Қазақстанда қайта вакциналау қарашаның үшінші декадасында басталатын болды. Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссия осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ведомствоаралық комиссияның Telegram-каналы жазды. «Комиссия отырысында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды», — делінген ресми хабарламада.
Соның бірі – халықты қайта вакцинациялау мәселесі. «Ағымдағы жылғы қарашаның үшінші онкүндігінен келесі санаттағы адамдар үшін қайта вакциналауды бастау жоспарланып отыр: тәуекел топтары (медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жабық мекемелердің персоналы мен контингенті, күш құрылымдарының қызметкерлері); 60 жастан асқан адамдар; өздігінен зерттеулерден өткен және КВИ-ға қарсы антиденелерге теріс тест нәтижесі бар адамдар», — деп жазылған комиссияның шешімінде.
Ведомствоаралық комиссия Ashyq жобасына қатысатын кәсіпкерлік нысандарының жұмыс уақытын ұлғайтты. Нақтырақ айтсақ, «жасыл аймақта» — сағат 03:00-ге дейін, «Ashyq» жобасының көшбасшылары үшін — сағат 05:00-ге дейін; «сары аймақта» — сағат 01:00-ге дейін, «Ashyq» жобасының көшбасшылары үшін — сағат 03:00-ге дейін жұмыс режимі белгіленді.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан 15 елмен вакцинациялау паспортын тану туралы келісімге қол жеткізген. Олар: Түркия, Мажарстан, Грузия, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Моңғолия, Таиланд, Беларусь Республикасы, Армения, Иран, Сан-Марино, Аргентина, Эстония, Үндістан мен Филиппин.