Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Азық-түлік тағамдарының қоры жасалуда - АРҚА АЖАРЫ

Азық-түлік тағамдарының қоры жасалуда

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың төрағалығымен партия филиалында аграрлық секторды дамыту бойынша қоғамдық кеңес отырысы онлайн режимінде болып өтті.

Алдымен, қоғамдық кеңестің төрағасы Құмар Шахназаров сөз сөйлеп, әлем бойынша азық-түлік тағамдарының бағасы тамызда 33 пайызға қымбаттағанын айтты. Атап айтқанда, қант 9,6 пайызға, өсімдік майы 6,7 пайызға, бидай 8,8 пайызға көтерілді. Бұл жағдай Қазақстанның ішкі рыногындағы бағаның өсуіне ықпал етті. Жыл басынан бері еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 9,6 пайызға қымбаттады. Мәселен, бұл өнім Нұр-Сұлтан қаласында 11,3 пайызға, Қызылорда облысында 11-12 пайызға, Жамбыл облысында 10,7 пайызға қымбаттады. Жыл басынан бері азық-түлік өнімдерінің бағасы арзандамағаны байқалды. Осы өнімдердің ішінде сәбіздің құны 40,4 пайызға, өсімдік майы 29,4 пайызға, қырыққабат 25,7 пайызға, картоп 21,2 пайызға, пияз 19,5, қанттың бағасы 13 пайызға қымбаттады.
Картоп пен сәбізді өндірудің көлемі ұлғайтылғанмен оның бағасы наурыз бен шілдеде бекітіледі. Көкөніс бағасына оны тасымалдау мен жалға алу шығыны әсер етеді. Егер нақты шаралар қолға алынбаса, бұл өнімдердің бағасы одан әрі шарықтауы әбден мүмкін. Отырыста әлеуметтік маңызы зор өнімдер бағасының шарықтауына жол бермеу, ішкі рынокты отандық өнімдермен байыту мәселесі қарастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов өз сөзінде әр аптаның соңында осы мәселе Үкіметтің көшпелі отырысында қаралатынын, соңғы жылдары азық-түлік тауарларының бағасы өсіп отырғанын айтты. Біздің өңір бағаны ұстап тұру бойынша республика көлемінде жетінші орында тұрған көрінеді. Жыл басында картоп пен көкөністің, өсімдік майының, қант пен қарақұмықтың бағасы қымбаттапты. Қыркүйекте бұл тауарлардың бағасы 0,1 пайызға, өткен аптада 0,2 пайызға арзандаған.
Облыстың сауда жүйесіндегі жергілікті өндірістің әлеуметтік маңызы зор азық-түлік өнімдері ағынын реттеу бойынша тауар өндірушілердің сауда жүйесімен және тасымалдаушылармен кездесуі ұйымдастырылғанын айтты.
–Бүгінгі күні облыс бойынша сауда жүйелерімен және тасымалдаушылармен 71,5 мың тонна тауарға келісім жасалды. Бұл жұмыс жалғасуда. 1 қарашаға дейін 30,4 мың тонна жаңа орақтың тұрақтандыру қорын құру және әлеуметтік нан пісіру бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарының, диірмен мен наубайханалардың басшыларымен келіссөз жүргізілді. Тұрақтандыру қорындағы 1 тонна азық-түлік бидайының бағасы 90 мың теңгеден аспайтын болды. Сөйтіп, салмағы 550 грамдық 1 бөлке нан бөлшек саудада 90 теңгеден сатылмақшы. Бүгінгі күні облыстағы ұн қоры 1,5 мың тоннаны құрайды. «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тағы 900 тонна ұн сатып алады. Бұл әлеуметтік нан пісіру үшін облыстың үш айлық қажеттігін жабады. Облыс орталығында әлеуметтік нан сататын 6 дүкен анықталды. Айналым сұлбасы бойынша азық-түлік тауарларының 8 түріне 1,1 миллиард теңге қарыз берілді. Оның ішінде сүт өнімдері, қант, құс еті, картоп бар. Тұрақтандыру қорында 261 тонна күріш, рожки, қарақұмық жармасы, қант, ұн, өсімдік майы тәрізді өнімдер бар. Бүгінгі таңда аталмыш корпорация тұрақтандыру қорына күнбағыс майын, ұн, қырыққабат, сәбіз, пияз бен картоп сатып алу үшін конкурс өткізуде. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінбекші. Қаржының жалпы сомасы 2,8 миллиард теңгені құрайды. Оның 1715 миллион теңгесі айналым схемасына бағытталады. Облыс әкімдігінің қаулысымен 1 литр күнбағыс майының бағасы 641 теңгені құрайтын болды,–деген Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов мониторинг және түсінік жұмысы одан әрі жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ақмола облысының ішкі рыногын отандық азық-түлік тағамдарымен байыту мәселесі шешілуде. Ол жөнінде Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Іргебаев айтып берді.
–Биылғы жылғы қуаңшылыққа қарамастан, 4 миллион тонна астық қамбаға құйылды. Гектар берекесі 8,8 центнерден айналды. Бүгінгі күні майлы дақылдардың 70 пайызы, картоп пен көкөніс толық жинап алынды. Облыс тұрғындарын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін ет және сүт өңдейтін 30 кәсіпорын, 36 диірмен, майлы дақылдарды өңдейтін 8 кәсіпорын жұмыс істейді. Облысымыз Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Жыл басынан бері Ақордаға 94 мың тонна сүт өнімдері, 21 мың тонна ет өнімдері, 192 миллион дана жұмыртқа тасымалданды. Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту аясында 46 жоба жоспарланса, оның 18-і жүзеге асырылды,–деді Мұрат Іргебаев. Бұл жоспарды жүзеге асыру өз өндірісімізді әлеуметтік маңызы бар өнімдермен толтырады. Өнімнің сапасы мен бағасы бәсекелестік тудыруы әбден мүмкін.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар