Бір жазда 26 адам, оның ішінде 5 бала суға кетіп қалды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаевтың қатысуымен суға шомылғанда жазатайым оқиғалардың алдын алу жөнінде брифинг болып өтті.

–Суға шомылу маусымы басталғаннан бері Ақмола облысында 26 жазатайым оқиға тіркелген, оның ішінде кәмелетке толмаған бес жасөспірім бар. Мәселен, өткен аптаның өзінде бес адам суға батып, ажал құшқан. Олардың 2-еуі кәмелетке толмағандар. Бес оқиғаның төртеуі шомылуға тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде, біреуі демалыс аймағында шомылуға арналған белгіленген орында болған. Жабдықталмаған шомылу орындарында жазатайым оқиғалар орын алған жерде «Шомылуға тыйым салынады» деген тыйым салу белгілері орнатылған, өкінішке қарай, адамдар бұл шектеулерді қабылдамайды және көрсетілген талаптарды елемейді, – дейді Қанат Доспаев.
Баяндамашының мәлімдеуінше, жазатайым оқиға салдарынан қайтыс болғандардың көбі Целиноград ауданында тіркелген. Онда жеті адам суға кетіп, қайтыс болған, оның екеуі бала. Аршалы ауданында да жағдай көңіл көншітпейді. Аталмыш аймақта осындай себеппен бес адам, оның ішінде екі бала қайтыс болған. Бурабай ауданында үш, Көкшетау қаласы мен Ерейментау, Сандықтау аудандарында екі адамнан, Астрахан, Атбасар, Зеренді, Шортанды аудандарында бір адамнан, Біржан сал ауданында кәмелетке толмаған бір бала суға батып кеткен.
– Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында облыста департаменттің жедел құтқару бекеттерінің базаларында Қопа, Боровское, Щучье және Зеренді көлдерінде орналасқан төрт балалар жағажайы бар, онда осы бөлімшелердің құтқарушылары балаларды жүзу дағдыларына оқытады, бүгінгі күні 1500-ден астам бала оқытылды. Сонымен қатар, облыс бойынша полиция департаментінің аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп 4344 рейд және патрульдеу жүргізді. Ағымдағы маусымда құтқару бөлімшелерімен 65 адам құтқарылды, оның ішінде 11-і бала, 25 азаматқа дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетілсе керек.
Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар