Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еліне қамқор болған азамат - АРҚА АЖАРЫ

Еліне қамқор болған азамат

Еліміз егемендік алғаннан кейін қаншама өзгеріс болып, сол егемендікке қол жеткізу үшін еңбек еткен небір ғажап адамдар өмірден өтті. Еліміздің өркендеуіне үлесін қосып, жоғалғанын орнына келтіріп, тілін құрметтеп, халқына өшпес із қалдырған сондай жандардың бірі – ұлағатты ұстаз, Ереймен елінің тумасы Балташ Сыздықұлы Дүйсенов дер едім.

Осы азаматтың еңбегі ескеріліп, менің ғана ағам емес, ел ағасы болған аяулы есімін есте сақтау үшін әзірше атауы жоқ Ерейментау қаласындағы №1 орта мектепке атын беруді 20 жылдан бері сұрап келеміз.

Көзінің тірісінде әкемдей қамқор, қорған болып өткен ағам ұстаздардың ұстазы, елге сыйлы айтулы тұлға Балташ Сыздықұлы Дүйсеновтің ұлағатты ісі, Отанға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қызмет жолын қарапайым мұғалімдіктен бастаған жанның бүкіл ғұмырнамасы, көпшілікке тигізген игі шарапаты тұтас бір кітапқа арқау боларлық шежірелі құнды дүние екеніне көзіңіз анық жетеді. Ереймен көлемінде, облыс аумағында, тіпті республика деңгейінде ол кісінің мәртебе-беделі, есімі көпке танымал болғаны ақиқат.

Бертінгі уақытта ел егемендікке қол жеткізген 90-ыншы жылдары, кезінде түрлі себептермен жабылып тынған, қазақ орта мектебінің қайта ашылуына, білікті мамандар ұжымын қалыптастыруға септескені Балташ ағамның тағы бір өлшеусіз еңбегі. Зейнеткерлік жасына дейін осы қара шаңырақтың негізін қалауға, керегесін кеңейтуге жарғақ құлағы жастыққа тимей, игі істің басы-қасынан табылды.

Өз пәнін бес саусақтай жетік білгені, ұжымнан бөлек, тұтастай аудандағы көзін көрген әріптестеріне де аян. Студенттік шақта бір үзім нанды қылдай бөлісіп жүрген үзеңгілес досы, тарих пәнінің маманы, марқұм Шортанбай Хамзиннің ағам жөнінде аудандық «Ереймен» газетіне жолдаған естелік мақаласын тебірене оқыдым.

Түлектер мемлекеттік емтихан тапсыратын күн келді. Бақылау жұмысына берілген есеп жоғарыдан алдын ала пошта арқылы бағалы хаттың мөрі соғылып, конвертпен келетін. Жаңағы есепті пән мұғалімдері ертерек шығарып алады да, оқушылардың жазбаша жұмысымен салыстырып, тиісті бағасын қояды. Қаламмен қоса, бүкіл ауыл мектептерінің математик мамандары, барын салып қанша тырысса да, бір есептің дұрыс жауабын таба алмай, дал болады. Ауыл мұғалімдері Бәкеңнен көмек сұрап, №1 орта мектепке жинала бастайды. Ал, ағай болса, әріптестерімен амандасып алады да, баяғы сабырлы қалпымен, есептің шешуін іздеп үнсіз отыра береді. Бір кезде: «Міне, есебіміз шықты, жауабымен үйлесті!», – депті ол кісі. Бәрі аң-таң, ешкімде үн жоқ.

Математиктердің бірі: «Аға, қалай шығардыңыз, құпия сыры неде?», – деп сұрайды ғой. Осы сәтте әңгімесін байыппен жалғаған Бәкең: «Мына теңдеу-өрнегінде плюс белгісі минус болып ауысып кетіпті, түзетіп көріп едім, жауабы табыла қалды. Баспахананың жаңсақтығы болар, бәлкім», –деп мән-жайды түсіндіріпті. Әріптестері бірауыздан ыстық ықыласты алғыстарын айтқан екен.

Өзінің негізгі пәнінен бөлек, туған жер тарихы мен шежіресін де, осы өңірде жасап өткен ақын-жыраулардың, батырлар мен би-шешендердің құнды мұрасын да жетік білгенін, қағаз бетіне түсіріп, ұрпаққа үлгі-аманат еткенін нық сеніммен, ауыз толтырып айта аламын. Ұстаздық жолын қоғамдық жұмыспен шебер ұштастырған ағамның бұл салада да қол жеткізген жетістігі аз емес. Аудандық «Тіл және мәдениет» қоғамының төралқа төрағасы, аудандық ономастика комиссиясының мүшесі қызметін атқара жүріп, 1990 жылы қазақ орта мектебін ашты. Жаңа мектепке Бөгенбай батырдың атын бергізуге бастама көтерді. Осылайша көздеген мақсатына қол жеткізді.

Оған қоса, Ереймен аумағында аты аңызға айналған Бөгенбай батыр мен оның үзеңгілесі Үмбетей жыраудың 300 жылдығын лайықты деңгейде атап өтуге себепкер болды. 1998 жылы ауданымыздың өткен тарихы мен байырғы тұрмысын зерттеуді көздеген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенттері мен оқытушылары этнографиялық экспедициясының жұмысына белсене қатысты.

1999 жылдың маусым айында Ерейментауға ресми сапармен келген Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алуға үлесін қосты. Мәртебелі мейманға қасиетті өлкенің өткені мен бүгіні, шежірелі тарихы жа-
йында тартымды да қызықты сыр шерткені, көзбе-көз жүздесіп, әңгімелескені бүгінде естелікке айналды.
Балташ Сыздықұлының жалпы еңбек өтілі – 44 жыл 6 ай 20 күн. Ұстаздық қызметтегі айрықша жетістіктері де, Үкімет тарапынан алған марапаттары да аз емес.

Олар «Тың жерлерді игергені үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдары. Ал, 1971 жылдың 16 маусымында «Халық ағарту ісінің үздігі» атағы берілді. Сондай-ақ, «1974 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы», «1975 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгілерінің де иегері болатын.

1984 жылдың 12 наурызы мен 4 мамыры аралығында Қостанай педагогикалық институты жанындағы жалпы білім беретін орта мектеп директорларының біліктілігін арттыру факультетін үздік тәмамдады. «Мектеп оқушыларының еңбек тәрбиесі және кәсіптік бағдары» курс жұмысын жазып шықты. 1990 жылдың 20 шілдесінде аттестация қорытындысы бойынша «Әдіскер мұғалім» атағы, 1994 жылдың 1 қыркүйегінде жоғары санат берілді. Ал, 2001 жылдың 1 қыркүйегінде сол жоғарғы санатын тағы да растады.

Дегенмен, егемен елдің жас ұрпағын тәрбиелеуге, өз ана тілінде білім алуына сіңірген еңбегі, халықтың ризашылық алғысы, шәкірттерінің естелігі мың марапатқа татиды. Ұлағат иесінің осы еңбегін ескере келе, есімін мәңгі ел есінде қалдырса деп толғанамын. Бұл орайда Ерейментау қаласының №1 орта мектебіне Балташ Дүйсеновтың атын берудің реті келіп-ақ тұр. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы тойланған ел өміріндегі ерекше кезеңде өз Отанының шынайы патриотының рухына тағзымның бір нышаны, сый-құрметтің айшықты белгісі болар еді.

Жасым ұлғайған егде шақта, осы өтінішім жайында көпшілікті елең еткізерлік, жан сүйсінерлік сүйінші хабар жетіп жатса, билік тізгінін ұстап отырған барша азаматтарға аналық алғысым, ыстық ықыласты лебізім шексіз.

Балжан СЫЗДЫҚҚЫЗЫ,
зейнеткер ұстаз.
Суретте: Тұңғыш Президент – Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаев Ерейментау жерінде. Оң жақта – Балташ Дүйсенов. 1999 жыл.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар