Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингке қатысып, өңірдегі коронавирус індетіне қатысты эпидемиологиялық жағдай жайында мәлімет берді.
Коронавирус індетінің таралуын тоқтату бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 9 қарашадан бастап Ақмола өңірі «сары» аймаққа өтті. 21 күннен бері Көкшетау қаласындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Ал, кей аудандар әлі де «қызыл» аймақтан шыға алмай отыр. Олардың қатарында Ақкөл, Аршалы, Бурабай, Егіндікөл, Есіл, Сандықтау, Шортанды аудандары мен Степногорск қаласы бар.
Сонғы тәулік ішінде коронавирус індеттін жұқтырудың 75 жағдайы тіркелді. Соның 31-і зейнеткерлер болса, 8-і мектеп жасындағы балалар. Қазіргі таңда COVID-19 індетінен өңірдің 377 тұрғыны ем қабылдауда. Олардың 345-і ауруханаларда жатса, 34-і реанимацияға түскен.
Осы жылдың шілде айынан бастап бүкіл әлемде Дельта штамм вирусы бой көтеріп, біраз елді дүрліктіргені белгілі. Бұл вирус түрі балалар мен жастардың арасында көп тарап жатқан көрінеді. Айнагүл Мусинаның айтуынша, биылғы жаңа оқу жылынан бастап өңірдің 1317 оқушысы індетке шалдыққан. Сол себепті өңірдің 52 мектебінде 88 сынып қашықтықтан оқытуға көшірілді.
Короновирус індетін жұқтырған студенттер де жоқ емес. Биылдың өзінде орта және жоғары оқу орындарына оқитын студенттер арасында 235 жағдай тіркеліпті.
–Қыс мезгілінде вирустық аурудың өрши түспесі үшін өңір тұрғындарына екпе салу жұмыстары жалғасып жатыр. Әсіресе, жасөспірімдерге, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға Pfizer екпесі егіле бастады. Бұған дейін осы санаттағы адамдарға екпе салуға болмайтын. Әлемдегі ғалымдардың көмегімен бұл мәселе оң шешімін тауып, Pfizer екпесі шығарылды. Ол Қазақстанға да әкелінді. Бұл екпеге әлеуметтік желілер арқылы халық арасында беріліп жатқан теріс пікірлер өте көп. Бірақ, мен Pfizer екпесі 43 елде салынып жатқанына тұрғындардың назарын аударғым келеді, – деді облыстың бас санитарлық дәрігері.
Pfizer – американдық, германдық және қытайлық компаниялардың бірігуімен әзірленген екпе. Бүгінде оның 4 миллион данасы Қазақстанға әкелінді. Екпе 2 компоненттен тұрады. Сондықтан, оны 2 миллион халыққа, яғни, жасөспірімдерге, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға салу жоспарлануда.
Тағы бір алаңдатарлық жай, қазіргі таңда әлемде короновирус індетінің жаңа түрі – Омикрон-штамм тарауда. 3 желтоқсаннан бастап шетелдіктерге Қазақстанға кіруге шектеулер қойылуда. Әсіресе, жоғарыдағы штамм табылып отырған Ботсвана, ОАР, Лесото, Намиби, Зимбабве, Мозамбика, Малави, Мадагаскар, Эсватини,Танзания мен Гонконг елдерінен келушілерге елге кіруге шектеу қойылды. Осы елдерден келетін барлық жолаушылар ПЦР тесттің нәтижесіне қарамастан, 7 күнге дейін үйлерінде отыруы, одан шықпауы шарт.
–Міне, короновирус індетінің жаңа түрі шығып жатқанын көріп те, естіп те отырсыздар. Сондықтан, өзіңізге, балаларыңызға, барлық отбасы мүшелеріне екпе егу маңызды. Бүгінде Pfizer екпесімен қатар, ревакциянация да іске асырылуда. Егер коронавирустан бастапқы екпенің салынғанына 9 ай өтсе, осындай кез-келген екпе түрін қайта салдыра берулеріңізге болады, – деген Айнагүл Мусина екпе егушілердің саны көбейген сайын жұқпалы аурулардың тізбегі де кемитінін алға тартты.
Ревакциянациядан ең алдымен медицина, білім саласындағы мамандар, 60 жастан асқан созылмалы аурумен ауыратын жандар өтуі керек. Ол үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуге алынған емханаларға баруға болады. Ал, қызметкерлері көп ұйымдар екпе жасайтын арнайы бригаданы шақыртуларына мүмкіндіктері бар.
Айгүл БЕКЕТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.