіп, кеудесіне қолын қойып, алға ұмтылғандарының бірерінің қолын алып, ишарат білдіруі сол еді, қарсы алушылар сеңдей соғылып қозғалды. Бәрі де Абайдың қолын алу. Сәлем беру. Кенет Әлжан қажы қолын көтеріп: «Ағайындар, менің ауылдастарым, Абай мырзаға, оның серіктестеріне көрсеткен кұрметтеріңе Алла разы болсын! Құдалар алыстан, Шыңғыстан келе жатқанын білесіздер. Әлі кездесесіздер. Енді жол беріңіздер», – дегенде қалың жұрт қақ бөлінгенімен топтан қалмай аттай желді, бәрінің көзі алда келе жатқан ұлы адамда еді.

***

Осылай алыс-жақын елдің игі жақсылары жиналып, жоғарыда айтқанымдай халық болып қаумалаған ұлы дүбірлі той үш күнге созылып, балуан түсіп, қыз қуу, жерден теңге алу тағы басқа да ойын түрлері шырқау шегінде. Әрине, тойшылардың асыға күтетіні аламан бәйге. Мұның ұлы ақынға қатынасы бар тұстары, аңызға бергісіз сырлы әңгімелері бар.

Алыстан келген айтулы қонақтар әнші-күйшілерімен қатар елінің даңқын көтерер тұлпарлары мен су жорғаларын әкелген. Аламан бәйге қашықтығы алпыс шақырым, ат саны сексеннің үстінде.
Жанкүйерлер болжамы алуан түрлі. Дегенмен, Өскемен, Семей өңірінде он жылдан астам бәйге бермей жүрген Сәдібектің «Қарашегірі» мен сонау Құлагер өліміне себеп болған Батыраштың қос теңбілкөгінің ұрпағы, Тұрлыбектің «Үкібасы». Тегінде Батыраш Өскемен аймағының тумасы. Заманында қолынан бәйге үзілмеген. Жылқы тұқымын асылдандырумен айналысқан. 2003 жылы, зейнеткерлікке шыққаннан кейін Батыраш ұрпағы бар дегенді естіп, біршама іздестіргенім бар. Ол деректер өз алдына үлкен әңгіме.

Жалпы Сәдібек сарытаз руынан. Қазіргі Жаңғызтөбе, Қарашоқы жаз жайлауы, қыс қыстауы болған. Сарытаз, Қаратаз елінің сөзін ұстаған, билік айтып, елін бірлікке шақырған адам. Сәдібек сыншы да болған. Абай осымен «Қарашегірдің» үшінші бәйгесін көреді. Бұл бәйгенің қолға түсуі өз алдына жеке әңгіме. 2008 жылы Жарма ауданының 80 жылдық тойына белгілі журналист Әлкеш Сәтпеков екеуміз «Құт дарып, бақ қонған ел» деген кітап жазып, соған «Сәдібектің Қарашегірі» деген деректі әңгімемді енгізгенім бар.

***

… Аттардың қайтар мезгілі болды-ау деген кезде Әлжан, Абай бастатқан топ атқа қонып, күні бұрын белгіленген биік төбеге шығып, алысқа көз тастасады. Әне, түйдек-түйдек шаң да көрінді. Қозы өріс алда келе жатқан жалғыз қара зуылдап келеді. Жер апшысын қуырып, міне, таяп та қалды. Тостақан бұлттай шаң түйдек-түйдек артта қалып, әп-сәтте құдды буға айналып кеткендей. Құлай аққан тау өзеніндей тұяқ дүбірлері таяған сайын қаншама жүректер соғысын жиілетіп, тіпті ауызға тығылуда. Ерекше тәртіп сақталғанымен, бір әңгүдік бастаған топ бәйге келе жатқан жаққа лап қойды. Бұл кезде аузынан көбігін шашып, ауыздығын тістеп алған жалғыз қара көмбеден зу ете түсті. Сәдібектің «Қарашегірі» екендігіне еш күмән қалмады. Жануар аң тағысына шүйіле аққан дерсіз-ау?!

Тіпті құйрық тістесе келген ат болмады. Ауыздығын мықтап тістеп, үстіндегі шабандозға күш бермей, көмбеден ұзай берді. Айқай-шу екілендіріп шабысын үдете берген бәйгені ұшқыр атқа мінген Сәдібек әзер тоқтатып, «Қарашегірдің» тізгінін өз жетегіне алып, Абайлар тұрған төбеге бет алды. Таяған кезде атынан түсіп, жиналған топқа жалпы сәлем берді. Абай «Қарашегірдің» қанталаған көзіне қарап, тағы осындай қашықтықты аларсың-ау деген таңданысын тіс жарып аузынан шығармады. Жүйріктің дене бітіміне, келбетіне ұзақ қарады, Үн жоқ. Абай не айтар екен деп күткендер де ауыз ашпады. Оның тылсым сәтін ешкімнің бұзғысы келмеді.

Дәл осы тұста «Қарашегірдің» Сәдібек қолына қалай түскендігі жайында айта кетсем, атқұмар қазақтың ешқайсысын бейжай қалдыра қоймас.
…Жалпы Сәдібекке мыңның үстінде жылқы біткен. Осы жылқыларының ішінде «Құндызқара» айғырдың үйірін ерекше іріктеп, жүйрік шығар-ау дегенін осы үйірден таңдап отырған. Осы айғыр үйіріне екінші бір үйірден құлын күнінде санын қасқыр тартқаннан тыртығы бар, көзі жұлдыздай жанған сүліктей қара байтал келіп қосылады. Қасиетіңнен айналайын, майда жалды киелі текті жануарым-ай! Есті айғыр үйіріндегі байталға шаппаған, басқа үйірге қуып жібереді. Сол тыртық байталдан екі көзі шағыр еркек құлын туған. Атақты Толыбай сыншының сарқытын ішкен бас жылқышы Есенгелді тұлпар аттың толған, жетілген шағы бестісінде бірақ құрық салады.

Сол кездері ат жалында өскен бабаларымызды былай қойып, қазақтың қыздарының өзі мал тани білген. Бірде Балым бәйбішенің көзі бас жылқышы мініп жүрген бесті қарашағырға түсіп, көшке, ауыл арасына мінгеніме келісті болар деп өзі иемденеді. Жүрісіне, естілігіне көңілі толады.
Міне, бір шәй ішіп отырғанда Балам бәйбіше еріне қарап:
– Сәке, осы мен мініп жүрген қара шағырды баптап, бәйгеге неге қоспайсыз?
– Қалай?
– Жайлауға көшіп, не етекке түсіп бара жатқанымызда қасымнан дүбірлетіп шапқан қыз-жігіттердің аттары өткенде күрсінгенде борбайым айрылып кете жаздайды, – дейді. Сәдібек: «Қатынның борбайы тиген аттан бәйге шығушы ма еді», – деп, бәйбішеге алая қарайды да, орнынан тұрып кетеді.
… Көкқасқа жер апшысын қуырғанымен бағы қайта бастады ма, соңғы қырық шақырымдық жарыста тағы сыр беріп, иесінің сағын сындырады. Содан бәйбіше сөзі еске түсіп, өзіне де бітімі ұнап, қарашағырды баптады. Талай жүйрікке шаңын көрсетпей ерен тұлпар болып шығады. Енді бұл қарашағыр емес, Сәдібектің «Қарашегірі» атанады. Даңқы талай ауылды, талай рулы елді аралайды. Көзден, ұры-қарыдан сақтау үшін күндіз қатты күзетпен бақтырып, түнде киіз үйде ұстаған.

Ал, ұлы Абай «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» өлеңіне «Қарашегірдің» бітімінен алды десе, енді бірі Наурызбайдың «Ақауыз» тұлпарының бітімінен алыптыны айтады. Сонау Көкшетаудан Абайға сәлем бере келген Біржан сал бір айға жуық Шыңғыс елінің жас әнші тобымен ойын-сауық думанға бөлепті және ұлы ақынға Кенесарының қарындасы Бопы келіп жолығыпты дегенді баспасөз беттерінен оқығаным бар. Ал, Наурызбай келіп жолығыпты деу шындыққа еш жанаспайды.

***

… Сонымен Абай өзі тікелей қатынасқан Тұрағұл мен Сақыпжамалдың тойы «Делбегетей» өңірін дүбірлетіп өтіпті. Той қызығын көрушілер бұл есте қалар қызықты бертінге дейін зор мақтанышпен айтып жүріпті.
Мұнда шалқыған күй, әуелете айтылған ән, «Ақылбайдың әні» көк аспанда бозторғайдай ұзақ қалықтапты.

***

Бұл мақалаға арқау болған әңгімелер мен деректерді Алланың өзі маған бұйыртқандай. Себебі, жоғарыда атағанымдай, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында Шар аудандық газетінің редакциясын басқаруға келгенімді айттым. Жаңадан құрылып жатқан аудан болғандықтан, бірден баспана ала қою оңайға түспейтіндігі және мүмкіншілік те жоқ екені айтпаса да түсінікті. Ескі де болса шағын қонақ үйіне орналастым. Көршім Семейден келген Ырысқанов Айкен деген азамат болды. Осында басталған таныстығымыз үлкен достыққа ұласты. Оның зайыбы Динаның анасы Абай тобын Шар өзенінің бойында қарсы алушылар ішінде болып, ақынды қолтықтап атқа мінгізу бақытына ие болған және Шыңғыс еліне Сақыпжамалды алып барушылар қатарында болған Исаұлы Дүйке ақынның қызы Марғұба апа болып шықты. Марғұба әрі Әлжан қажының екінші ұлы Абылқасымға тұрмысқа шыққан, яғни, қажының келіні.

Әкесінен естігенін жыр етіп, тіпті кейде көзіне жас алып айтады. Ескіше оқыған, өн бойына иман ұялаған жан еді. Жасы сол кезде сексеннің есігін молынан ашқанымен, бес уақыт намазын қаза етпеген, қыз-келіншек күніндегі қараторы сұлулығын жоғалтпағаны байқалады. Сұңғыла, зерек. Бір аяғын сылтып басады. Қолына таяқ ұстасының өзі бір бекзаттықты байқатады. Мінезі де кесек. Жөн-жосықсыз әңгімеге араласпайды. Көпке дейін аман-сәлемнен аспадық. Бойынан бір сақтық байқалады.

***

…Жаңа өкімет келісімен тектілерімізді, бай болдың, би болдың, болыс болдың деген сылтаумен итжеккенге айдады, түрмеге қамады, кейін қолма-қол атып тастағаны тарихтан белгілі. Осындай қанды шеңгелге алғаш ілінгендердің бірі Әлжан қажы. Ұрпағының тоз-тозын шығарды. Марғұбаның Абылқасымы бір түнде із-түссіз жоғалып кетеді. Дүйкені сен байдың құдасысың, жаңа өкіметті құп көрмейсің деген жазаға іліндіреді. Осындай тергеу, қуғын-сүргін үстінде жүрген күннің бір түнін бетке алып, Марғұбасын жетектеп Дүйке Алматы, одан Шымкент түседі, араға тура екі жыл салып күнкөрістері мүлде болмаған соң Семейге келіп жасырынады. Мұнда да мүлде жағдайлары келіспей, есіл ер 1953 жылы 58 жасында жарық дүниемен қоштасады. Марғұба мүлде еңіреп, жалғыз қалады. Жылап қалады.

Алла шуағы, мейірімі түсіп, екінші рет сүйегі тобықты Әзімжан деген азаматқа тұрмысқа шығып, Дина, Бақыт есімді қыз көреді. Әзімжан оқыған, білімдар, уәдесіне берік жігіт болады. Ұстаз. Кейіннен ауылдық кеңестің төрағасы қызметін де атқарған. Енді кесірім Әзімжанға тимесін деген Марғұба ауызын қатты баққан. Жылдар бұл кісінің жүрегіне жол тапқызып, жүрек кілтін аштым. Міне, осылай Марғұба ападан естуім жоғарыдағы әңгімеге арқауы болды.

Әбділпар ЖАЙСАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар