Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сақтанайық! Беті жаман індет өршіп тұр! - АРҚА АЖАРЫ

Сақтанайық! Беті жаман індет өршіп тұр!

Әлемді толғандырып отырған коронавирус індеті елімізде күшейіп барады. Бүгінде облыс аумағындағы коронавирусқа шалдығушылар үшін әзірленген ауруханалар мен стационарлардың және провизорлық орталықтардың бәрі дерлік науқастарға толып келеді.

Ауруы асқынып, шұғыл жағдайда түсіп жатқан науқастар көп. Сондықтан, қазір қосымша уақытша орталықтар ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алдағы күндері жағдай одан әрі өрши түссе, жоспарлы ем жүргізіп жатқан медициналық ұйымдарды жұқпалы стационарлар ретінде пайдаланамыз. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Облыста эпидемиологиялық ахуал өте күрделі. Дерт жасты да, кәріні де дендеп барады. Бүгінде 27589 адамнан індет зертханалық расталып, күніне 200-ге жуық жағдайдан тіркелуде. Тіпті, бұл індет балаларға да жұға бастады. Өткен тәулікте 192 жағдай тіркелген болса, солардың 15-і балалар.
–Жұқпалы аурулар стационарларында бүгінде 1397 науқас ем қабылдап жатса, індетке шалдыққандармен байланыста болған 4784 адам үй карантинінде дәрігерлер қадағалауында. Өкінішке орай, облыс аумағында індет жұқтырушылар күн сайын көбейіп жатыр. Мұның басты себебі – карантиндік шектеулерге бағынбау, санитарлық талаптарды ұстанбау, қоғамдық орындарда қорғаныс заттарын тұтынбау. Бүгінде облыстағы коронавирусқа шалдығушыларға әзірленген стационарлар мен провизорлық орталықтар толық. Ауруы асқынып, шұғыл жағдайда түсіп жатқандар көп. Сондықтан, қазір қосымша уақытша орталықтар ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алдағы күндері жағдай одан әрі өрши түссе, жоспарлы ем жүргізіп жатқан медициналық ұйымдарды да жұқпалы стационарлар ретінде пайдаланамыз. Індетке қарсы тұра алатын басты қаруымыз – вакцина. Сондықтан, жеткізіліп жатқан вакциналарды әркім өз денсаулығы үшін міндетті түрде барып алғандары дұрыс, –дей келе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы өңірдегі вакцинация мәселесіне назар аударды.
Облысқа жыл басынан бері Спутник V, QazVak, HayatVax, СoronaVak вакциналарының 420965 дозасы жеткізіліпті. Солардың басым көпшілігі ресейлік вакцина. Ақпаннан бері облыс тұрғындарының 206099-ы вакцинаның алғашқы, 122778-і екінші компоненттерімен қамтылған.
–Вакцинациялау бүгінгі таңда бәсеңдеп барады. Алғашқы кезеңдерде екпе алушылар қатары көбірек болды, бүгін екпе алуға ынталылар аз. Жастар қауымы вакцинацияланудан бас тартуда. Соның салдарынан коронавирусқа шалдығып жатқандар көбеюде. Ауруханаларда ауыр халде жатқандар – вакцина алмағандар. Сондықтан, ел тұрғындарын вакцина алуға шақырамын, –деді Нариман Ермекұлы.
Барлық стационарлар мен емханаларда коронавирусты емдеу үшін қажетті дәрілік препараттар жеткілікті және ай сайын бірыңғай дистербютерден келіп түседі екен. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерін қорғау мақсатында барлық медициналық ұйымдарға кемінде 3 айға жеткілікті көлемде маскалар, респираторлар, оларға жеке қорғаныс құралдарының қоры бар. Медицина қызметкерлеріне үстемақылар төлеу жалғасуда.
Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы брифинг барысында «ASHYQ» қосымшасы, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуы, дәріханалардағы коронавирусқа қарсы препараттардың жеткіліктігі жайлы айта келіп, тұрғындардың аталған жаман індеттен барынша қорғануын, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындауларын, карантиндік шектеуліктерге бағынуларын ұсынды.
–Мен облыс тұрғындарынан тағы да өздерінің және жақындарының денсаулықтарына сақ болуларын сұраймын. Көпшілік жерлерге бармаңыздар, қорғаныс құралдарын жиі пайдаланып, шамаларыңыз келгенше вакцина алыңыздар. Ұжымдық иммунитет қалыптасқанша, індет бәсеңдемейді. Жастар індетті симптомсыз да өткеруі мүмкін, бірақ, өздері қаншама адамға жұқтырып жүргенін білмей де қалады. Барынша, сақ болайық, –деді басқарма басшысы.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар