Адам баласын аяуды білмеген зобалаң жылдар жаңғырығы әлі де терең зерттеліп, екшеле қойған жоқ. Алаш деп атқа қонған аяулы тұлғалардың еңбегін екшеп айтсақ, ұлтын сүйген ұлық бейнелері, халқына сіңірген қисапсыз еңбегі кейінгіге үлгі болар еді.
Отыз бір жыл ғаны ғұмыр кешкен, Алаш аспанынан құйрықты жұлдыздай ағып өткен, жаратқан ие қисапсыз қасиет дарытқан, айрықша талант сыйлаған Зарап Темірбекұлының туғанына биыл 115 жыл толып отыр. Алдымен шыққан тегі, өскен ортасы туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Әкесі Темірбек Мұсаұлы Арқадағы ән падишасы – Ақан серінің алдында тәлім алған, тәрбиесін көрген адам деседі. Ел ішінде сақталған деректерге қарағанда, 1865 жылы өмірге келіп, 1912 жылы қайтыс болған. Көзі ашық, көкірегі зерек әке болашақтың білімде екенін айқын аңғарып, баласы Темірбекті араб, парсы тілдерінде оқытқан. Алайда, өміршең өнерге құштар баланың адымын тіршіліктің тауқыметі тұсағанға ұқсайды. Қабырғасы қатып, буыны бекіген соң Көкшетау төңірегіне аты мәлім, атақты шонжар Шөбектің Серәлісінің приказчигі болып жұмыс істеген.
Шындықты сүйген, әрқашан ақиқатты айтпай тұра алмаған. Ақ алмастай жарқылдаған өткір жасөспірім сол дәуірде айбарынан ай ығатын Серәлінің өзіне қалт жіберген қадамын, әділетсіздігін бетіне айтты деседі. Қайсарлығы басым болған ғой. Ел арасында Темірбек ақын айтыпты деген отты өлең-жырлар бертінге дейін сақталған. Оның ішінде «Жер, қоныс жайлы», «О, дүние!» деген толғаулары да бар. Бұл толғауларында ақын адам бойындағы адамгершілікті, парасат пен пайымды жырлайды. Кісілік келбеті кемел адамдарға айтқаны болып, дегені орындалып тұрған күштілердің нақақтан-нақақ, орынсыз, ретсіз қиянат жасағанын барынша айыптайды. Жалғыз ел ішіндегі жай ғана емес, патшалық Ресейдің парасатсыз саясатын әшкере етеді. Әрине, ақынның аузына Алла сөз салғанымен, дәуір тынысын тап басып таразы басына тарту үшін білім-білік қажет. Зерде мен көңіл көкжиегі керек. Оған қоса, айтқанын тыңдаған адам бас ұрып мақұлдайтындай таланттың да керектігі талас тудырмаса керек. Ақын өлеңдерін оқыған адам біршама көркем екендігін мойындар еді. Өлеңге қойылатын бар талап толайым-тегіс демесеңіз де, жатық тіл, кесек ой бір-біріне мазмұн үстеп, мағынасын байытып жатқандығы даусыз.
Зарап Темірбекұлы 1906 жылы Көкшетау төңірегіндегі Үңгір деп аталатын табиғаты тамылжыған өңірде өмірге келген. 1912 жылы алты жасқа толғанда ел қамын жеген ер мінезімен, қазақтың қара сөзін маржандай тізген шешендігімен, шырылдаған шындықты айта алған өр мінезімен танылған қайран да қайран әке өмірден өтеді. Әйтсе де, бала Зараптың табиғи таланты, жаратқан ие бо-йына сыйлаған тамаша қасиеті жетімдіктің шылауында қалдырмай, жарыққа шығуына, жарыққа ғана емес, қиялай аспанға көтеріліп, жарық жұлдызға айналуына бөгет бола алмаған.
Алдымен, ауылда білім алған. Екі жыл. Одан кейін 1921 жылы ағасы Айтжан Темірбекұлы Көкшетау қаласындағы жеті жылдық мектепке береді. Бұл мектепте екі жыл білім алады. 1923 жылдан 1925 жылға дейін Қызылжар қаласындағы сол кездегі іргелі оқу орнының санатындағы қазақ педагогикалық техникумында оқиды. 1931 жылы зейінді жастың қарым-қабілетін шамалаған БКП өлкелік комитеті Зарапты Мәскеуге оқуға жібереді. Әйтсе де, зейінді жас денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмайды. Алты-ақ жыл білім алу бақыты бұйырған. Бірақ, сол білімнің өзі мол қазына іспетті. Зарап Темірбекұлы табиғи талантының арқасында замандастарының алды болды. Көзі көргендердің, сөзін естігендердің куәлік етуіне қарағанда, жақ біткеннің шешені.
Әсіресе, баяндама жасағанда ұйытып, әр пікірін балталаса бұзылмастай етіп, шегелеп жасайтын болған. Оған себепші болған білімге деген құмарлығы. Мәселен, Зарап Темірбекұлы Қызылжардағы техникумда оқып жүрген кезінде білім бағдарламасымен шектеліп қалмай, қосымша оқулықтарды көбірек оқуға тырысқан. Сол алғырлығының арқасында екі жыл білім алған кезінде білім ошағындағы үш жүзге жуық құрбыларының арасынан суырылып шыққан. Оқи жүріп қалалық комсомол комитетінің бюро мүшесі, губерниялық комсомол комитетінің инспекторы қызметтерін қатар атқарған. Сол кезде небары 18-19 жаста. Кейін Атбасар, Көкшетау, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы әрқилы мекемелерде қызмет істеген. Қай жерде жүрсе де аңсағаны әділдік болғанға ұқсайды. Байлардың есігінде жүрген жалшыларға «Қосшы» ұйымы арқылы шарт жасасып, ала алмай жүрген еңбекақыларын төлеткізіп отырған. Өсіп-жетуіне, дүние-танымына, көңіл көкжиегінің кеңеюіне Біләл Малдыбайұлы тәрізді Алаш қайраткерлерінің ықпалы тигендігін айта кетуге болады.
Міне, осылайша ұшқан ұядан тәлім алған, әке тәрбиесін көрген Зарап өз заманында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде танылған. Қоғам қайраткері ғана емес, жүрдек қаламның иесі. «Лениншіл жас», «Еңбекші қазақ» газеттері мен «Қазақстан большевигі» журналында әдеби қызметкер, редактордың орынбасары, бас редактор болып қызмет еткен. Және бір қызығы, аса талантты Зарап Темірбекұлы бірқатар газет-журналдарда бір мезгілде жұмыс істепті. Соның барлығында үлгеру үшін және мінсіз жұмыс істеу үшін қаншалықты қажыр-қайрат, ақыл-білім керектігін шамалай беріңіз.
Сонау 1927 жылы Зарап Темірбекұлы Ақтөбенің губерниялық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Губерниялық комсомол конференциясында оны алғаш көрген Ахмет Жұбанов тілінің шешендігіне, пікірінің орнықтылығына тәнті болған екен. «Жасы өзімен шамалас болса да оның оттылығы, тартымдылығы, жастар арасындағы бедел-құрметі асқар таудай болып көрінді. Бір жарым сағат баяндама жасады. Қолында бір парақ қағазы да жоқ. Зейінділігі мен зеректігіне, өзіне тән шеберлігіне, ой астарының тереңдігіне таң қалдым. Ақтөбеден шалғай жатқан ауыл аттарын, жер аттарын жадына тоқып алған. Мен Зарапты лаулай жанған жалынға теңер едім» деп жазған. Кейін Ахмет Жұбанов Зараптың қызы Алмаға көп қамқорлық көрсеткен екен, өнерге баулыған, дұрыс бағыт-бағдар сілтеген және бұл қамқорлық Зарап Темірбекұлы нақақтан-нақақ халық жауы атанып атылып кеткеннен кейін көрсетілген. Ал, ол уақытта халық жауының ұрпақтарына елжірей қарау кез-келген ердің қолынан келе бермейтін жанашырлық еді. Ахмет Жұбановтың Алма Зарапқызымен кездесуі туралы қазақтың белгілі қаламгері Сарбас Ақтаев та екшей жазған. Ол туралы қаламгердің 2007 жылы «Ақиқат» журналының №2 санында жарық көрген «Өрттей лаулап өткен өмір» деп аталатын мақаласынан оқуға болады.
Табиғат шіркін бір адамның басына талантты үйіп-төгіп беретініне куә болатынымыз бар. Арғы тегінде өрісті өнерге деген ынта-ықылас, қанында ыстық қасиеті бар Зарап Темірбекұлы тамаша әнші болған деседі. Әсіресе, Арқаның ән өнерінің дүлдүлдері – Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақтың әндерін нақышына келтіріп орындаған. Осы арада қазақтың ән-күйін жинақтаушы А.Затаевич әйгілі Ақан серінің «Құлагер» әнін Зараптың орында-уында нотаға түсіргендігін айта кетуге болады. Бұл кезде Зараптың жасы небары 17-де екен. «Құлагер» аса зарлы, айрықша мұңды ән. Иірім нақышы да сазды. Көкірегің қарс айрылмай.
Актерлік шеберлігі де адам айтқысыз екен. Талантына талайды тәнті еткен Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Жапалдың, Кебектің, «Қарагөздегі» Сырымның бейнелерін сомдаған. Өнерге құлай берілгендіктен болар, губернияның басшы қызметкерлерімен үзеңгі қағыстырып жүріп театр сахнасына шыққан. Осы бір жайдан-ақ тал бойындағы қарапайымдылықты қапысыз аңғаруға болады. 1926 жылы губернияның комсомол комитетінде хатшы бола жүріп, оқу бөлімінің жанынан құрылған театрда еңбек еткен. Спектакль барысында бойындағы қарым-қабілетпен жарқырай танылған. Концертке де қатысыпты. Халық әндерін нақышына келтіре орындайды екен. Осы пікірлерімізде дәлел ретінде Серке Қожамқұловтың естелігінен бір шөкім үзінді келтіре кетелік. «Зарап – жас театрымыздың жанашыр ұстазы болды» депті сахна серкесі.
Жазуға қабілетінің қаптал жететінін жастайынан аңғартса керек. Қолына қалам ұстаған кезден бастап газет-журналдардың белсенді тілшісі болған. Жүздеген ойлы мақалалар жазған. Ел ішіндегі іргелі мәселелерді көтерген. «Еңбекші қазақ» газетінің бір жылғы санынан жиырмадан астам көлемді мақаласын көруге болады. Оның барлығында да ел қамын қаузаған, болашақ жайын бажайлаған өткір сөз бен ұтымды пікір бар. «Лениншіл жас», «Кеңес ауылы» газеттерінде «Біз қалай көмектесеміз?», «Комсомолдар қосшы ұйымында не істеп жүр?», «Әдебиет майданындағы комсомолдар», «Дала толқыны», «Комсомолдар қызу шайқаста» атты публицистикалық материалдары жарық көріпті. Жалғыз мақалалар ғана емес, көрерменге рухани нәр сыйлайтын пьесалар да жазған. «Жаңа өмір», «Жанталас» пьесалары 1930 жылдың желтоқсан айында Жұмат Шаниннің режиссерлығымен қойылыпты. Бас-ты рөлдерде Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев сомдаған.
Алаштың арда ұлдарын баудай түсірген 1937 жылдың қоңыр күзінде «Лениншіл жас» газетінің редакторы Зарап Темірбекұлына «халық жауы» деген жалған жала жабылады. 1938 жылдың 27 ақпаны күні Алматы қаласында бірқатар Алаш зиялыларымен бірге ату жазасына кесілген. Арада жиырма жыл өткеннен кейін, яғни, 1959 жылдың қаңтар айында КСРО Жоғары Сотының әскери алқасы Зарап Темірбековтың жазықсыз деп тауып, ақтау туралы қаулы шығарған.
Жары Сақыпжамал халық жауының әйелі ретінде 1938-1946 жылдары «АЛЖИР» лагерінде айдауда болды, қызы Алма 8 жаста, ұлы Жаңарт 4 жаста екен. Қатал тағдыр екеуін екі жаққа айырып жіберген. Тектінің ұрпағы тегін болмайды, Алма Зарапқызы П.И.Чайковский атындағы балалар музыка училищесін үздік бітіріп, Алматы мемлекеттік консерваториясын қызыл дипломмен тәмамдаған. Бар ғұмырын өнерге арнаған. Ал, ұлы Жаңарт Қырғызстандағы балалар үйінен қашып шығады. Жолда Шотпай есімді ақсақалға жолығады. Көпті көрген көнекөз Шотпай ақсақал Жаңартты бауырына басқан. Сөйтіп, Қырғызстанда ғұмыр кешіп жүрген хабарын анасы естиді. Әдейілеп іздеп барып, кеудесіндегі қалдан баласын таниды. Туған жерінен әдейілеп анықтама алғызып, Жаңарт Зарапұлы деп жазғызады. Сөйтіп, тектінің тұқымы елімен қайта қауышқан.
Зарап Темірбекұлы құйрықты жұлдыздай ағып өткен мағыналы да жарқын өмірінде небары 12 жыл ғана қоғамдық, партиялық жұмысқа араласқан екен. Аз ғана уақыттың ішінде елге өнеге көрсетіп, кейінгіге мәңгілік мұра болатын дүние тастап кетті.
Бүгінгі күні жиырмасыншы ғасырдың басындағы зұлмат жылдардың жазықсыз құрбаны болған Алаш арыстары туралы қанша айтсақ та артық болмайды. Олардың ерлігі мен өрлігі жас ұрпақ үшін өнеге.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.