Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жетісуден жеткен өнер көші ат басын Қызылжарға бұрды - АРҚА АЖАРЫ

Жетісуден жеткен өнер көші ат басын Қызылжарға бұрды

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ ұлттық драма театрының Ақмола облысына гастрольдік сапары сәтті аяқталды деуге толық негіз бар. Бір-біріне ұқсамайтын, әр түрлі тақырыптарды қаузаған спектакльдер ұзақ уақыт бойы көкшеліктердің санасында жаңғырып қала бермек. Театрдың Ақмолаға сапарының соңғы екі күнінде көрермендер көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» спектаклін және Абай Құнанбайұлының қара сөздері негізінде қойылған «Қара» драма-диалогын тамашалады.

Жүз жылдық махаббат

«Жүз жылдық махаббат» шығармасы заманынан озып туған, соңына өшпес рухани мол мұра қалдырған Алаш ардақтысы, ақын Мағжан Жұмабаевтың рухына арналған. Абайдан кейінгі өзінің өлеңдерінің ерекшелігімен мойындалған ақынның қасіретті тағдыры спектакльде жазықсыз түрмеге қамалған күйеуінің жоқтаушысы, жанашыры бола білген, кейін оның артында қалған әдеби мұрасының шырақшысына айналған аяулы жары Зылиханың естелігі бойынша өрбиді. Спектакльде ақынның жырлары оқылып, әндері шырқалады. Қойылымның режиссері –
Алма Кәкішева.
Спектакльдегі әрбір рөл, яғни, кейіпкерлердің сыр-сипаты, болмыс-бітімі актерлердің бойына әбден сіңген тәрізді. Режиссер ақын тағдырын шым-шытырық оқиғаларға толы әрі тартысты етіп беріпті.
Спектакльге азырақ шолу жасасақ, ақынның сүйген жары Зылиханың рөлін ойнауды мақсат еткен жас актриса Мадина өмірдегі кәдімгі Зылиха Жұмабаеваны іздеп келеді. Қойылым екеуінің кездесуінен, әңгімелесуінен, танысуынан басталады. Бірінші бөлім екі кейіпкердің, яғни, Зылиха мен актриса Мадинаның диалогтары мен жүріс-тұрысы, қимыл әрекеттері арқылы біртіндеп дамиды. Кейбір жері созылып, көрерменін зеріктіріп жіберетін тәрізді, алайда, бұлай диалогтар дамымаса, екінші бөліміндегі шиеленістер мен шарықтауларды қабылдай алмаушы ма едік. Десе де, екеуара әңгіме тым қарабайыр болмай, мазмұнды, әрі юморлы етіп құрастырылып, көрерменді Мағжанға жақындата түскендей. Зылиха рөлін ойнаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіп өзінің жасынан әлдеқайда үлкен ақынның жесірін өте шынайы әрі әсерлі етіп көрсетіп берді. Актриса кезіндегі Мағжан ғашық болған хас сұлудың әрекеттерін, зиялы әйелдің болмыс-бітімін ой елегінен өткізіп, жүріс-тұрысын, қимыл-қозғалысы мен сөздерін, қартайған шағындағы қалжыраған бейнесін қапы жібермеген. Мадинаны сомдаған Ажарлым Бақытжанова да жас Зылиханы одан әрі жандандырып жібереді. Қойылым барысындағы жас актрисаның күлкілі әрі күйдіргі сөздері кім-кімді де бейтарап қалдырмады. Әсіресе, екінші бөлімде Мағжанның қасындағы жас Зылиханы ойнағанда өзінің сұлулығымен, көріктілігімен сахнаны, спектакльді тіпті құлпыртып жіберді.
Жоғары білімді, қазақ поэзиясына жаңа леп әкелген албырт ақын, орыс зиялылары «қазақтан шыққан Пушкин» деп атап кеткен ақынды ату туралы сол кездегі адуынды үштіктің қаулысы жоқ екен. Бұл тарихи дерек қойылым барысында пьеса авторы жазып өткендей, Мадина мен Зылиханың диалогында келтіріліп, оның неге атылғандығы, атуға кім бұйрық бергені, сол уақыттағы жағымпаздар мен тоғышарлардың сатқындық пен ұлтқа жанашырлық танытпау секілді көреалмаушылық жағдайлары көрерменді терең ойға жетелеп, мұңға батырды, қынжылтты. Бұл жөнінде Мағжанның жары Зылихаға Мәскеудің ОКПУ-ының бір қызметкері: «Мағжанды ату туралы қаулы жоқ. Мағжанды құтқарып қалу қазір оп-оңай. Тіпті, түрмеден де шығарып алуға болады» деп жеткізіпті. Кейін Алаш ардақтысының жары ОКПУ-ға хат жазып, олардан келген жауапта Мағжанға ату туралы қаулы жоқ, Қазақстан бұл мәселені өздері қарасын деп жазылыпты. Кейін біздің Қазақстандағы жағымпаздар Мағжанды пантуркист, ұлтшыл, Жапонияның жансызы деп қаралапты, содан ОКПУ Қазақстан өздері ату жазасын сұрап отыр деп, Мағжанды атып жіберген екен. Міне, қазақтың трагедиясы да осында емес пе?!
Мағжанның түрмеде жатқан шағындағы Зылиханың оған сан мәрте баруы, жауыздардың Мағжанды қорлауы секілді эпизодтар жан түршіктіреді. Десе де, бұл тарихи шындық элементтері ғой.
Драматург Дулат Исабеков бір сұхбатында: «Мағжан ешкімге ұқсамайтын ақын, тіпті Зылиханың өзі ешкімге ұқсамайды. Ол отбасында отырып қалған, күйеуін жоқтап, қара жамылған әйел ғана емес. Ол бәріне философиялық биіктен қарайтын әйел» деп айтыпты. Әсіресе, Мағжанды жазуға сол Зылиханың драмаға толы өмірі түрткі болған екен. Қойылымда Мағжан аса жоғары білімді ақын болғандығы, қазақ поэзиясына жаңа сарын, жаңа леп, жаңа пәлсапалық биіктік әкелгенімен қатар, қоғамға азаматтық үн алып келген, ұлттың өміріне басқаша биіктіктен қарайтын ақын ретінде ғана емес, орыс зиялылары арасында сыйлы, өзін мойындатқан тұлға ретінде суреттеледі. Қойылым соңында Мадина Зылиха айтып бастайтын ақынның «Әлдиле өлім, әлдиле» өлеңін жалғастырып, адамды өлім әлдилеуші ме еді, әлдиле өмір әлдиле деп аяқтайды. Алаш ардақтысы Мағжанды «Серпер» жас-
тар сыйлығының иегері Алмас Шаяхметов барын салып ойнап шықса, Валерий Брюсовты Жасұлан Байсалбеков, Гүлсімді Майра Әбсадық сомдап берді.
Жалпы, қойылымдағы кейбір әрекеттер пьесадан тыс жасалған. Режиссер екінші бөліміндегі Зылиханың әңгімелерін қысқартып, іс-әрекеттерге басымдық беріпті. Мұны пьесаны толық оқып шыққан адам бірден байқайды. Бұл көрерменді жалықтырып жібермеудің режиссер тапқан жолы деп түсінеміз. Іс-әрекет арқылы Мағжан көрермен есінде ұзақ сақталуы тиіс деген ойы шығар. Десе де, Мағжанды көруге асыққан жұртшылық оның қойылымдағы бейнесіне тоймай қалған тәрізді. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, Мағжанның рөлі екінші бөлімде ғана басталады.

Қара

Бұл қойылым өнер ұжымының былтыр еліміз бойынша атап өтілген қазақтың бас ақыны, данышпан Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған туындысы. Спектакль режиссері –
Жұлдызбек Жұманбай.
Абай қазақ халқының ар-ожданы, мақтанышы және намысы. Қойылым адам бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты жоюға үндеген, «мыңмен жалғыз алысып» жаны бір сәт тыныштық таппаған Абайдың кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман келбетімен, бүгінгі күннің проблемаларымен шебер ұштастыра отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптейді. Ұлы ойшылдың 45 қара сөзін негізге алған қойылым сөзталас формасында жасалған. Мұнда жалғыз ғана кейіпкер бар. Ол – Абай және оның ойлары. Осы ойларға пішін дарытып, жан бітірген ол – отыздан астам актер.
Бүгінде еліміздің кейбір білгішсымақтары «Рухани жаңғырамыз» деп, түрлі іс-шараларды ұйымдастырып жүр. Ішінде халық санасын жаңғыртып, ұлттық болмыс, ұлттық діл, ұлттық намыс пен ар-ожданнан рухани іліп-алар ештеңесі болмаса да, соған қарамастан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында деп кез-келген мәнсіз-мағынасыз мерекелерді атап жатады. Ал, кешегі «Қара» диалог-драмасы жас ұрпақ былай тұрсын, орта буын мен кеңестік саясатпен өскен аға ұрпақтың да санасына сәуле себезгілеткен, нағыз рухани жаңғырудың, рухани азықтанудың, жүректерге рухани нұр құйып, сәуле шашатын танымдық та тағылымды қойылым болды.
Спектакльді тамашаламас бұрын, қара сөзінің мәніне үңілген дұрыс шығар. Қара сөзін біз ұлтымыздың өзіне тән «ұлы» деген ұғымымен түсінеміз. Мысалы, қара шаңырақ, қара домбыра, қараой, қара дала… Демек, Абайдың «қара сөз» дегені «ұлы сөз» дегені болар. Ал, Абайдың қара сөздері алуан тақырыпты, әралуан мәселені қамтиды. Әрине, ұлы ойшылдың шығармаларымен сусындап, данышпанның қара сөздерін оқып өскен ұрпақ шығармаға бірден ұйып, Абаймен бірге күйініп, Абаймен бірге толғанып, Абаймен бірге ойға шомады. Ондағы философиялық ойлар мен мағынасы терең даналыққа, күрделі түйдектерге бойлай алады. Ал, Абайдың шығармашылығынан алыс көрерменге бұл қойылым ауыр, әрі күрделі, әрі түсініксіз болуы мүмкін.
Пікірталас, дау-дамай, қарсылық сахналарының қай-қайсы да бүгінгі күнмен астарласып жатыр. Алғашқы көріністегі күлтөбе – бүгінгі күннің парламенті іспетті. Бұл бітпейтін дау, шешілмейтін мәселе, бір-біріне құлақ аспайтын шенді-шекпенділерді елестеді. Режиссерлік жұмыс пен драматургиялық тәсіл жымдасқан бұл қойылымда кейбір өлшемге сыймайтын ұлы сөздер мән береді.
Қойылымда Абайдың қара сөздері негізінде ұлттық салт-дәстүр, ұлттық таным-түсінік, ұлттық болмыс-бітім, ұлттық тәрбие жан-жақты көрсетіліп, суреттелген. Спектакльге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Асылбек Боранбай, Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда, Дәрия Жүсіп, Шынар Асқарова, «Құрмет» орденінің иегері Үсіпхан Сейтімбет, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Жасұлан Байсалбеков және театрдың басқа да белді актерлері қатысты.
***
Ақан сері мен Біржан сал ән салып, Үкілі Ыбырай гәккулеткен киелі Көкшетаудың талғампаз көрерменін бір апта бойы әртүрлі қойылымдарымен таң қалдырған қазақ өнері мен мәдениетінің қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ ұлттық драма театры осымен облысымызға гастрольдік сапарын аяқтады. Қазақстанның биылғы мәдени астанасы атанған Көкшетауға мазмұнды да тағылымды спектакльдерін алып келген өнер ұжымының атынан аталмыш театр директорының орынбасары, актер Жалғас Толғанбай сөз сөйлеп, ең алдымен ыстық ықыласпен қарсы алып, күн сайын қойылымдарын тамашалауға асығып жеткен көрерменге, гастрольдік сапарға шығуға қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, Ақмола облысының әкімдігіне және театр ұжымының өз адамы саналатын – тұрақты авторы, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевке, Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Бақтыгереевке ризашылықтарын білдіріп, Алғыс хаттар мен ғасырға жуық жасаған театрдың тарихына арналған кітаптарын табыс етті.
Өз кезегінде Жабал Ерғалиев бір аптадан бері Ақмола жұртшылығына өнер мерекесін сыйлаған, қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімов бастап келген ұлттық театрдың басшылығы мен шығармашылық ұжымына зор алғысын білдіріп, оң сапар тіледі.
Арқаның сұлу Көкшесінен бастау алған Жетісудің өнер тарландарының гастрольдік сапары енді Қызылжарда жалғасады. Сапарың құтты болсын, әкемтеатр!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар