Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ақмола облыстық департаментінің басшысы Ербол Амамбаев пен Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса халық санағын жүргізудің барысы жөнінде айтып берді.
– Бүгінгі таңда онлайн санақпен облыс халқының 39,5 пайызы қамтылған. Ақмола облысында жалпы халық саны 735 мың адам. Іс жүзінде онлайн режимде санақтан 291 мың 368 адам өтті. 1 қазаннан бастап, интервьюерлер үйлерді аралап, онлайн санақтан өтпегендерге сұрақ қоя бастады. Ағымдағы жылғы 27 қазандағы жағдай бойынша ақмолалықтардың 87,2 пайызы халық санағына қатысты. Олардың 39,5 пайызы онлайннан өтсе, 47 пайызы офлайн форматта өтті.
Интервьюерлер барлық қажетті жабдықтармен және қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген. Оларды оңай тануға болады. Атап айтқанда, облыс бойынша санақ жұмысына 1000-нан астам адам тартылды. Сондай-ақ, облыстық «Жас Отан» филиалының 30-ға жуық волонтер студенттері де шақырылды,– деп атап өтті ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Ербол Амамбаев өз сөзінде.
– Бүгінгі таңда, бұл өміріміздің маңызды кезеңі. Себебі, халық санағы біздің қаламыздың халқы туралы нақты жағдайды білуге ғана емес, сонымен бірге, ауқымды бағдарламалардың арқасында еліміздің әрбір әкімшілік және аумақтық бөлігінің тұрғындардың тұрмыс-жағдайы туралы баламасыз ақпарат алу көзі болып табылады. Халық санағының қорытындылары елде санақ кезеңінде болған экономикалық, демографиялық, әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді.
Санақтан алынған деректер бюджеттік бағдарламалар экономикасының дамуын жоспарлау үшін негіз болады,– деді Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса өз сөзінде.
Сөйтіп, санақ нәтижелері әлеуметтік бағдарламаларды, халықты қолдау бағдарламаларын, жаңа әлеуметтік нысандар құрылысын қаржыландыру көлемін қайта қарауға мүмкіндік беріп қана қоймай, қаламыздың тыныс-тіршілігімен байланысты барлық салалардың дамуына тікелей әсер етеді. Ұлттық халық санағына қатысатын әрбір азамат мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге елеулі және құнды үлес қосады.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.