Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Нәтиженің» табиғи өнімдері сұранысқа ие болуда - АРҚА АЖАРЫ

«Нәтиженің» табиғи өнімдері сұранысқа ие болуда

Қарағанды қаласында орналасқан «Нәтиже» компаниясы Қазақстан бойынша бір мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Компанияның филиалы болып саналатын Көкшетаудағы Нәтиже сүт фабрикасы күніне 15-20 тонна сүт өңдейді. Ал, кәсіпорынмен бірлесе жұмыс істейтін «Нәтиже» серіктестігі өндірілген өнімді сатумен айналысады.

Біз «РК-1» бу қазандығымен бір қатарда орналасқан кәсіпорынға ертемен келдік. Сүт фабрикасының өз бу қазандығы бар екен. Бұл жылуға кететін шығынды үнемдейтін көрінеді. Алдымен, кәсіпорын кеңсесіне бас сұққанымызда, қабырғадағы латын ғарпімен жазылған мәтінге көзіміз түсті. Мұнда «Нәтиже» компаниясының құрылтайшысы әрі бас директоры Ерлан Әшімнің кәсіпорын жұмысына бағыт-бағдар беретін сөздерін оқыдық.
–Компанияның ең маңызды мақсаты – тұрақты тұтынушыларының өз өніміне деген сенімін тудыру. Кәсіпорын өз қызметкерлеріне сенім артады. Әкімшілік компанияда жұмыс істеген адамдар үшін сенімді тірек болуға ұмтылады. Қызметкерлеріміз өз абыройы мен намысын сақтай отырып, компанияның абыройына дақ түсіруге жол бермейді. Компания басшылығы қызметкерлердің өмірі мен жұмысында тұрақтылық болу үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға ұмтылуда. Кәсіпорынның әр тұтынушысы біздің өнімді үнемі сатып алуға мүмкіндігі бар. Өнімдеріміздің сапасы, қауіпсіздігі және пайдасы болу үшін тұтынушылар алдындағы жауапкершілікті толықтай мойнымызға аламыз. Компанияның әрбір қызметкері сатып алушыға сапалы қаймақ, айран және иогурт тәрізді өнімін ұсынуы тиіс. «Нәтиже» компаниясының қызметкерлері кез-келген адамға ықылас пен шынайылық көрсетіп, қамқор болып, құрметпен жанашырлық таныту тәрізді жақсы қасиеттермен көзге түсуі қажет,–дейді компанияның құрылтайшысы әрі бас директоры.
Кәсіпорын негізінен Бурабай ауданындағы «Айна», «Омаров» тәрізді фермерлер мен Зеренді, Тайынша аудандарындағы село тұрғындарынан табиғи сүт қабылдап, сүт, халал ірімшік өндіреді екен. Сондай-ақ, жарты фабрикат май өндіріліп, Қарағанды қаласына жіберіледі. Мұнда тәулігіне 15-20 тонна сүт қабылданады. Цех басшысы Вероника Галямова өз сөзінде табиғи сүтпен ғана жұмыс істейтіндері, сүтті өңдеу технологиясы жөнінде айтып берді.
– Өндірісте сүт ұнтағы, өсімдік майы пайдаланылмайды. 3,2 пайыз майы бар пленкадағы табиғи сүт, «Мацарелла» тәрізді индустриалдық қатты ірімшіктің түр-түрін өндіреміз. Оның ішінде әртүрлі формадағы сүрленген қатты ірімшік те бар. Мацареллаға «Шампиньон» саңырауқұлағы мен жасыл томат қосылады. Кептірілген саңырауқұлақтарды сатып аламыз. Өзіміздің 4 тонналық арнайы автокөлік «Айна» фермасынан күн сайын сүт тасымалдайды. Сүтті қабылдап, қышқылдығын, майлылығы мен тығыздығын зерттейміз. Стандартқа сәйкес келмесе, сүтті кері қайтарамыз. Әкелінген сүт өңделеді, сүттегі бактерия жойылады. Сүттің майлылығы 4,4 пайыз болса, сүт тарту әдісімен 3,2 пайызға дейін түсіреміз. Қаймақты былғап, май қыламыз. Бұл шикізатты Қарағанды қаласындағы бас кәсіпорынға жібереміз. Олар майды одан әрі өңдейді. Қаймақ немесе май ретінде пайдаланады. Қатты ірімшік жасау барысында сүтті өңдеп, тиісті ыдысына құямыз. Мұнда ол қышқылмен ұйытылады. Шикізатты 40 градус ыстықта өңдеп, өнім аламыз. Оны арнайы қазанға құямыз. 70 градуста балқытып, арнайы формаға саламыз. Одан әрі ол 10-12 сағат кептіргіште тұрады. Кейін өнімді арнайы қалыпқа саламыз. Сүтті алдымен қабылдап, 95 градуста өңдейміз. 3,2 пайыздан артық майын сүт тарту арқылы алып тастаймыз. Ол арнайы ыдыс қондырғысы арқылы пленкаларға құйылады. Қондырғылардың негізі Түркия мен Ресейде жасалған. Күніне 15 тоннаға дейін сүт өңдейміз. Астана 9 тонна сүтке өтінім береді,–дейді цех басшысы.
Зауытта 30 шақты адам жұмыс істейді. Өнімді сатумен 15 адам айналысады. Түркиялық технолог Керчан Меғмет қатты ірімшік жасайды. Электромеханик Мақсұт Жапарбергенов кәсіпорындағы барлық аспаптар мен қондырғылардың үзіліссіз жұмыс істеуіне жауап береді. Зертхана меңгерушісі Алмира Хамидуллина, құю операторы Ғалымжан Дауылбаев, оператор-реттеуші Тимур Шалаев, қатты ірімшік қайнатушылар Анар Салықова мен Людмила Бутикова өз міндеттерін абыроймен атқаруда. Еңбеккерлер кәсіпорынға қалаішілік автобус жүрмейтініне алаңдайды. Таңертең және кешке еңбеккерлерді кәсіпорын көлігі тасымалдайды екен. Күндіз еңбеккерлердің емхана тәрізді өзге мекемелерге жетуі мәселе болып отыр. Қалаға жетуі үшін біраз жаяу жүрулері керек. Сондай-ақ, шикізаттың аздығы сапалы сүт өндіретін тауарлы-сүт фермасын көптеп ашуды қажетсінеді.
–Кәсіпорын сауда нысандарының өтінімі бойынша жұмыс істейді. Өндірілген сүт 5-7 күнге дейін сақталады. Өнімді Көкшетаудан сатып алынған арнайы пакет пен қорабқа салып, Астана, Қарағанды, Жезқазған, Екібастұз, Павлодар, Атырау, Ақтау, Көкшетау қаласына жібереміз. Көкшетауда «Киви», «Рубин», «Алтын Плаза» дүкендерінде сатылады. Өнімдер жылы және суық тоңазытқыштарда тұрады,– деген кәсіпорын директорының орынбасары Әбумхан Озтай әлеуметтік пакет жөнінде айтып берді.
–Еңбеккерлердің зейнетақы қорына ақша аударылады, бонус беріледі. Бас директорымыз әрі құрылтайшымыз жаңа оқу жылында еңбеккерлердің балаларына арнайы сыйлық жасайды. Құрбан айтқа да сый-сияпат көрсетіледі. Жаңа жылды Наурыз мейрамында Қарағанды қаласында ішімдіксіз қарсы аламыз. Бұл шарада қол жеткізілген табыстар жөнінде айтылады. Жақсы еңбек еткен еңбеккерлерге Түркияның Анталия қаласына және өзге де шипажайларға жолдама, ақшалай сыйлық беріледі. Жұмысқа киетін қысқы және жазғы арнайы киімдермен де қамтамасыз етеміз. Түскі ыстық асқа еңбеккерлер қалталарынан 100 теңге ғана төлейді. Қалғанын кәсіпорын өз мойнына алған,–дейді директордың орынбасары бізбен әңгімесінде.
Біз табиғи әрі сапалы өнім өндіріп, тұтынушылардың көңілінен шығып отырған «Нәтиже» сүт фабрикасының ұжымын келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын, еңбектерінің жемісін тіледік.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.
Суреттерде: цех басшысы Вероника Галямова; кәсіпорын директорының орынбасары Әбумхан Озтай; қатты ірімшік қайнатушы Анар Салықова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар