Ауылда өмір сүру деңгейін арттыру үшін елімізде «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы іске асырылуда. Оның негізгі міндеттері – ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту, оларды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне келтіру.
–Ақмола облысында жобаны тиімді ілгерілету мақсатында 2025 жылға дейінгі жеке жоспар-кесте әзірленді. Бұл құжат әртүрлі жобалар іске асырылатын ауылдық елді мекендер бойынша мәліметтерді қамтиды, – деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.
Облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы атап өткендей, 2019-2020 жылдары 72 жоба іске асырылды, бұл 15 ауылдың 80 мыңға жуық тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Бағдарлама шеңберінде жалпы ұзындығы 120 километр кентішілік жолдарға жөндеу жүргізілді, Зеренді ауданы Викторовка ауылының және Бұланды ауданы Капитоновка ауылының екі мыңнан астам тұрғындары сапалы орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізді, Астраханка ауылында инженерлік желілері бар қазандық, Аршалы кентінде 88 адам қабылдайтын бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, жылумен жабдықтау желілеріне, көшені жарықтандыруға және басқа да көптеген объектілерге жөндеу жүргізілді. 844 уақытша жұмыс орны құрылды, оның 48 — і тұрақты жұмыс орны.
Биыл ел Тәуелсіздігінің мерейтойлық жылында 27 ауылда 77 жобаны іске асыруға бюджет қаражаты бөлінді. Өткен жылдармен салыстырғанда бөлінген қаражат көлемі ұлғайды, қаржыландырылатын жобалар мен ауылдық елді мекендердің саны өсті. Бүгінгі таңда 14 жоба бойынша жұмыстар аяқталды. Бұл Краснояр ауылын жылумен жабдықтаудың сыртқы желілерін салу, Мәдениет, Егіндікөл ауылдарындағы жолдарды орташа жөндеу, Жақсы ауылында мәдениет үйін күрделі жөндеу және жолдарды орташа жөндеу, Лозовое ауылындағы жолдарды орташа жөндеу, Новоселовка ауылындағы көше-жол желілерін орташа жөндеу және тағы басқа жұмыстар.
Атбасар ауданының Бастау ауылында жастардың бос уақытын өткізу орталығының, Жақсы және Ақмол ауылдарында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, Бурабай ауданының Мәдениет ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде, Сандықтау ауданының Балкашино ауылындағы стадионды және басқа да объектілерді қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Өткізіліп жатқан іс-шаралар ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін беріп, жалпы ел экономикасына оң әсерін тигізеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.