Облыста инклюзивті білімге мұқтаж 11 мыңға жуық бала бар. Алайда, бүгінгі күні он сегіз жасқа толмаған осы жеткіншектердің 45 пайызы ғана арнайы оқумен қамтылып отыр. «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында өткен кезекті отырыста осы олқылықты түзетудің жолдары қарастырылды.
«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі – қоғамда ерекше балалардың өзгелермен қатар білім алып, еңбекке араласуына жағдай жасау болып табылады. Осы орайда, партияның облыстық филиалында инклюзивті білім беру бағдарламасының өңірдегі жағдайы туралы кеңінен талқыланды.
Жоғарыда атап өткен 11 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар балалардың жартысынан көбінің сөйлеу қабілетінде кінәрат бар екен. Жыл сайын бұл санаттағы балаларды ерекше біліммен қамтуға мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінеді. Бүгінде өңірдегі мектептердің 88 пайызы, балабақшалардың 71 пайызы, колледждердің 50 пайызы инклюзивті білім беруге қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталыпты.
–Жалпы білім беретін мекемелерде инклюзивті білім беру үшін маман, арнайы бағдарлама, оқулық, ешбір кедергісіз кіріп-шығуға жағдай болу керек. Бүгінде облыс аумағында 4 мамандандырылған мектеп-интернат, 1 оңалту орталығы, 4 психо-медико-педагогикалық кеңес беру, 19 психо-педагогикалық түзеу кабинеті жұмыс істеп тұр. Биыл тағы 8 ауданда арнайы кабинеттер ашылады, 7 орталықты көлікпен қамту жоспарланған, –деді отырыста баяндама жасаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов.
Есепте тұрған 5 мыңнан астам баланың сөйлеу, 3 мыңының психологиялық кемшіліктері болса, 1200-ге жуығының ақыл-ой қабілеті қалыпты дамымаған. 2025 жылға дейін бұл санаттағы балалардың 80 пайызын арнайы біліммен қамту мақсаты алға қойылған.
Облыстық білім басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, ерекше білімге мұқтаж балалардың 2695-і мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Арнайы білім беру ұйымдарындағы 1432 бала түзету, оңалту қолдауына ие болып отыр. 640 бала мамандандырылған интернаттарда оқиды, ал, 443 ерекше білім қажет ететін оқушы үйде білім алса, 77 бала кәсіби-техникалық колледжде мамандық игеруде. Сондай-ақ, 5332 ерекше бала жалпы білім беретін мектепке барып білім алуда. 3 жасқа толмаған 94 бала ешқандай біліммен қамтылмаған.
Жалпы, бұл саладағы өткір мәселе – арнайы білім беретін педагогтардың жетіспеушілігіне келіп саяды. Сондықтан, маман тапшылығы, атап айтқанда логопед, дефектолог, сурдопедагог секілді тар шеңбердегі мамандарды даярлаудың мәселесі де осы жиында сөз болды. Мәселені түпкілікті жою үшін Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі дефектолог мамандығын ашуға биыл лицензия алыпты. Олай болса, жақын екі-үш жыл ішінде мұндай мамандықтардың жетіспеушілігі жойылады деген үміт бар.