Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Татулық – берекелі тіршілігіміздің баянды бастауы - АРҚА АЖАРЫ

Татулық – берекелі тіршілігіміздің баянды бастауы

Бүгінде Қазақстан – бірлігі жарасқан мемлекет. Жүз отыз ұлт пен ұлыстың өкілдері қазақ шаңырағының астына жиналып, дүрдараз болмай, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бейбіт сүйгіш қазақ халқының сан ғасырлардан бергі тарихында аты аңызға айналған ел бастаған хандар мен билері, батырлары елдің амандығын, тыныштығын сақтауға мол үлесін қосқаны мәлім.

Осы игі үрдіс қазіргі жаңа ғасырда да өз жалғасын тауып, әлем алдында Қазақстан досқа қамқор, дұшпанға кешірімді, көршілерге мейірімді ел екендігін дәлелдеп келеді.
Осы бір игі жетістігімізде өзара ынтымақ пен татулыққа, сүйіспеншілік пен қолғабыс көрсетуге шақырып, бөлінушілік пен дұшпандықтан сақтандыратын Ислам дінінің орны бөлек. Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері мұның айқын дәлелі. Мәселен, Ұлы Алла Құран Кәрімде бізді бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ, өзара бөлінбеңдер» («Әли Ғимран» сүресі, 103-аят). Ал, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес», – дей отырып біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген.
Сондай-ақ, Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді. Алла Тағаланың алдында ешкім ешкімнен артық емес, егер қандайда бір артықшылық болатын болса, ол тек тақуалықпен ғана өлшенеді.
Бұл туралы Құран Кәрімде: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Расында, Алла алдында ең абыройлыларың тақуаларың (Алладан шынайы түрде қорыққандарың). Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан хабардар», – деп баяндалады «Хужурат» сүресінің 13-аятында.
Сондықтан да, жүрегінде шынайы иманы бар мұсылман адам іріткі фитнаға алып баратын іс-әрекеттерді жасамауы, ондай істерден әрқашанда алыс тұруы қажет. Бұзақылыққа, бүлікке, ел тыныштығын бұзатын жайттарға ешқандай да жол бермеуі тиіс. Бір елде тұрып нанын жеп, суын ішіп отырғандықтан, бір-бірімізге әрдайым құрметпен қарап өзара жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Сіздер иманға келмейінше жұмаққа кіре алмайсыздар. Ал, бір-бірлеріңізді жақсы көрмейінше иманға келе алмайсыздар», – делінген.
Жақсы көру дегеніміз – өзің үшін пайдалы болғанды өзгелерге де қалап, өзің үшін зиянды болғанды өзгелерге де қаламау, тіпті, өз мүддеңнен өзге бауырларыңның мүддесін үнемі жоғары ұстау екенін әрбір мұсылман адам жақсы түсінеді.
Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын, халқымыздың ынтымақ-бірлігі артып, көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері дүрдараз болмай, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан бүгінгі берекелі тіршілігін Жаратушы Иеміз мәңгілікке сүйіндіруді нәсіп етсін. Әумин!

Сәбит ҚУАНЫШ,
Ақмола облыстық Науан Хазірет мешітінің бас имамы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар