Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын

Еліміз өз тәуелсіздігін алғанда мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымының депутаты едім. Оның құрамында 360 депутат болатын. Қазақстан тәуелсіздігін алғанда мемлекет екендігін дәлелдейтін барлық құжаттарды қабылдадық.

Мемлекеттікті анықтайтын, мемлекеттікті білдіретін құжаттардың бәрін сол кезде осы ХІІ шарылымның депутаттары – біздер қабылдандық. Ең бірінші қабылдаған құжатымыз 1990 жылғы егемендік туралы декларация, одан кейінгі конституциялық күші бар Тәуелсіздік заңы. Бөркімізді аспанға атып, егемен ел боламыз деп біздер қуанып жатқанда, тәуелсіздікке дауыс бергенде 12 депутат қарсы болды. Олар әрине басқа ұлт өкілдері еді.

«Біз не істейміз, бізге тәуелсіздік не үшін керек, біз қайда барамыз?» деп қарсылық білдірді. Оларға біздер «Сендердің өз Отандарың бар, қазақтың Отаны біреу осы – Қазақстан!» деп түсіндірдік. Сол сияқты заң қабылдаған кезде де әртүрлі пікірталастар болып, бірден қабылдана қойған жоқ. Сол кездегі біздің заңгерлердің еңбегі ересен еді. Салық Зиманов, Сартай Сұлтанов, Нағашыбай Шәйкенов, Зинаида Федотова секілді азаматтар заңдарды қабылдау кезінде күн-түн демей, бізбен жұмыс істеді. Соның өзінде мінез көрсетіп, қарсылық білдіргендер болды.

30 жыл деген тарихта өте аз уақыт. Бірақ, біздің еліміз үшін осы 30 жыл өте үлкен жетістіктер мен табыстарға толы, ел дамуына елеулі де оңтайлы өзгерістер әкелген алтын кезең болып саналады. Бүгінде республикамыздың барлық аймақтарында әлеуметтік-экономикалық жағынан бүкіл жағдайлар қарастырылып жатыр. Құрылыс, медицина, білім, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары жақсарып, дамуда. Көп балалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, егде адамдарға әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп, жағдай жасалуда.

Жалпы, республикада болып жатқан оңтайлы өзгерістердің барлығы тәуелсіздіктің арқасы. Медицина саласына тоқталсам, Елорда төрінде көптеген орталықтар салынды. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен «Ана мен бала», жүрек, нейрохирургия орталықтары ашылды. Оларда жаңа технологиялар мен әдістер қолданылады, шет ел ғалымдарымен тәжірибе алмасылады. Жүрекке ота жасаудан қазір Қазақстан алдыңғы қатарлы елдердің сапында. Адамның өмірін сақтап қалу қандай ғанибет десеңізші. Бүгінде жүрек орталықтары әрбір облыста бар. Бұл – үлкен жетістік. Дегенмен, бұл салада шешілмеген түйткілді мәселелер де жетерлік. Алғашқы көмек көрсету әлі де болса үлкен қолдауды талап етуде. Ел халқының 42 пайызы ауылда тұрса, олардың дер кезінде көмек алулары үшін жағдай жасалуы керек.

Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйінін шығарсақ, тәуелсіздік туралы таңды таңға атырып, айта беруге болады. Тәуелсіздік бізге оңай келмеді және біреу сыйға тартқан жоқ. Тәуелсіздікті алғаннан да, оны ұстап қалу қиын. Бабалардың қанымен, жанымен, бертінгі Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың өрлігімен, ерлігімен келген егемендіктің тұғырлы болып сақталып қалуы үшін Қазақстанның әрбір азаматы соған қызмет жасауы қажет. Жай ғана қызмет атқарып қоймай, адал еңбектенуі керек.

Сондықтан жастардың бойына білім беріп қана қоймай, тәлім мен тәрбиені, ұлттық болмысымызды сіңіруіміз қажет. Бізде талантты да білімді жастар көп, соларға алдыңғы буынның еңбектері мен ерліктерін насихаттап, ұлттық идеологиямызды салт-дәстүрімізбен көрсетіп, бойларына дарытуға тиіспіз. Тәрбиесіз алған білім аса қауіпті. Жастар ана тілін білсе, тарихын таниды, тарихын оқыса, ұлтына жаны ашиды.

Болашақ елдің тізгінін ұстайтын жастар білімді, тілін сүйетін, тарихын білетін ұрпақ болсын. Сонда ғана тәуелсіздігіміздің іргесі бекем болмақшы. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, босағасы берік, көшбасшылары адал, халқы пәтуалы болсын. Еліміздің егемендігі мың жылдықтарға ұлассын!

Болат ЖАНӘДІЛОВ,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы,
қоғам қайраткері, денсаулық сақтау саласының ардагері.

 1,010 Total Views,  4 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар