Ақтау қаласындағы жарылыс кезінде ғимаратта ешкім болмаған. Қазіргі уақытта оқиға орнында төтенше жағдай, полиция және әкімдік мамандары жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«7 қараша сағат 22.25-те «101» пультіне Ақтау қаласы, №29 «а» шағын ауданында жарылыс болғаны туралы хабар келіп түсті. Жаралыстың салдарынан ғимарат қираған. Қазіргі уақытта оқиға орнында ТЖД, полиция қызметкерлері мен әкімдік өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Біз ғимараттың иесімен сөйлестік. Оның айтуынша, сағат кешкі 18:00-да ғимаратта орналасқан асхананы жауып шыққан, онда адам болмаған. Жедел жәрдемге де әлі ешкім жүгінген жоқ», — деді Ақтау қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жандос Кенжебеков. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мамандар жарылыстың себебін анықтап жатыр. «Ғимарттың ішінде бірнеше нысан болған, яғни асхана, ТҚКС (техникалық қызмет көрсету станциясы), тігін цехы және қойма. Қазір ТЖД-нің 60 қызметкері жарылыс орнын тазартуда. Бір үйретілген ит іздеу жұмыстарына тартылған.
Жарылыс болған ғимарат 2 қабаттан тұрады», — дейді ол. Айта кетсек, Ақтау қаласында ғимарат жарылды. Оқыс оқиға туралы алдымен әлеуметтік желіде тарады. Кейін Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бұл келеңсіз жағдайды растады. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің 5 техникасы мен 17 қызметкері, «Апаттық медицина орталығы» мекемесінің 3 қызметкері мен 1 техникасы аттанғаны хабарланды. Жарылыс болған сәтте ғимарат жанында 11 автокөлік тұрған.
Салдарынан барлық автомобиль жарамсыз болып қалды. Жол-көлік полициясының қызметкерлері арнайы техниканың көмегімен үш көлікті эвакуациялады. Қалған көліктердің иелерін анықтау жалғасып жатыр.
Дереккөз: www.inform.kz
Дереккөз: www.inform.kz