Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бүгінгі заман шындығын дәл жеткізген қойылым - АРҚА АЖАРЫ

Бүгінгі заман шындығын дәл жеткізген қойылым

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ХХV маусымы көрнекті қаламгер, жазушы Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасымен ашылды. Қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаев, суретшісі – Баймұра Топанбаева.

Биыл көрікті Көкше жерінде қазақ театрының бой көтеріп, көрерменіне шымылдығы түріліп, өнердің қара шаңырағына және көрерменнің көзайымына айналғанына ширек ғасыр толып отыр. Ұжым қызметкерлері мерейлі 25-інші маусымының ашылу салтанатына ерекше дайындалыпты. Неше түрлі көзтартарлық әдемі костюмдерімен қарсы алған қыздар мен жігіттер, театр ұжымының көрерменіне дайындаған кішігірім бағдарламасы жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Актерлер Ұлы Абайдың әндерінен попурри айтып, барша жиналған қауымның оларға қосыла шырқағаны қандай әсерлі де әдемі. Театрдың негізін қалаған актерлердің бірі – Төлеубек Көңбай сөз сөйлеп, былтырдан бері коронавирус індетіне байланысты көрерменмен театрдың арасы алшақтап кеткені жайында ойын білдіріп, көп уақыттан кейін қайта қауышып отырғандарына ризашылығын айтты және актерлердің жүрек түкпірінде жатқан игі-жақсы тілектерін жеткізді. Премьераны тамашалауға мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург
Жабал Ерғалиев, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова және мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қатысты.
«Тендерге түскен келіншек». Бір қарасаңыз, тақырыптың астарында ащы сатира жатқан комедия ма деп қаласыз. Бірақ, бұл адам өмірінде кезігетін трагедияға толы қызықты драма.
Өмірде бір ғана жағдай күллі дүниенің күл-талқанын шығаруы мүмкін. Мысалы, спектакльге арқау болған негізгі себеп –
көлік апатын алайық. Сүттей ұйыған отбасы ұл өсіріп, оны үйлендіріп, немере сүйіп отырған кезінде тағдырдың тәлкегіне ұшырайды. Қай отбасында, қандай шырғалаң боларын ешкім болжай алмайды да емес пе? Қойылымда Таубай мен Сағиланың үлпілдетіп отырған жалғыз ұлы көлігімен зулап келе жатып кісі қағып кетеді. Ата-анасы аз уақыттың ішінде 100 мың доллар тауып, пара бермесе жалғыз ұлдары темір тордың әр жағынан бір-ақ шығады. Айлығы шайлығына жетпей отырған қарапайым жандар ондай ақшаны қайдан табады?
Арлыны ақшасы бардың алдында бас идірген қу заман ғой… Елуді алқымдаған шағында отағасы мен жұбайы сынға түсіп, бауыр еті – балалары үшін таң­дау жасауларына тура келеді. Бұл таңдау, яғни, 100 мың доллар­дың құны – бір-бірін сүйетін, сыйлайтын, отыз жылдан астам отас­қан­да әй-шәй деспеген ерлі-зайыптылардың заңды некелерін бұзып, ажырасуы еді. Құрсағын жарып шыққан ұлы үшін ана да, ұрпағы үшін әке де бұл шартқа еріксіз көнеді. Нәтижесінде аялдамада адам қағып кетіп, оны өлтіріп алған ұл бостандыққа шығып, отанасы өзіне баяғыдан ғашық болып жүрген бай мырзаның жарына айналады. Бұл жерде ең сорлаған адам – ол қайран әке. Барынан айырылып, намыстан елдің бетіне қарай алмай, ел кезіп кетеді. Кейіпкер Таубайды – Қазақстанның мәдениет қайраткері Қайрат Мырзаболатов, «тендерге түскен келіншек» – Сағиланы – ҚР мәдениет саласының үздігі Маржан Бөкешова, ара-ағайын әрі адвокат Жорабекті театр актері Еркебұлан Төлеуов, ерке келінді актриса Ғалия Қорабаева, кішкентай баланы Айару Мыңжасар ойнап шықты. Әрине, актерлердің кәсіби шеберліктері өз алдына, әр кейіпкердің тағдырын, жай-кү­йін көрерменнің жүрегіне жеткізе ойнағандары көрермен көңілінен шықты.
Шы­ғарманың өзектілігі, қойылымдағы қазіргі мына заманның ащы шынды­ғының тап басып суреттелуі спектакль соңында егілген жанарлар мен қошеметке толы қол ша­палақтаулардан-ақ аңғарылып тұрды. Қалың көрермен қойылым соңында актерлерге риза болып, олардың құшағын гүлге толтырып, зор риза­шы­лықпен үздіксіз қол соғып, қошемет көрсетті.
Жалпы, бұл шығарманы автор Медеу Сәрсеке қолға алмас бұрын ұзақ жылдар бойы ойланып-толғанып, көз алдында көрген оқиғасын қорытып жазғанын зерттеп, білдік. Тіпті, ондағы БОМЖ атаулы кейіпкерлер де ойдан алынбаған, олар қоғам арасында бар, мына сұм дүниенің тәлкегін көрген сорлылар. Қойылым барысында сол көше кезіп, кезбе атанған немесе қазіргі уақытта БОМЖ деген атауға ие пақырлардың ішінде де мықты кәсіби мамандар табылуы мүмкін деген ой түйдік. Бір кішкене эпизодта келтірілген бұрынғы сәулетші Сергей де Таубай секілді ары таза адам. Бірақ, тағдыр бұл екі бейбақты сәулетші жобалаған керемет ғимараттың ішінде дастархан басында емес, қоқыс жәшігінің жанында кезіктіріп отырғанын қараңызшы… Олардың аузымен айтылған мәселелер, заманның ащы да болса шындығы. Парақорлық, қымбатшылық, адамдардың ақшаға табынуы, надандық мәселелері кім-кімді де терең ойға жетелейді.
Шығарма кейіпкерлері айтып өткеніндей, кез-келген адамды ақша бұзады, тіпті отыз жыл отасқан жұбайының өзі қарапайым күйден бірден байлыққа күмп ете қалып, кейін қайыршы атанған күйеуіне қайта айналып келгісі де жоқ. Жарының жанын түсінеді, қимайды да, бірақ, байлықтан, қазіргі тұрмысынан айырылғысы келмейді. Кім неден айырылды? Ал, кімнің ары таза? Әрине, ол өмір бойы адамгершілік пен кісілікті басты орынға қойған отағасы. Кейіпкердің іс-әрекетінен барынан айырылып, барын беріп, нәтижесінде жалғыз қалған ізгі жанға мына сұрқия қоғамда орын жоқ дегенді ұғынуға болады. Себебі, қазіргі заманда қоғам үшін басты құндылық ар мен ождан, адамгершілік пен кісілік емес, ақша болып тұр. Бұл шығарманың екінші бөлімінде кеңінен суреттелген. Өзі айтпақшы «кезбеге» айналған Таубай мен жұбайы осы жерде кездеседі. Бірі – қайыршы, екіншісі – бай ханым. Екеуі аз ғана уақыт бұрын бір шаңырақ астында жарасып отырған жандар еді десе ешкім сенбестей көрініс. Бұрынғы күйеуіне жаны ашыған әйел сөмке толы тамақ әкеліп: «мына күйіңнен қайтшы, саған құрдасың Мырзабек бір бөлмелі пәтер алып бермекші», дегенде намысты отағасы оған көнбейді, әрине. Өзіне шарт қояды, «ал алсам, сол пәтерге менімен тұруға қайта келесің бе? Сені кешірейін, саған әлі де адалмын, адал қалпымда әр жаққа аттанамын» дейді. Әйелдің жауа-
бына сенбессіз, бірақ, теріс қарап, кілт бұрылып, қазіргі тұрмысынан ажырағысы жоқ. Шығарманың бар философиясы, түйінді шешімі де осы тұста жатқандай. Адал адамдар қазіргі уақытта бар. Бірақ, бірақ… ақша, байлық қолдың кірі десе де, бәрін шешетін сол екені анық көрсетіледі. Жалпы, заман шындығын тайға таңба басқандай қанық суреттеген пьесаны әркім өз көзімен барып көргені дұрыс.
Қойылымда бүгінгі замандағы құндылықтың өзгеруі, адамдардың соншалықты мейірімсіздігі, тіпті адам тағдырын пара шешетінін, бай мен кедей өмірінің айырмасы тұп-тура, қаз-қалпында тізілсе де, ең бастысы, бұл жерде көзге анық көріне қоймайтын, көптің мән бере бермейтін, бірақ, түйсігі мол жан сезе алатын бір идея бар секілді. Ол идея сахна ашылғанда – әткеншекте бала отырады, екі жақтан әке-шешесі тербетіп тұрады, жабылғанда да – сол әткеншек, бірақ онда керемет киінген, шікірейген, бірақ өлі жанарлы ұл отыр, екі жағынан сұп-сұр киінген біреулер әлдилеп тұр. Бұл жерде де үлкен трагедия жатыр-ау. Қайырымсыз ұрпақтың пайда болғанын меңзейді. Баланы жөнсіз, шектен тыс әлпештеу арқылы ата-аналардың үлкен қателікке ұрынатынын, нәтижесінде, мінеки, барын тосқан әке-шешеге ұлдың қайы­рылмауына әкеп соққанын көр­сетіп отыр. Бала өмірдің тәттісін ғана емес, ащысын да көруі керек емес пе? Ал, Сіз не түйдіңіз, патша көңілді көрермен?!

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар