Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау жоғары техникалық колледжі – алдыңғы орында - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау жоғары техникалық колледжі – алдыңғы орында

Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледжінің студенттері «World Skills-2021» байқауының республикалық кезеңінде 4 алтын, 3 күміс, 4 қола медальді иеленіп, нәтижесінде оқу ордасы еліміздегі кәсіптік және техникалық білім беретін оқу орындары арасында бірінші орынға шықты.

Облыс намысын қолдан бермей, білім мен тәжірибе кенішінде үздік атанған қатысушылар алдағы уақытта Шанхайда өтетін халықаралық кезеңге жолдама алды. Жалпы, аталмыш дода жайында тоқталсақ, байқауға қатысу арқылы колледж студенттері өз білімдерінің деңгейін тәжірибе арқылы көрсетіп, шыңдала түсті.

Көкшетау жоғары техникалық колледжі жобаға 2015 жылдан бастап 29 мамандық және 43 біліктілік бойынша қатысып келеді. Биылғы жылы оқу орнының 11 студенті білім мен тәжірибенің сыналар сайысына түсіп, бақ сынаған.

–Биылғы байқаудағы жетістіктеріміз республикалық колледждер арасындағы ең жоғары деңгей болып танылды. Жалпы алғанда, 2015 жылдан бастап біздің колледж студенттері 14 алтын, 7 күміс, 4 қола медаль еншілепті. Бұл нәтижелердің басым бөлігі «жиһаз өндірісі», «дәнекерлеу» және «шанақ дайындау жұмысы» сияқты құзыреттіліктер бойынша қол жеткізілуде, – деп атап өтті Көкшетау жоғары техникалық колледжінің директоры Ақнұр Есләмова.

Білуімізше, колледж түлектерінің 93 пайызы оқуын аяқтағаннан кейін бірден жұмысқа орналасады екен. Бұл нарықтың кәсіби және техникалық мамандықтарға сұранысы жоғары екендігін айқындайды. Түлектердің 78 пайызы оқыған біліктіліктері бойынша жұмысқа орналасса, қалғандары жоғары оқу орнына түседі немесе әскерге кетеді. Мысалы, «World Skills-2021» чемпионатында алтын медальді жеңіп алған Вячеслав Кононов өткен жылы осы оқу орнын тәмамдаған, қазіргі таңда осы білім ордасында шебер-оқытушы болып жұмыс істейді.

–Мен фрезерлік жұмыстарға қатыстым. Бұл негізі қосымша құзыреттілік. Жақын арада негізгі мамандық түрі болып қалар деген ойдамын. Жарыста менің уақытымды шектеп тастады, бірақ, мен оған мән бермеуге тырыстым, себебі, мұндайға алдын ала дайындалғанмын. Жарыста тапсырмалардың барлығы ашық негізде беріліп, орындалды. Енді әртүрлі станоктарда жұмыс істей отырып, байқаудың халықаралық кезеңіне дайындалудамыз. Колледж базасынан тыс зауыттарға шығып, тәжірибе алмасып, жұмыс істеуіміз де осындай додаларға дайындалып баруға көп септігін тигізуде, – деді бізбен әңгімесінде республикалық чемпионаттың жеңімпазы Вячеслав Кононов.

Еске сала кетейік, жүлдегерлерді марапаттау рәсімі халқымыздың ұлық мейрамы – Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында өтіп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов барлық қатысушыларды егемендігіміздің мерейлі 30 жылдығымен құттықтады. Жалпы, жүлделі орындар саны бойынша Ақмола облысы елімізде үшінші орынды бағындырды. Осы жерде айта кетсек, өткен жылы халықаралық чемпионатта Қазақстан 14-ші орынға табан тіреген. Олай болса, биыл да ел намысын қорғайтын жастарға сәттілік серік болып, неғұрлым алдыңғы шептен көрінсін дейміз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар