Петропавл қаласында бокстан «Ринг королі» атты дәстүрлі халықаралық турнир болып өтті. Онда күш сынасқан ақмолалық Андрей Спиридонов екінші жүлделі орынды жеңіп алды.
Бұл кездесуде Қазақстан, Ресей және Қырғызстан боксшылары өзара ең мықтыны анықтау үшін рингте кездесті. Турнирдің басты ерекшелігі – онда спорт ардагерлері бақ сынасты. Сонымен, аталмыш турнирге ТМД елдерінен 25 бокс ардагері қатысты. Солардың бірі, біздің жерлесіміз бокстан Қазақстан Республикасының чемпионы Андрей Спиридонов:
– Мұндай турнир Петропавл қаласында бұрын да бірнеше рет өткен болатын. Менің жасым 35-те. Сондықтан, осы турнирге қатысуға мүмкіндік туғанына өте қуаныштымын. Бір жағынан өзімді сынып көргім келді. Әрине, 14 жылдан соң, қайта рингке шығу оңай емес. Дегенмен, лайықты бокс үлгісін көрсеттім, – деп ойымен бөлісті.
Андрей Қазақстан Республикасының спорт шебері, студенттер арасындағы әлем чемпионы. Қазірдің өзінде еліміздің болашақ чемпиондарын белсенді жаттықтырып жүрген бапкер. Оған қоса, осы спорт түрінен өзінің жеке мектебі бар. Сондай-ақ, Андрей Владимирович туралы боксшы Әрсен Айдарбеков те жақсы пікір білдірді.
– Бұл кісі мықты жаттықтырушы. Екеулеп турнирге қызу дайындық жүргіздік. Күніне 3-4 сағат үздіксіз жаттығады. Алдағы үш айда тағы турнир болады. Әр турнирге өзінше дайындық керек. Андрей сияқты спортшылар жаңадан машықтанып жүрген жастарға үлгі болары сөзсіз. Оның спортқа деген сүйіспеншілігі үнемі дайындық пен даму үстіндегі ұстанымынан аңғарылып тұрады, – дейді ол өз сөзінде. Сондықтан, біз де жерлесіміз Андрей Спиридоновтың алдағы турнирлерде де табысты өнер көрсетуіне тілектеспіз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.