Өткен аптада Қырғызстанның Ыстықкөл аймағында ММА бойынша (аралас жекпе-жек) Азия чемпионаты өткізілді. Оған әлемнің 11 елінен 146 спортшы қатысты. Бұл додада Қазақстан құрамасы бірінші орынды еншілеп, спортшыларымыз үздік нәтижемен оралды.
Бұл туралы Көкшетау қаласындағы «Дарын» спорт кешенінде өткен баспасөз конференциясында белгілі болды. Сүйінші жаңалықтың егжей-тегжейін «Camma Қазақстан» федерациясының президенті Болат Мұқанов пен «Бүркіт» спорт клубының бас директоры Жанат Жантасов айтып берді.
Күрес, каратэ, қоян-қолтық ұрыс сияқты спорт түрлерінен жекпе-жекке шыққан команда мүшелері жарыста жан аямай, ел намысын қорғады. Олардың арасында ақмолалық үш спортшы алтын медальға қол жеткізді. Олар кәсіпқой жекпе-жектен рекорд жаңартушы Мансур Шахгерев және әйелдер арасындағы аралас жекпе-жекте сынға түскен Томирис Жүсіпова мен Гүлбағыш Махамбетовалар.
Азия чемпионатының қорытындысына сәйкес, Қазақстан құрама командасы бірінші орынға шықса, екінші орында жарысты ұйымдастырушы Қырғызстан мемлекеті, ал, үшінші орынды Индия құрама командасы қанағат тұтты. Осылайша біздің команда ел қоржынына 14 алтын, 8 күміс, 14 қола медаль салды.
– Бұл додаға біздің команда спортшылары тыңғылықты дайындықпен барды. Күн-түнге қарамай, жоғары дайындықтың арқасында Қазақстан құрама командасы осындай тамаша жетістікке жетті, – деді баспасөз жиынында Болат Мұқанов. Оның айтуынша, қырғыз елі де бұл чемпионатты өткізу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырған. Осы дода үшін Ыстықкөлге бір айдың ішінде ірі спорт кешенін тұрғызған. Спортшыларды пансионатқа орналастырып, олардың жарысқа кедергісіз дайындалуына, тамақтануына, тынығуына мүмкіндік туғызған.
«Бүркіт» спорт клубының директоры Жанат Жантасов болса, биылғы жылы ақмолалық спортшыларға қолдау өз деңгейінде көрсетілгенін айтады. Оның сөзінше, жергілікті спорт саңлақтарына облыс әкімдігі тарапынан да, спорт басқармасы жанынан да көмек көрсетіліп, тиісті қаражат бөлініп, спорт саласына қатысты ұйымдастыру жұмыстары қарқын алған. Бұл тұрғыда жергілікті кәсіпкерлер де біздің спортшыларымызға демеушілік жасап, ынталандыру сый-сияпаттарын жасап тұратын көрінеді.
Баспасөз конференциясы барысында ақмолалық Азия чемпионатының жеңімпаздарына демеушілер тарапынан ақшалай сыйақылар мен сыйлықтар үлестірілді. Осы басқосуда үш спортшыға жекпе-жек бойынша «Спорт шебері» куәліктері тапсырылды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ.