Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Театр сахнасында өмір бар да, өнер жоқ» - АРҚА АЖАРЫ

«Театр сахнасында өмір бар да, өнер жоқ»

Көкшетауда қаласындағы облыстық ішкі саясат басқармасының мәжіліс залында Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті.

– Қазақтың аңызына да абызына да айналған қазақ өнерінің әлемдік абыройы-
на, әлемдік биігіне, асқар Алатауына, сонымен бірге, қазақ киносының, қазақ руханиятының шежіресі, тарихы мен абыройы болған Асанәлі Әшімов ағамыз. Қазақстанның еңбек ері, кешегі кеңестер одағынан Қазақстанның халық әртісі Асанәлі ағамыздың ортамызды толтырып отырғаны еліміз бен руханиятымыздың ғана емес Көкшенің кешегі сал-серілерінің абыройы деп есептейміз. Асеке, қош келдіңіз! – деп кездесуді бастаған жазушы-драматург Жабал Ерғалиев баспасөз мәслихатының алдында құрметті Асанәлі ағамыз бастаған бүкіл театр ұжымына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың үлкен сәлемін жеткізіп, алғашқы сөз кезегін ұсынды.
Сонымен, қазақтың Асанәлісі, қазақтың абызы мен аңызы атанған Асанәлі ағамыз:
– Ассалаумағалайкум, бауырлар, «Ел іші – алтын бесік», әрқашан біз халықпен кездесіп, сіздермен жүздескенімізді өзімізге бақыт санаймыз. Әр адамның өзінің бағыт-бағдары мен келешегі бар. Адам болып жаратылғаннан кейін армансыз болмайды. Әркім әр салада өзінің қызметін атқарады. Биыл қазақтың М.Әуезов атындағы ұлы театрына 95 жыл толды. Театр ұжымы жастардан құрылған. Біз сіздерге ең үздік деген спектакльді іріктеп алып, көрерменнің ықыласына бөленіп, бағасын алайық деп келдік. Бұл театрды Серке Қожамқұловтардай ұлы ерлеріміз басқарған. Ол Майтанова, Бөкеева, Жандарбекова, Римова, Фарида Шәріпова, тағы басқалары. Солардың тәлім-тәрбиесін көріп, өкшесін басып келе жатқан мына біздер. Ол азаматтар өмірден озды, бірақ, өнерін халыққа тастап кетті. Біз де жас ұрпаққа аманаттадық. Бекжан заманы әрі қарай эстафетаны жалғастырып алып барады. Жалпы, ежелден келе жатқан театрдың өзінің мектебі болады. Сол мектеп біздің мықты іргетасымыз. Іргетасымыз жойылса, театр жоғалады. Мен сондай мықты ұлылармен сахналас болдым. Сондықтан, мен бақытты адаммын. Осының бәрін көргенім үшін, әлі күнге дейін көз алдымда. Әр рөлді ойнаған сайын солардың әрекеті, іс-қимылы көз алдымда тұрады. Елестетіп отырам, солардан бата алғандаймын. Аруағына бас ием. Олар ұлы адамдар еді. Талант, деген табиғаттан беріледі. Бізге дейінгі өнерлілер сол халық арасынан шыққан. Мысалы, Қалекеңдер қол қою білмейді, бірақ актерлігі шың, орыстың станиславскийі сияқты. Ұлы актерлермен теңдес. Олардан бірде кем емес. Қайта артықшылығы мол. Кейіпкерлер екіге бөлінеді. Жандылық кейіпкер және сындылық кейіпкер деген мектептер бар. Кейіпкер жандылығы табиғи болса, кейіпкер сындылығы Сераға Қожамқұловтар. Олар трагедияны, Отелланы, Абайды, Құнанбайды ойнайды. Серағаңдар сахнаға шыға келгенде үлкен өмір шығады. Жоғары биліктің адамдары келсе, олармен амандасып алып, солармен қарым-қатынас жасай жүріп ойнайды. Ол да ұлы мектеп. Ал, Қалекеңдер тұрғанда тау көшіп келгендей, бүкіл сахна толатын. Абайды, Құнанбайды, әсіресе, Ақан серіден бір сөзі жоқ Мылқауды ойнауының өзі бір құдірет. Міне, ұлылық қайда жатыр? Ақтоқтының трагедиясын көргенде басбармағын тістеп, сахнада ыңырсып бес минут тұрады. Көзі қызарып, тамырланып, оның жанын салып рөлге кіріп ойнағанын көргенде сахнада жыламайтын адам қалмайды. Көрермен еңіреп отырып, содан нәр алып қайтады. Міне, өнердің құдіреті, – деді аңыз адам.
Сіз кешегі ұлылардың көзін, солардың тәрбиесін көріп, бақыттымын десеңіз, бүгінгі күні сізді көрген біз бақыттымыз, деген, Жабал Ерғалиұлы келесі сөзді Әкемтеатрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбекке берді.
– Асанәлі ағамыз айтып кеткендей, театрымыз 95 жыл толып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ұлттық» атағы берілуі театрға берілген әділ баға деп білемін. Театр өзінің шығармашылық сапарын дәстүрлі түрде жалғастырып, санитарлық режимді сақтай отырып, Көкшеге ат басын тіреп отырмыз. Бұл үшін қуаныштымыз. Театрымызда осы Бекжан Тұрыс сынды көптеген мықты актерлеріміз бар. Оларды бір апта бойы сахнадан қойылымдарын тамашалау арқылы көріп, кездесетін боласыздар. Біздің гастроліміз Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің қаржылай қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ, бұл сапар биылғы Қазақстан Респуб-
ликасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Көкшетау қаласының Қазақстанның мәдени астанасы болып жариялануына орай ұйымдастырылып отыр. Бұдан әрі Солтүстік Қазақстан облысына да алты спектакльмен баратын боламыз. бір айтарым, осы кездесуде бізге құрмет-қошемет көрсетіп төрағалық етіп отырған, осы Көкшедегі біздің өз адамымыз, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевке арнайы алғысымызды білдіреміз. Оның алғашқы спектаклі біздің театрдың ұйымдастыруымен 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығында Тараз қаласында өткен үлкен сахналық қойылым болатын. Оның жетекшісі Асанәлі аға болса, Асанқайғының рөлін ойнаған Бекжан Тұрыс болатын. Одан кейін «Қас-қағым» спектаклімен біздің театр екі гран-приді жеңіп алғанбыз Оның бірі Бішкек қаласында, екіншісі Астанада өткен халықаралық фестиваль. Сондықтан, Жабал Ерғалиұлы бізді тұрақты авторымыз десек артық болмас.
Одан әрі сөз алған Әуезов театрының жетекші актерлерінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс, жалпы театрдың бірнеше буын өкілдері бар екенін, сол өкілдердің ішіндегі саналы уықтарының бірі де бірегейі Асанәлі ағамыз екенін мақтанышпен жеткізді. Алдағы бір аптада сахнадағы қойылымдары арқылы көзі қарақты көрерменмен кездесіп, сұхбаттасатын боламыз, деген ол театр қойылымдарын тамашалауға шақырды.
Баспасөз мәслихатының соңында Көкшетаудағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының анасына айналған Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова сөз сөйлеп, ыстық ықыласын білдірді. Сондай-ақ, Асанәлі ағамыз журналистердің сұрақтарына жауап беріп, «театрда өмір бар да өнер жоқ» екенін жан жүрегімен жеткізе білді. Бізге де аңыз адаммен кездесуге жазған мұндай мүмкіндіктің туғаны зор ғанибет. Сондықтан, қазақтың абызы, аңызы атанған Асанәлі ағамыз аман болсын. Иә, Көкшетауға үлкен асқар Алатау көшіп келгендей.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар