Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, Құтқарушылар күні қарсаңында Көкшетау қаласында көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне қазақстандық құтқарушыларға арналған арт-нысан (мурал) салынды.
Абылай хан даңғылындағы 9 қабатты тұрғын үйдің қасбетіне салынған муралда Жамбыл облысында оқ-дәрі қоймасында орын алған өрт пен жарылысты жою кезінде қаза тапқан Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және азаматтық қорғау жүйесі қызметі бастығының орынбасары полковник Мейіржан Айманов бейнеленген.
Батыр-құтқарушының портретін Төтенше жағдайлар департаменті мен облыс орталығы әкімдігінің бастамасымен жергілікті «Design city» компаниясының ұжымы жасаған. Суретшілер муралды салу 5 күн жұмыс істеді. Арт-нысан батырды еске алу үшін және арнайы кәсіби мереке – Құтқарушылар күніне орай ашылып отыр.
«Құтқарушылардың жұмысы өте қауіпті. Олар үнемі өзгенің өмірін сақтап қалу үшін өз бастарын қатерге тігеді, олар қиындықтың не екенін білмейді. Біздің міндеттіміз қайтсекте адамдарды қауіп-қатерден құтқару. Бүгінде облыста 1377 өрт сөндіруші-құтқарушы қызмет атқарады. Осы игі іске қолдау білдірген қала басшылығына алғысымыз шексіз», – деп атап өтті Ақмола облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.