Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңір коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл» аймақта орналасқанына қарамастан тұрғындар тарапынан карантиндік талаптардың бұзылуына жол берілуде.
Өткен тәулікте мониторингтік топ Көкшетау қаласындағы «Рубин» мейрамханасында 60 адамның қатасуымен өтіп жатқан үйлену тойының үстінен түсті.
Ал, екінші үйлену тойы «Аристократ» мейрамханасында ұйымдастырылған. Мұндағы тойға 50 адам қатысқан.
Карантин талаптарын бұзушыларға қатысты материалдар Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды.
Жалпы жыл басынан бері өңірдегі мониторингтік топтар карантин талаптарын сақтау бойынша әртүрлі меншіктегі 26397 нысанды тексерді.
Оның ішінде 569 нысанда карантин талаптары бұзылғандығы анықталды. 604 әкімшілік айыппұл салынса, оның ішінде жалпы сомасы 80 миллион 429 мың 860 теңге құрайтын 588-і қаралды. Соттарға қарау үшін 14 материал жолданды.