Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауында «ұлттық спорт пен бұқаралық дене шынықтырудың дамуы пирамидаға айналуы керек, оның басында жаңа чемпиондар болады, ал, оның негізінде біз дені сау, белсенді жастар және мықты ұлт боламыз» деген болатын.
Осыған байланысты біздің облыста, Көкшетау қаласында спорт секцияларын ашу керек. Жас ұрпақ өкілдері рухани жаңғыруы тиіс. Билік тарапынан қазақтың ұлттық және бұқаралық спорт түрлері қолдануы тиіс.
Балалардың күш-қуаты мен қызығушылығын оң бағытта ұстау қажет. Сонда ғана олар Қазақ елі мен Ақмола облысының атын шығарып, Паралимпиада-2020 бірінші орын алған Давид Дегтярев сияқты мықты спортшы болады деп сенемін. Краснояр селосында Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт мектебі жұмыс істейтінін біреу білсе, екіншісі біле бермейді.
Мұнда әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының балалары және мүмкіндігі шектеулі балалар да жаттығады. Ұлттық спорттың дамуы үшін ат спортымен айналысатын қысқы кешенді манеж салу қажет. Солтүстік өңірде жылдың жартысы қыс айлары екені белгілі. Қыстың қақаған аязында көкпар, бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату тәрізді ұлттық спорт түрлерімен жаттығатын арнайы манеж жоқ.
Осының салдарынан біздің өңір өзге облыстарға қарағанда, ат спорты түрлерінен артта қалып отыр. Сондықтан ат спорты түрлеріне көңіл бөлу қажет. Жылқы ата-бабамыздан келе жатқан асыл мұрамыз, біз осы құндылығымызды жоғалтпай, жастарға үйретуіміз керек.
Мақсат АЗБАЕВ,
Балуан Шолақ атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер ұлттық спорт мектебінің директоры.