Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халықтың өзі сайлаған әкіммін! - АРҚА АЖАРЫ

Халықтың өзі сайлаған әкіммін!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында Парламенттің қос палатасының бірлескен мәжілісінде ауыл әкімдерін сайлау туралы алғаш рет өз пікірін білдіріп, кейін бұл бастама расында шындыққа айналды. Сөйтіп, елімізде өткен әкімдер сайлауында біздің Ақмола облысынан да осы мемлекеттік қызметте жүрген 239 әкімнің 95-і немесе 40 пайызға жуығы өз жұмысына тікелей халықпен сайланды.

Солардың бірі мен де көпшіліктің дауыс беруімен Никольск ауылдық округіне әкім болып сайландым. Халық өзі сайлаған соң бірден бұл өте жауапты жұмыс буыны екенін бар жан-тәніммен сезіндім десем, артық айтқаным емес. Сайлаушылардың осы жауапкершілігін арқалап, өз міндетіме кіріскелі де бірнеше айдың жүзі өтіпті.

Біздің округ құрамына 414 түтіні бар екі елді мекен кіреді. Селоларда 1496 адам тұрады. Округ аумағында «Никольский» және «Шаруа-Көкше» серіктестіктері жұмыс істеп, дәнді және майлы дақылдар өсірумен айналысады. Екі шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысып, қазақтың ақбас тұқымдас малын бағады. Округте бір бастауыш, екі жалпы орта білім беретін мектеп жұмыс істейді. Мұнда мектепке дейінгі тәрбие беретін шағын орталық, ауылдық кітапхана, дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы да жас спортшыларды тәрбиелеуде өз үлесін қосуда.

Кентте теміржолдың вокзал, бекет, станциялар тәрізді көптеген объектілері жұмыс істеп, жергілікті тұрғындарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Ауылдық округте он дүкен, шиномонтаж цехы және шағын наубайхана қызмет көрсетеді. Биылғы жылы жұмыссыз жүрген 3 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Жалпы, 17 адам жұмысқа орналастырылды. Оның бесеуі тұрақты жұмыс, он екісі уақытша жұмыс істейді. Ауыл тұрғындарының көбі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Атап айтқанда, фермерлер ірі қара, жылқы және қой шаруашылығымен айналысады. Олар ет пен сүт өнімдерін өндіреді.

Биылғы жылы құрамында 19 адамы бар 3 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 3 адам курстан өтіп, сертификатқа ие болды. Олар мал шаруашылығын дамыту үшін 10 миллион 700 мың теңге несие алды. Сондай-ақ, көп балалы отбасының 1 адамына сүт өнімдерін өндіру үшін 583400 теңгенің қайтарымсыз гранты берілді. Қызметке кіріскен сәттен бастап билік пен тұрғындар арасында диалог орнату үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырып келемін. Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қоғамдастық мүшелері тікелей қатысады. Ауылдық округті басқаруға барлық тұрғындар атынан ардагерлер кеңесінің мүшелері де белсенді ат салысуда.

Өзім сайлаушыларыммен кездесу барысында тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын мұқият тыңдадым. Жерлестерінің үмітін ақтау үшін әкім міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқара бастадым. Сөйтіп, аз уақыт ішінде кенттің станциялық бөлігінің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге негізгі күшімді жұмсадым. Мұнымен бір мезгілде кент ішіндегі жолды жөндедік. Елді мекеннің аумағы тазаланып, абаттандырылды. Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіштің маңын тәртіпке келтірдік. Алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша екі жалпы білім беретін мектепті күрделі жөндеуді, спорт алаңын салуды, жарық шамдарын жарық диодты энергия үнемдейтін шамдарға ауыстыруды, су құбыры жүйесін қайта жаңартуды жоспарлап отырмыз. Бірқатар тозған және қираған ғимараттарды келесі жылдың көктемінде бұзып, сыртқа шығарамыз. Бұл жұмысқа қосымша қаржы бөлінді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, басшы мен тұрғындардың арасындағы бірліктің арқасында жоспарланған жұмыстың барлығы атқарылатынына сенімдімін.

Өйткені, халықтың өзі сайлауы мендей әкімдерге қосымша күш-жігер береді. Өзім әйел затынан болсам да, ер адамдар атқаратын жұмыс менің де қолымнан келетініне қайраттана түскендеймін. Әкімдерді сайлап қоюдың артықшылықтары жоқ емес, бар екенін өзімнің бүгінгі азды-көпті іс-тәжірибемнен жақсы сезіне бастадым. Аяқталып отырған 2021 жыл менің осы бағыттағы іскерлігіме алғашқы сынақ сияқты. Алдағы 2022 жылы да осы бетімнен таймай, өзімді әкім қызметіне сайлаған сайлаушыларыммен бірге қарамағымдағы екі елді мекеннің де жайлы тұрмысы үшін аянбай еңбек ете беремін деген ойдамын.

Жанна ШАХАТОВА,
Никольск ауылдық округінің әкімі.
Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар