Вакциналау қарқынын күшейту қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Науқастанудың өсу қарқыны баяулады және эпидемиологиялық жағдай біртіндеп тұрақтанып келеді. Вирустың репродуктивтілік индексі — 1,01. Инфекциялық орындар санының 54 пайызы, ал реанимациялық орындардың 45 пайызы толық. Пандемиядан шығудың бірден-бір жолы – ол вакциналау.
Қазіргі кезде 5,9 миллионнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін, шамамен 4,5 млн адам екінші компонентін алды», — деді Үкімет басшысы. Алайда Асқар Мамин бұл жеткіліксіз екендігін баса айтты. «Вакциналау қарқынын күшейту қажет. Бұл мәселені, әсіресе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының әкімдері бақылауға алуы және тамызда вакциналау жоспарының орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Барлық өңірде эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстау қажет. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды облысының әкімдіктері бұл мәселеге ерекше назар аудару керек. Халықтың шектеу шараларын, әсіресе, бетперде режимін сақтауын қамтамасыз ету қажет.
Ол үшін мониторингілік топтардың жұмысын жандандырып, тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тарту керек», — деді ол. Премьер-Министр «Ashyq» жүйесіне қатысатын кәсіпкерлік субъектілерінің саны үнемі артып келе жатқанын да атап өтті. «Олардың саны 5 есеге — 21 мыңнан 101 мыңға дейін көбейді. Бұл бизнестің жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан «Ashyq» қосымшасын қолдану аясын одан әрі де кеңейту қажет», — деген Асқар Мамин мәселені жалпы бақылауда ұстауды орынбасар Ералы Тоғжановқа жүктеді.