Қазақстанда жылыту маусымының басталуына байланысты көмір тасымалдау барысын қадағалайтын арнайы мониторингілік топ құрылып, жедел штаб жұмысын бастап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жылыту маусымы қарсаңында дәстүр бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ орталық аппаратында көмір тасымалдау жөніндегі жедел штаб пен жол бөлімшелерінде жедел топтар жұмысын қайта жандандырды. Апта сайын көмір тасымалдаушы мекеме өкілдерінің қатысуымен штаб отырысы өткізіледі. Онда көмір тасымалдау мәселелері қаралады, жүк вагондарының кешігу себебі анықталып, ол бойынша шұғыл шешімдер қабылданады. Сонымен қатар, биыл темір жол бөлімшелерінде мониторингілік топтар құрылды.
Топ мүшелері жалпы еліміз бойынша көмір тиеу мен жеткізуге қатысты ақпарат жинап, сұрыптаумен айналысады. Проблема туындаған жағдайда оның салдарын анықтап, шешім қарастырады», — деді «ҚТЖ «Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Қанат Көбесов «Самұрық-Қазына» АҚ алаңында онлайн өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, көмір тасымалы жұмысына қатысты құрылған жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Бұған дейін еліміздің кейбір аймақтарына көмір жеткізудің кешігу себебі белгілі болды. Сондай-ақ, Қ. Көбесов биыл еліміз ТМД елдеріне 2,7 млн тонна көмір экспорттағанын мәлім етті.
Дереккөз: www.inform.kz