Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысовтың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймағымызда «Ashyq» жобасының енгізілуіне белсене ат салысқан бірқатар бизнес өкілдері Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жиын барысында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов, Ақмола облысындағы кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов сөз сөйлеп, өңіріміздегі шағын және орта бизнес саласындағы, өнеркәсіптік кәсіпорындардағы вакцинациялау барысы, «Ashyq» қосымшасының жұмысы туралы тарқатып айтып берді.
– Пандемиямен күресудің тиімді әдісі – вакцинация. Осы орайда, тұрғындар арасында инфекцияның таралуына тосқауыл бола алатын «Ashyq» қосымшасының артықшылықтары орасан екендігін баса айтсақ дейміз. Ақмола облыстық әкімдігі Кәсіпкерлер палатасымен және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп, осы қосымшаны облыс аумағында енгізу бойынша жұмысты жалғастыруда. Жалпы, аталмыш «Ashyq» қосымшасын енгізудің негізгі мақсаты жұқтырған немесе байланыста болған адамдарды анықтау және олардың жан-жағындағыларға ауруды тасымалдап, жұқтырмауы үшін жасалған әрекеттің бірі болып табылады. Сондай-ақ, тұрғындарға залалын келтірмей, шағын және орта бизнес жұмысын қалпына келтіруге өз әсерін береді. Бұл қосымша QR-кодты пайдалану және ПТР жалпы базасымен интеграциялау есебінен келушінің мәртебесін анықтауға мүмкіндік тудырып отыр. Өткен аптадағы демалыс күндері «Ashyq» жобасына 400-ден астам нысан қосылды. Бүгінде облыс бо-
йынша аталмыш жобаға барлығы 1185 нысан қатысуда,– деді облыс әкімінің орынбасары жиында сөйлеген сөзінде.
Брифингте сауда үйлері мен сауда ойын-сауық орталықтарының жобаға белсенді қосылып жатқандығы айтылды. Атап өтерлігі, жоба қатысушыларына демалыс және мереке күндері сағат 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Қалған сауда үйлері мен 500 шаршы метрден астам алаңы бар азық-түлік емес дүкендер бұл күндері өз жұмыстарын тоқтатады, ал жұмыс күндері тек 18.00 сағатқа дейін жұмыс істейді.
Мониторингтік топтар объектілердің санитариялық нормалар мен шектеу шараларын сақтауы бойынша жүйелі негізде рейдтер жүргізеді. Қатысу шарттарының бұзылуына байланысты жобадан 33 нысан алынып тасталды. Бұл өз келушілерін тексермеген объектілер.
– 27 нысанға «Ashyq» жобасының көшбасшылары» мәртебесі берілді. Оның 18-і бизнес нысандары. Бұл мәртебеге ие болған кәсіпкерлер, мысалы, қоғамдық тамақтану нысанына келушілер санын ұлғайтуға (50-ден 60 орынға дейін), ал, жазғы алаңдардың толық қуатқа көшуіне рұқсат етіледі. Жобаға қатысушылардың, көшбасшылар және аутсайдерлердің тізімі облыс әкімдігі сайтының басты бетінде орналасқан және үнемі жаңартылып отырады, – деді Қанат Мұратұлы.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспановтың айтуынша, 2021 жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша Көкшетау және Степногорск қалалары әкімдіктерінің жедел мониторинг деректері тіркелді. Ақмола облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарында 25,5 мың адам жұмыс істесе, олардың ішінде екпе алғандар саны 14 864 адам, яғни, қызметкерлердің жалпы санының 58,5 пайызын құрайды.
– Мәселен, «Степногорск-Энерготранзит» серіктестігінің ұжымы 97,3 пайыз, «Родина» агрофирмасы» серіктестігі 96,7 пайыз, «Астана Нан Кемикалз» серіктестігінің ұжымы 90,2 пайыз екпе салдырған. Ал, «Алтынтау Көкшетау» серіктестігінде 88,3 пайыз, «Сапа Су» серіктестігі 88,2 пайыз, «ЕНКИ» серіктестігі 88,1 пайыз екпе салдырған екен. Санамалап айта берсек, коронавирус дертінің ауыр екендігін ұғынған ұжым мүшелері баршылық. Яғни, сең қозғалған сыңайлы. Бұл мәселе біздің күнделікті бақылауымызда. Егер сауда және қызмет көрсету саласы туралы айтатын болсақ, Көкшетау қаласы бойынша оң динамика байқалады. Сонымен қатар, ең көп баратын тамақтану орындарының ішінде 13 мейрамхана мен 23 дәмхана қызметкерлері жүз пайыз вакцинациядан өткен. Атап айтсақ, «Самұрық», «Атажұрт», «Тби-
лиси», «Пинта», «Грин Гарден», «Бульвар», «Алау», «Хан сарайы», «Мед», «Va-Va», «Алдар Көсе», «The Beze» және басқа да мекемелер. 19 сауда үйі және базарлар мен супермаркеттер жүз пайыз екпе жасаған, – дейді Ербол Оспанов.
Банк саласында да екпе мәселесіне оң көзкөзқараспен қарайтын қызметкерлер саны біршама. Екінші деңгейдегі банктердің сегіз филиалының қызметкерлері 90 және 100 пайызға жуығы вакцинацияланды.
Жиын соңында журналистер «Ashyq» жобасының көшбасшылары атанған бес бизнес өкілі Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының директоры Станислав Максимец, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрбек Қайыржанов, Көкшетау қаласындағы «Атажұрт» мейрамханасының директоры, жеке кәсіпкер Экиджи Фатих, Бурабай ауданындағы «Достар» дәмханасының директоры Асқар Жәкішев, Целиноград ауданындағы Арайлы селосының «Слобода» демалыс паркінің директоры Юлия Тогобицкая бар.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.