Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Конституция күні қарсаңында Біржан сал ауданының Андықожа батыр және Еңбекшілдер ауылдарында «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасына орай, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен салынған балаларға арналған спорт және ойын алаңдары ашылды.
Нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі Достанбек Есжанов, спорт ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Кешенді алаңдарға футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, балалар ойын алаңдары және стрит-воркаут алаңдары кіреді.
– Тәуелсіздіктің мерейтойлық жылында ауданымызда жастар мен балалар үшін жаңа заманауи демалыс нысандары ашылуының символдық мәні бар. Бұл спорт ғимараттары ауыл жастарының бос уақытын өткізетін сүйікті орнына айналатынына және ауданда дене шынықтыру-сауықтыру қозғалысын дамытуға қосымша түрткі болатынына сенімдімін, – деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде өңір басшысы.
Іс-шара барысында аудан әкімі жергілікті жастар командаларына спорттық киімдер жиынтығын, баскетбол және футбол доптарын сыйға тартты. Іс-шараға қатысқан ақсақалдар ауыл тұрғындарын жаңа нысандарға ұқыпты қарауға және оларды мақсатты пайдалануға шақырды. Айта кетейік, жақын арада ауданда Макинка ауылында тағы бір осындай алаң ашылады. Келесі жылы Кеңащы, Жөкей, Сәуле және Алға ауылдарында төрт балалар ойын алаңын салу жоспарлануда.
Біржан сал ауданы.