Жылдағы дәстүр бойынша бұл күні, 1 қыркүйек – жаңа оқу жылы қарсаныңда «Арқа ажарының» құтты қара шаңырағына көздері мөлдіреп, кішкентай жүректері лүпілдеп жас бүлдіршіндеріміз келді. Олар үшеу.
Газеттің бөлім меңгерушісі Ырысалды Ахметқалиеваның қызы Сабырғали Күнсұлу Көкшетау қаласындағы №5 «Таңдау» көпсалалы гимназиясының, қызметкеріміз Аслан Оспановтың қызы Нығыметжанова Әдемі №19 орта мектептің, бет қаттаушы Ирина Хәкімованың ұлы Кузяшев Ильяс №6 мектеп-лицейінің табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа барады.
Редакция қабырғасында өткен салтанатты жиында «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі сіріктестігінің директоры Жабал Ерғалиев жас жеткіншектер мен олардың ата-аналарын осы қуанышты оқиғамен құттықтап, балғындардың алдағы өмірлеріне сәт сапар тіледі, серіктестік атынан алынған сөмке, басқа да оқу құралдарын сыйға тартты. Бұдан кейін «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа жылы сөзін арнады.
Биыл үш бірдей ұланымыздың білім әлеміне қанат қағып, әрқайсы әр мектепте шәкірт атанып отырғаны жүрегімізге үлкен қуаныш сыйлайды. Оқуда озат, тәртіпті де тиянақты болыңдар, тәуелсіз елдің болашақ тізгін ұстар иелері. Көңіл толқытатын, ертеңге сеніммен қарататын мұндай қуанышты сәттер құтты ордамызда жылда-жылда бола бергей!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.