Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Наразылық - АРҚА АЖАРЫ

Наразылық

(әңгіме)

Әдеттегіден ертеректеу оянған Әділ қарт жуынып-шайынып, таңғы шайын ішісімен, өңіріне қадаулы тұрған түрлі ордені мен медальдарға самсап, сыңғырлап тұрған тозығы жеткен кәстөмін киіп, ауызғы бөлмеге шықты. Көптен бері үстіне ілмеген жаңалау бір жейдесін де киіп алыпты.
–Таң атпай қай тойға барушы едің? –деп бәйбішесі Құралай азанғы шайын енді ішіп болып, дастарханын жинап жатып, таңырқай сұрады.
– Білмеуші ме едің?! Күні кеше ауылымыздың әкімін өзіміз сайлап алдық емес пе?! Сол әкім елдің үлкендерін жинап кеңес құрмақшы екен, соған барамын. Сен де жинал! – деді.
– Құдай-ау, он үйі қалған осы ауылға не қылған әкім? Керегі бар ма? Сайлап алған сол әкімің не… қазанымызға ас салып берер деп пе едің?
– Әне… сендерге тек біреу бірдеңе беру керек! Осы елде «бізге бер…бер» деп көшеге шығып, шулап жүргендер аздай… енді сен де соларға қосылайын деп пе едің? – деп Әділ тыжырына жауап берді.
– Өй-бөй.. өй-бөй… қырық жыл бойы көммөнист болып қалтаңнан бір тастамай салып жүрген қызыл билетің қайда қалды?! Әне-міне көммөнизм орнатамыз деп күні-түні шапқылап едің… қайда сол құрған көммөнизімің?! Көммөнизм құрмақ түгілі, бар дүниенің өзін құртып алған жоқсыңдар ма?! Бара бер, сол әкіміңе өзің!
Алпыс жылға жуық отасқан өз әйелі Құралайдың мына сөзі Әділдің жанына қатты батты. Тіпті есеңгіреп қалғандай болды. Жайшылықта кеңес үкіметінің артықшылығы, бірақ қазақтың тәуелсіз ел болуы ата-бабаларымыздың түпкі арман-мақсаты болғандығы жайлы айтқанда, аттылыға жол, ауыздыға сөз бермейтін Әдекеңнің үні шықпай қалды. Аузына сөз түссейші.
Үнжұрғасы түскен қалпы Әділ де ауылдық әкімдікке қарай аяңдап кете барды. Ауылдың жалғыз көшесінің бір жақ шетіндегі әкімдікке келсе, осы ауылдың бас көтерер үлкендері түгелге жуық жиналып та қалыпты. Әкім болып жаңадан сайланған Дастанбек және хатшы қызы бар дөңгелек столды айнала отыра қалғандарға шай беріп, қызмет жасап жүр.
Ауылдың өздері сайлап алған әкімі Дастанбек Серікұлының осы отырғандарға жаттығы да жоқ еді. Жиен болып келеді. Әуелде әкімдікке дауысқа түскен үшеудің арасынан ел осы Дастанбекті таңдады. «Қыздан туғанның қиығы жоқ» деген, айдаладағы біреуге да-уыс бергенше, өз еліміздің бір жиенін қолдайық деген ниетте болған-ды бәрі де.
– Құрметті, ел үлкендері! Маған сенім көрсетіп, дауыс бергендеріңіз үшін шын ризамын. Алдағы уақытта және де қашан болсын осы отырған өздеріңіздің ақыл-кеңестеріңізге арқа сүйеймін, – деді Дастанбек орнынан тұрып.
– Өй, айналайын! Біз ақыл да, кеңес те беруге қашан болсын дайынбыз, –деп алдындағы шайын сораптап, ұрттап отырған Мәди шал қызбалық танытты. –Тек айтқанымызды тыңдай білсең жарайды ғой! Саған дейін де талай әкімдер болған бұл елде. Соларың «бәрін де қатырамын» деп келіп, ауылға жер астымен жетіп тұрған ауыз судың жалғыз құбырын ғана қатырып кеткеннен басқа дым да істеген жоқ! Сен де қатырамын деп тұрсың ғой. Енді сүйегі қаусап отырған мына біздерді қатырып кетпесең, өзге ешнәрсе қалған жоқ бұл ауылда…
Жас әкім де, өзгелер де Мәдидің мына сөзіне не айтарларын білмей дағдарып, отырып қалды. Кеңсе ішінің кеңістігін үнсіздік жайлап алды. Тек сәл-пәлден соң Әділ шал тамағын қырнап:
– Айналайын, балам! Қадамың құтты болсын! Ел саған сеніп, дауыстарын берді, өзіңді сайлап та, таңдап та алдық! Енді сол сенімімізді ақтайтын бол! –деп тілегін білдірді. –Ел ішінің шаруасын ақылдасып бірге істейміз дегенің жөн. Ауылымыз шағын болғанымен, мәселесі шағын емес. Көп жұмыс істеуге тура келеді.
Сол арада Әділдің сөзін бөліп, қызба шал Мәди «ең әуелі ауыз су керек бізге» деді де, төс қалтасынан әлдебір қағазды алып жатып, «ал енді мына біздің өтінішімізге құлақ сал» деп әкімге қарады. Оқып берейін бе?
–Оқыңыз… оқыңыз! –деп әкім жік-жапар бола қалды. «Оқысам, бұл былай, айналайын!» деп алды да Мәди шал қалың әйнекті көзілдіргін бас бармағымен сүрткен болып, қайра киді де, қолындағы қағазына үңілді.
–Біз осы ауылдың адамдары Интернет желісін қиып тастауды сұраймыз және соны талап ету үшін бізге наразылық шарасын өткізуге рұқсат беруді өтінеміз, –деген Мәди шал аң-таң болып отырғандарға түсінікті болсын деді ме, өздерінің наразылық шеруіне шығатын күндері мен сағаттарына шейін нақтылы атап, осы ауыл әкімдігінің алдына жиналатындықтарын айтты.
–Түсінбедім, –деді әкім таңырқап. –Өзге елдер осы Интернет байланысын орната алмай жүргенде, бұл ауылдың бар желіні қиып тастау керек деп наразылық ұйымдастыруы қызық екен! Естіген жұрт бізге күлмей ме?!.
–Күлсе… күле берсін! Жұртқа таба, елге күлкі болып жатқан жалғыз біз деп пе едің, айналайын?! Кешегі жапонда өткен олимпиададан да күлкі болып қайтқан жоқпыз ба? –деп екі көзі қанталап алған Мәди шал ығынар емес.
–Бұл елге Интернет неге жақпай қалды? Не кінәсі бар? –деп Дастанбектің шыр-пыры шығып, елдің үлкендеріне сауал тастап, қарай берді.
–Кінәсі сол.., –деді Мәди шал барлығының назарын өзіне аударып. – Интернет деген пәле келгелі осы ауылдың келіндері үй шаруасын істеуді қойып алды. Кейбіреулері жылап жатқан баласына да қарамайтынды шығарды. Бір төсекте жатқан байларын да керек қылмай барады. Интернет келгелі бала туу да азайып кетті. Бәрінен бұрын сауын сиырларына обал болды. Келіндер бастарына «соткаларын» жастанып алып, таң атқанша көретіндері сол болды. Нағыз сиыр саууға тұратын кезде ұйықтап қалып жүр.
–Бұл енді рас… рас, –деді ауыл үлкендерінің кейбірі. Өзінің айтқан уәжі қолдауға ие болғанына қуанып, арқаланып алған Мәди шал тағы да желпіне түсті.
–Әкім, шырағым! Түні бойы «сотка» көретін келіндер таң атқан кезде сиыр саууға тұра қоюшы ма еді?! Үйден біреуі шығып, сауа қоймаған соң сиырлар қайтсын енді, мөңіреп біраз тұрады да, желіндері сыздаған қалпы өріске кете барады. Обал-ақ! Сауылмай, желіндері жер сызған талай сиырларды көріп жүрміз! Қаншамасы суалып та кетті. Керек десең оның да санын нақтылы айтып бере аламын, – деп Мәди өзінің осы ауылда сөзі өтімдінің бірі екендігін көрсетіп-ақ тастады.
–Аға! Сол… сиырдың таңғы сауын мәселесін наразылық шарасын өткізбей-ақ шешуге бола ма?! – деді әкім байсалдылық танытып. –Әлемді жайлап бара жатқан індет мынау! Қазір жаппай екпе алу керек деп жатыр. Мендегі ақпарат бойынша осы ауылдың екі-үш адамынан басқа ешкім де екпе алмапты әлі!
–Мен алдым сол екпеңді! Ресейдің «Спутнигін» салғыздым, –деді Мәди тағы да суырыла шығып. – Әлгі үйдегі апаң алғысы келмеп еді, екпе алмасаң сенімен бір төсекте жатпаймын, тіпті екпе алған басқа бір әйелдің қолына кіріп аламын деп ашығын айттым. Кемпіріме мына мен әлі де керек екенмін, сол күні-ақ ауданның ауруханасына өзі жетіп барды ғой!
Мәди шал осыны айтып және де жаңа әкімнің өзімен ғана ақылдасып, жөн сұрап отырғандығына масаттанып, тағы да шабытына міне түсті.
–Айтқанмен, құлақ асып жатқан келіндерді көргем жоқ! Мұның бір ғана амалы бар, ауылға келіп тұрған интернет байланысын құрту керек!
–Қой, Мәке! Шағын ауыл митингі жасап жатсақ, бүкіл елге мазақ болмаймыз ба, – деп Әділ сөз бастай беріп еді, «сен өзің өмір бойы төрелердің ығында жүріп, солардың сөзін сөйлеп үйренгенсің ғой» деп Мәкесі, Мәди шал бет қаратпайтын шабуылға шықты.
– Наразылық митінгісіне шықсақ несі бар?! Қазір соңғы заң бойынша бейбіт шеруге шығуға және өзіңнің талап-тілегіңді бізді билеп отырғандарға жеткізуге толық құқымыз бар, –деп Мәди қолындағы арызын әкімнің алдына қойды. –Рұқсат берсең де, бермесең де андағы қағазда көрсетілген күні осы әкімдіктің алдына жиналамыз.
Екі көзі жыпылық-жыпылық етіп, абдырап қалған әкім не айтарын білмей отыр еді, тағы да сөз сахнасына Мәди шал шықты.
–Шырағым, саспа да, қорықпа да! Бұл бейбіт шеру болады. Ешкімді ұрмаймыз да, соқпаймыз да, ешнәрсені бүлдірмейміз! Тәртіп сақталатын болады. Оған мына мен… өзім жауап беремін, –деген Мәди орнынан тұра беріп еді, өзгелер де кетпекші болып, ыңғай таныта бастады.
Шығар есіктің алдында тұрып Мәди шал тағы да:
–Шалғайдағы шағын ауылда наразылық митингісі өтіп жатса, бұл да демократияның қанат жайғаны болады, айналайын! Сөйтіп, «біздің елде демократия жоқ» деп шулап жүргендердің аузына осы ауыл су құятын боламыз, –деп сыртқа беттей берді.
Ел үлкендері түгел тарап болғаннан кейін, Дастанбек кабинетінің есігін тарс жауып алды да, жоғарыда отырған билік өкілдерінің бірімен телефон арқылы байланысқа шықты. Өзінің қарттармен кеңес өткізіп, ақылдасып іске кірісіп жатқандығын айтып болып, күмілжи берді.
–Үнің неге шықпай қалды? – деді телефон құлағында отырған әкімдік қызметкері.
–Тағы бір қиын мәселе болып тұр, – деді ауыл әкімі жасқаншақтанып. –Ауыл халқы наразылық митингісін өткізуге рұқсат сұрап, өтініштерін тастап кетті!
–Не дейді?! Енді ауылдағылар да митингі жасайтын болғаны ма? – деп әкімдік қызметкері ыршып түсті. –Ешқашан рұқсат етуші болма! Сол митингі өтетін күні әкімдіктің алдына «асфальт» төсеу жұмыстарын жүргіз! Соны сылтау етіп, әкімдік алдына халықты келтірмей қой!
–Сіздікі дұрыс қой! Алайда, қара топырағы шығып, шаңы бұрқырап жатқан алаңға бірден асфальт қалай төсейміз? Әуелі сол араны тегістеп… сонан кейін қиыршық тас төсеу керек қой! Мұны істейтін бізде күш те, қаражат та жоқ қой, –деп әкімнің шыр-пыры шықты.
–Ештеңе білмеймін, әкім болып сайланбай жатып бастықтан сөз естіп, таяқ жегің келмесе митингінің өтуіне жол беруші болма! Ал енді ырық бермей, халық наразылыққа шығар болса, сол ауылдың осы қалада тұратын беделді де белсенді тума бір азаматын, қоғам қайраткерін өз елінің адамдарымен сөйлесуге жіберерміз, –деп әкімдік қызметкері байланысты үзді.
Ақыры қиқар Мәди шалдың бастамасымен өз өтініштерінде көрсетілген уағында ауыл халқы наразылық шеруіне жиналды. Бұл шараға ұзақ дайындалғандары бірден байқалады. «Ауылымызда Интернет те жалқау келін де болмасын!» және «Сауын сиырларымыз суалмасын, ақ мол болсын!» деген ақ шүберекке қызылды-жасылды бояумен баттитып жазып алған керме сөздерін де көтеріп тұрған кемпірлер жағы шерудің алдыңғы сабында жүр. Мәди шал қол бастап келеді. Саптың соңын ала жүгіре еріп келе жатқан балалардың да қарасыны байқалады.
Осы сәтте әкім және Көкшетау қаласынан жіберілген осы ауылдың тумасы Көшен Шәменұлы әкімдікке қарай шұбырып келе жатқан наразышыл топты терезеден көріп тұр еді. Шерушілердің алды кеңсеге жақындаған тұста ауыл әкімі Дастанбек Серікұлы мен облыс орталығынан келген Көшен Шәменұлы халықтың алдына шықты.
– Сіздерге митингі жасауға ешкім де рұқсат еткен жоқ. Сондықтан, бұл шерулеріңіз заңсыз болып табылады. Уламай-шуламай тараңыздар, –деп ауыл әкімі жиылған аз топтың алдына шығып, Интернет желісін қиып тастау мүмкін еместігін, бұл орынсыз талап екендігін айта бастап еді, кемпір-шал түгел шулап кетті.
–Осы Интернет келгелі неше түрлі пәле-жала қаптады. Балалар кітап, газет оқуды қойды. Келіндер болса үй шаруасынан да қалып барады. Кейбірінің боқтығы есігінен төріне шейін ағып жатыр. Сиыр саууға тұруға да ерінетін болды, қолдарынан «соткалары» түспейді,–деп шулаған ауылдастарының алдына қоғам белсендісі Көшен шықты.
–Ау, сіздерге не болған?! Естеріңіз дұрыс па? – деп Көшен маңдайына бұйралана біткен шашын бір қайырып қойып, ұры мысықтың көзіндей жылтылдап тұрған қос жанарын ақилата, ауыл адамдарының мысын басып тастамақшы болып жатыр.
–Бүкіл әлем осы Интернетпен күн көріп, өмір сүріп жатқан жоқ па? Білімсіз, надан неме екенсіздер! Осы қазақ қашан өзінің қыңырлығы мен қисықтығын қояр екен? Жалқаусыңдар! Сиырларың сауылмай жатса, оны Интернеттен көрмеңдер, өз жалқаулықтарың мен еріншек болғандарыңнан көріңдер!
Көшен осыны айтып, демін ішіне тартып сәл үнсіз қалған сәтті пайдаланып, топтың ішінен Әділ шал суы-рыла шығып, «Әй, Көшен! Әй Шәменнің баласы! Сен не деп тұрғаныңды білесің бе өзің?» деп айқайға басты.
– Әділ шал әкімнің жанына келіп тұрды да, өзінің айбынына мініп, сөйлеп кетті. Көшен болса аузы ашылған қалпы, аңырайып тұрып қалды.
–Әй, Көшен! Әй Шәменнің баласы! –дегенін тағы да бір қайталап алған Әділ шал, сол арада шешіліп бір, көсілсін-ай!
–Айтшы сен, әуелі осы елге өзің не бетіңмен келіп тұрсың?! Шен-шекпенді қайын атаңның беделінің арқасында, осы елге директор болдың. Болғаның құрысын, ақырында бар мал-мүлкімізді талан-таражға салып, бір өзің жекешелендіріп, мына тұрған елді тақыр жерге отырғызып кеткен сен емес пе едің? – деген Әділ шалдың осы айтқаны шымбайына батты ма, болмаса ауыл халқының қаһарынан қорықты ма, Көшен ауыл әкімінің артына қарай жылыстай берді.
Мына шалдың айтып тұрғанында ақиқат бар енді. Мемлекеттік меншікті жекенің қолына беру саясаты жүрген кезде мына Көшеннің аңқау елді тақырға отырғызып кеткені шындық. Сол отырғызып кеткен ел іші сол тақыр жерден әлі де тақымдарын көтере алмай жатыр. Қотанында бағар малы, егін себейін десе дені дұрыс техникасы қалмаған ауылдың біраз адамдары үйлерін жауып, өзге жерге көтеріле көшіп те кетті. Әлі де көшіп жатқандары бар.
Ұрты да, мұрты да бір ауылды жекешелендіруден майланып және де екі көзін шел басып, тұла бойы домаланып шыға келген Көшен бұдан кейін түрлі тыңайтқыштар мен улы химикаттарды беретін мекемені басқарып кете барды.
–Әй, Көшен, –деді Әділ шал әкімнің жон арқасынан қарап тұрған Көшенге. – Сен сол арада да егіншілерге тегін берілетін химиялық дәрі-дәрмекті де сатып, қаржысын жеп, уланып қала жаздап, тағы да сол қайын атаңның арқасында аман қалып едің! Біз оны білмейді деймісің! Бәрін де білеміз! Содан соң Құланды ауданының қаржы мекемесін басқаратын болып тағы да бір қызметке тұрып едің, мектептер мен бала бақшаларына қажетті отын сатып алуға бөлінген қаржыны да жеп қойып, тас көмірге тағы бір қақалған жоқ па едің? Сен не қылған қоғам қайраткерісің?! «Жемқорлық пен ұрлықтың алаяқ қайраткері» деген атақ жарасады саған?! Енді бүгін келіп, мынау елді, бүкіл қазақты жалқаусыңдар деп қаралап тұрсың! Табаныңды жалтырат осы елден!
Жаңадан сайланған ауыл әкімінің маңдайы мен жон арқасынан тер шықты. Мына шал облыс жіберген қайраткер Көшен Шәменовты жерден алып, жерге салғанды қойып, елден қуып салып тұр.
–Ал енді уламай-шуламай, андағы қағаздарыңды жинап алыңдар да тараңдар, – деді Әділ шал қарсы алдында тұрған замандасы Мәдиге қарата. –Интернетте шаруаларың болмасын! Келіндер де өз балаларымыз ғой! Ел емеспіз бе, сөйлесеміз олармен де! Ақылды балалар ғой, айтқанымыздан шықпас!..
Мәди шал қолындағы ауыл адамдарының наразылығы жазылып, қолдары қойылған бір парақ қағазды уқалап жыртты да, төс қалтасына салып алды. Кемпірлер жағы «мынамыз жас әкімнен ұят болды-ау», – деп бір-біріне сыбырлап, ың-шыңсыз тарай бастады…

Жабал Ерғалиев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар