Көкшеліктер ықыласпен тамашалаған «Жаужүрек»

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық Қазақ ұлттық драма театрының 2021 жылғы Қазақстанның мәдени астанасы Көкшетаудағы гастрольдік сапарының шымылдығы көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Жаужүрек» тарихи қойылымымен ашылды. Ежелден сал-серілер мен апайтөс батыр-балуандардың мекені болған, мәдениет пен өнердің киелі бесігі, Хан ордасы тігілген қасиетті жерге өнер мерекесін алып келген академиялық театрдың ең алдымен көрермендерге осы өлкенің сайын даласында өмір сүрген тарихи тұлға ­ Балуан Шолаққа арналған спектаклін ұсынуы заңдылық еді.

«Көкшетау» мәдениет сарайында қойылған спектакльдің шымылдығын түрілмес бұрын Мұхтар Әуезов атындағы академиялық Қазақ ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек пен танымал театр және кино актері Бекжан Тұрыс сахнаға көтеріліп, өнер ордасының абызы, қазіргі көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовті ортаға шақырып, сөз берді.
Кино және театр актері, КСРО Халық әртісі көкшеліктермен қауышқанына қуанып: «Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы, Танимысың сен мені, Мен қазақтың баласы» деп сөз бастады. Сахнаға көтерілу әр актер, әр өнер адамы үшін үлкен бақыт екендігін айтып, көкшелік театрсүйер қауыммен сырласып, өзі бастап келген ұжымның актерлерін таныстырды. Өнердің қара шаңырағының алғашқы қойылымын облыс әкімінің бірінші орынбасары Мәлғаждар Тәткеев, облыстық мәслихаттың хатшысы Мұрат Балпан, Қазақстанның Халық әртісі Жібек Бағысова, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев бірге тамашалады.
«Жаужүрек» драмасы атақты режиссер Есмұхан Обаевтың сахналауымен театр репертуарында он жылдан астам уақыт қойылып келе жатқан тарихи көркем драма. Қойылым белгілі әнші-сазгер, жауырыны жерге тимеген балуан ­Балуан Шолақтың рухына арналған. Аталмыш спектакльден екі нәрсенің тартысын: тағдыр мен адамның, ар мен міндеттің, табиғат пен мәдениеттің, жақсылық пен жамандықтың, зұлымдық пен ізгіліктің күресін көре алдық.
Оқиға Қарқаралы бәйгесінен жеңімпаз болып оралған Нұрмағамбеттің жүлдесіне халқы ел болып қуанып жатқан тұстан өрбиді. Осындай қуанышты сәттің үстінен түскен сегіз ояздың аға сұлтаны Паң Нұрмағамбет балуанға саусағының шолақтығын айтып, «Балуан Шолақ» деп ат қояды. Сол сәттен бастап ол Балуан Шолақ атанады. Балуанның жүлдесі Паңның бұйрығымен бүкіл кедей-кепшікке теңдей үлестіріледі.
Батырға шын сүйсінгендердің арасынан самаладай жарқырап, ақ көйлек киіп шыққан Ғалия қыз сахна төріне халық әні «Гауһартасты» майда қоңыр үнімен шырқап шыға келеді. Бұл ән сахнадағы қойылымға ерекше көркемдік, сұлулыққа толы әдемі пафос сыйлағандай әсер қалдырады. Балуанға Ғалия қыз сыйлаған патсайы шапан сол жердегі дүйім жұрттың атынан жабылған сыяпат секілді болатын. Ал, Балуанның жары Балқашты бұл шапан мұңға батырады.
Драманың шарықтау шегі Балуанның ояздың сарайына келетін тұстан басталады. Халқының күрескер ұлы осы заманғы смокинг киіп, қаққан қазықтай болып келуі бір жағынан көрерменді ойландырып тастады, мұның өзі көңілге біртүрлі көрінеді екен. Бірақ, бұл қашанғы қазақтарды орыстардың алдында алба-жұлба қылып көрсетеміз деген ойдан шығар деп түсіндік. (Себебі, біздің де сал-серілеріміз бен зиялыларымыз, мәселен, Жаяу Мұсаның өзі галстук тағып, зиялы орталарда сөйлеген, ән айтқан, орысша білген. Абай мен Ыбырай да солай еді ғой). Содан балуан бұл кездесуде өз жерімізді өзімізге қайтару қажет деген мәселені төтесінен бірақ қояды. Дегенмен, батыр балуанның қойған шарттарына Долгоносов келіспейді. Шарт-шұрт мінезімен қапаланған Балуан Шолақ қолын бір сілтеп, жолында кездескен сарбаздарды бір-ақ итеріп, құлатып кетеді. Долгоносов келісімге келмегеннің көкесін жалғыз қызы – Татьянаны ұрлап әкеткенде көреді. Енді балуаннан келген хаттағы шарттарына бас иземеске амалы қалмайды.
Бұдан кейінгі оқиға қазақ даласындағы орманда, тауда өрбиді. Таудың шырқау шыңында өткен үш күн, үш түнде орыстың қызы Татьяна Балуандай қазақтың азаматына ғашық болып қалады. Бұл уақытта Балуанның жары мен туған-туыстары түрмеде жатқан еді. Балуанның кең пейілділігіне, ақылдылығына, батырлығына іш тартқан Татьяна (актриса Лейла Тілеуова) қазақ халқын бұдан былай ерекше құрметтейтіні аян. Бұлай дейтініміз, драма соңында Балуан Шолақ айтқандай, «Татьянадан туған балалар қазақты бір кісідей қастерлейтін болады».
Спектакль басталысымен-ақ өзінің кең тыныстылығымен ерекшеленіп, көрерменді өзіне ұйытып әкеткенін де айта кету керек. Актерлердің шығарманы қояр алдында көп еңбектенгені көрініп тұр. Декорация, киім, барлығы талапқа сай, шығармаға өзіндік көркемдік пен эстетика береді.
Спектакль аяқталған соң, облыс әкімінің бірінші орынбасары Мәлғаждар Тәткеев Жетісудан жеткен шығармашылық ұжымға көкшеліктерге сыйлаған өнер мерекесі үшін алғыс білдіріп, Асанәлі Әшімовке облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырып, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, театрдың директоры Еркін Жуасбекке де арнайы сый-сыяпат жасалды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар