Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бар ғұмырын баспасөзге арнаған - АРҚА АЖАРЫ

Бар ғұмырын баспасөзге арнаған

Бар жақсылықтың бастауы адал көңілден шыққан алғаусыз ыстық лебіздерде жататындығы даусыз. Қазақ: «Алтын алма, алғыс ал, алғыс алтын емес пе?» дейді. Айналаңыздағылар сізге неғұрлым көп жылы лебіздерін білдірсе, соғұрлым жолыңыз ашылып, игіліктерге кенелесіз. Бұл да дау тудырмайтын ақиқат. Біздің кейіпкеріміз де адал еңбегі үшін алғысқа бөленген осындай абзал жандардың бірі. Баспасөз саласына қосқан зор үлесі бар, өз ісін жетік меңгерген маман.

Әйел көтермейтін жүк жоқ қой негізінде. Отбасы тірлігі, бала тәрбиесі бәрі де әйелдердің мойнында. Осының ара-арасында жұмысты да ақсатпау керек. Жұмыс болғанда да жауапты жұмыс. Кезекті саны жарыққа шығып бара жатқан газеттің бетінде қате кетпеуі ең алдымен қатегерлерге, яғни, корректорларға байланысты екендігі белгілі…

Роза Қадіржанқызы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданына қарасты Абыралы елді мекенінің тумасы. Туған ауылындағы орта мектепті бітірген соң сол кездегі әсем астана – Алматыдағы Өнер ордаларының бірінде білім алған. Сол жылдары өрімдей бойжеткен алдағы уақытта өз өмірін баспасөз саласымен байланыстырамын деп ойлады ма екен? Кейіннен Целиноград қаласындағы педагогикалық иститутта оқып жүргенде де көңілінде өнерден алыстап кетемін-ау деген ой болмаған шығар.

Алайда, «Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады» дегендей, біздің кейіпкеріміздің тағдыр жолы аяқ астынан өзгеше бір соқпаққа түсті. Ерейментау өңірінің азаматы, бүгінде есімі Ақмола өңіріне танымал болған қаламгер Жанат Сәлкенұлы Түгелбаевпен танысып, тұрмыс құрған соң өмірі басқа арнаға бұрылып, журналистиканың ауылынан бір ақ шықты.

Роза Қадіржанқызы тоқсаныншы жылдары Алатау баурайынан Сарыарқа төсіне көшін бұрып, уығын қадаған жаңа елорданың басты басылымы – «Астана ақшамы» газетінде он жылға жуық абыройлы қызмет атқарды. Содан кейінгі саналы ғұмыры Целиноград ауданының төл басылымы «Есіл-Нұра» газетімен тығыз байланыста өріліп келеді. Аталған басылымда алғашында корректорлық қызмет атқарып, кейіннен жауапты хатшылықтың тізгінін ұстады.
Газеттің бас штабы секретариат болса, сол штабтың басшысы әрине, жауапты хатшы. Барлық мақалалар іріктеліп, екшеліп, соның алдынан өтеді. Газеттегі жұмысы ең ауыр бөлім де осы. Мұны кәнігі журналистер жақсы біледі. Роза Қадіржанқызына тән қасиеттердің бірі – іске деген жауапкершілік пен тындырымдылық және талапшылдық. Қашан газеттің кезекті саны жарыққа шықпайынша, тыным таппайды. Осынау адал еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Облыс, аудан әкімдігінің мақтау қағаздары мен Алғыс хаттарын бірнеше мәрте иеленген.

Ұлы Абайдың мынадай парасатты пайымы бар ғой: «Адамға ең керегі үш-ақ нәрсе: жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат». Осынау үш қасиетті бала кезінен бойына сіңірген Роза Қадіржанқызы осы басылымда табан аудармай ширек ғасырға жуық еңбек ете жүріп, газет шығарудың, мақала дайындаудың қыр-сырын жетік меңгеріп, жыл өткен сайын шыңдала түсті десек, артық айтқандық емес. Осы жолда білімі мен білігін, ақыл-парасатын жұмсап, тынымсыз еңбек етті.
Бір ғасырға жуық тарихы бар Есіл өңірінің байырғы басылымдарының бірі «Есіл-Нұра» газетінің бетінде астаналық өңірдің шежіресі сайрап жатыр. Сарғайған беттер сағынышты ойлардан, сарытап болған сырлы сезімдерден сыр шертеді, оқырмандардың, кезінде осында еңбек еткен қаламгерлердің қолтаңбалары әр беттен орын алған. Беттегі мақалалар мен суреттердің орнын тауып орналасуы, безендірілуі де ерекше көз тартады. Мұны әрине, басылымның өркендеп, түрленуіне өлшеусіз үлес қосқан жауапты хатшы Роза Қадіржанқызының еңбегінің нәтижесі деуге толық негіз бар.

25 жыл деген айтуға ғана оңай. Осынша уақыт газетке үңіліп, беттердегі қателерді табу, одан қалды қолда бар материалдарды рет-ретімен, кешіктірмей нөмірге беру оңай іс емес. Газетте осыншама уақыт тер төккен Розаның еңбегі әрине, ескеруге тұрарлық.
Біздің кейіпкеріміздің бойындағы тағы бір қасиеті – әншілігі. Бұған өз көзімізбен куә болған жайымыз бар. Әсіресе, «Теріскейді» тамылжытып шырқағанда сырттан тыңдап тұрған біреулердің «Жамал Омарова ән салып тұр ма?» деп ойлап қалулары кәдік. Өнер ордасында текке білім алды дейсіз бе? Кең тынысты, майда қоңыр үні тыңдаушысын еріксіз баурап алады.

Отбасына қамқор болу, бала тәрбиелеу, жанұя қарым-қатынасының жылылығын сақтау кез-келген әйел үшін аса маңызды. Әйел парызы мен қоғамдағы қызметін қатар алып, үйлестіріп жүрген Роза Қадіржанқызы отағасы Жанат Сәлкенұлымен бірге жарастықты ғұмыр кешуде. Күнделікті газет жұмысынан бөлек, тіл жанашыры ретінде көптеген шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болып келеді. Ол – үш баланы тәрбиелеп өсірген ардақты ана, немерелердің қызығын тамашалап отырған қадірменді әже. Әр салада жемісті еңбек етіп жүрген балалары – әрдайым мақтаныш етуге лайық перзенттер. Немерелерінің алды жоғары оқу орнының студенті.

Таяуда әлеуметтік желіден мынадай бір сөздерді оқыдым: «Әйел көтермейтін жүк, сөз, ой, қасірет, жұбаныш жоқ. Әйелдер Жаратқанның сүйіп жасаған жандары, табиғаты өзгеше, оған тең келетін табиғатта күш жоқ. Оларды тыңдай да, сыйлай да, түсіне де біл, қатарыңнан кем қалмайсың». Осы бір сөздер дәл біздің кейіпкерімізге қаратып айтылғандай.
Шәй ішетін кәрлен кеседей сылдырап тұратын ашық-жарқын әйелдер бар. Мұндай әйелдер отбасының жылуы, дастарханның көркі екендігі анық. Аяулы ана, үздік еңбеккер Роза Қадіржанқызы да осындай жандардың қатарында.

Талғат ТӘШКЕЕВ.
Суретте: Роза Қадіржанқызы Түгелбаева.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар