Ақмола облыстық білім басқармасының мәліметінше, қосымша білім беру ұйымдарында STEAM технологиясын жетілдіруге, экологиялық және туристік үйірмелердің рөлі мен қызметін арттыруға ықпал ететін шараға барлығы 38 адам қатысты. Олардың арасында экологиялық бағыттағы жұмысқа жетекшілік ететін әдіскерлер, экологиялық және туристік үйірмелердің жетекшілері, жаратылыстану, биология, география пәндерінің мұғалімдері бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, STEAM білім беру әдістемесі бүгінде білім берудегі ең заманауи және перспективалы тренд деп аталады. STEM (science, technology, engineering, arts, moth) аббревиатурасы ағылшын тілінен ғылым, технология, инженерия, өнер және математика синтезін білдіреді.
Семинар жұмысы барысында облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығының жұмысына талдау жасалды, аудандардың экологиялық бағыттағы іс-шараларға қатысуына мониторинг жүргізілді, келесі жылға арналған жаңа жұмыс жоспары талқыланды.
Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.