Ешкінің де ескерткіші бар елде,
Ешкі жайлы әңгіме көп әлемге.
Бұл ешкінің еті, сүті, түбіті,
Жырға қоссаң, сыймайды аз көлемге.
Ешкі жайлы айта алмайсың басқаша,
Жарасады оны шындап мақтаса.
Төрт түліктің өсімталы дегізіп,
Ешкі ешкі ме, тек егізден таппаса.
Серке бастар талай қойды бір отар,
Мал алдында жүргенді ол ұнатар.
Қайда ғана апарады, өз еркі,
Қара жаяу емес бірақ, сезімтал.
Бұрын шіркін, шұбыратын ауылда,
Айдап салу жұмыс еді сан ұлға.
Көрінбейді, сабытын көп салдырмас,
Сонда бүгін ешкі ұстау ауыр ма?!
Кезіп кетер мінезі бар азырақ,
Тұрса болды ниетіне жаз ұзақ.
Жапырақ па, ауладағы ағашта,
Бұл ешкіңнен аман қалған жапырақ?!
Ешкі ұстаған біздің үй де ол күндер,
Егізден ғой, семізден ғой, шіркіндер.
Еті қандай, сәл қатқаны болмаса,
Анау-мынау сырқатыңды өзі емдер.
Сүті қандай, майы қандай қорытқан,
Шыныменен, сан жөтелің қорыққан.
Түбітінен шұлық тоқып бізге анам,
Отыратын, мен бе оны ұмытқан?!
Ешкі етін сен де ағайын, жейсің ғой,
Шұнағым деп неге атайды дейсің ғой.
Жақсы көріп, ол да ешкіні іш тарту,
Одан басқа таба алмайсың кемшін ой.
Ешкі егізден деген де бар халықта,
Оны дағы білмейтін жас, байыпта.
Мен ешкінің жалқы лағын көргем жоқ,
Басқа түлік бұйырмасын айыпқа.
Ешкі осы, сәл секектеу демесең,
Өссін, өнсін, бір жағынан деме сен!
Өз төлімен өзі-ақ ертең көбейіп,
Кете көрмес қысы-жазы еш есең.
Ескерткіштен шығып кетті әңгіме,
Ойламаңыз, тұғырда тұр ол неге?
Өзі ерекше болған соң да жануар,
Лайықты ғой осындай бір белгіге!..
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.