Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әдеби жыл қорытындысы шығарылды - АРҚА АЖАРЫ

Әдеби жыл қорытындысы шығарылды

М.Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиалы одаққа мүше болып табылатын қаламгерлер арасында әдеби жыл қорытындысын өткізді.

Онда филиал директоры, ақын Мерген Тоқсанбай 2021 жылы жергілікті ақын-жазушылардың жазған шығармалары, олардың жариялануы, шығармашылық байқауларда қол жеткізген табыстары, алдағы жоспарлар туралы баяндады. Сондай-ақ, кітап шығару, көркемдік кеңес құру, «Құлагер» облыстық байқауының ережесін қайта қарау мәселелері талқыланды.

Баяндамасын «Өңір әдебиеті үшін 2020 жылдың айтулы оқиғасы жеті бірдей жас ақынның Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып қабылдануы болды. Олар Қуаныш Оспан, Серікбай Әбілмәжін, Жайнарбек Зандыбай, Серғазы Қайырболды, Қайрат Сейітқазин, Абылайхан Әшімхан және мен» деп бастаған облыстық филиал басшысы әр қаламгердің қандай шығарма жазғаны, оның қандай газет-журналдарда жарияланғаны немесе қандай шығарма жазу үстінде екендігіне тоқталды. Мысалы, Жабал Ерғалиевтың «Құшағы суық дүние» повесі «Жұлдыз» журналының 7-ші санына басылып, Әдебиет порталына жарияланған. «Онлайн құдалық» әңгімесі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген. Екінші жазған повесі «Кешкі мұң» деп аталады. «Наразылық» әңгімесі «Арқа ажарына» басылған. «Есігімді қаққан кім?» деп аталатын пьесасын Алматы облысы Панфилов аудандық халық театры сахналап, байқаудың Гран-приін жеңіп алған.

Алмас Темірбай «Ботай жылқылары» атты тарихи-этнографиялық поэма жазып, облыстық «Құлагер» байқауының жеңімпазы атанды. Ерболат Баятұлының «Контактология: Түркі өркениетінің әлемдік мәдениетке ықпалы» атты монографиясы әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің баспасынан жарық көрген, жергілікті телеарнадан «Руханият» хабарын жүргізіп жүр. Қытай жазушысы Зуң Ридтің көлемі 750 беттік «Бөрі тотем» (Көсем көкжал) атты романының аудармасын көркемдеп, редакциялаған. Әңгімелер, «Ой сәуле» атты философиялық жазбалар жазды. Қайырбай Төреғожаның «Доп ойнаған бала» атты повесі, «Қамажай» атты поэмасы, өлеңдер, сықақ өлеңдер мен балаларға арналған өлеңдері жазылды. Сықақ өлеңдері «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланып. «Сұлу өлке» атты кітабы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мемлекеттік маңызы бар әдебиетті басып шығару бағдарламасына ұсынылған.

Нұрислам Әбділ республикалық балаларға арналған «Ертөстік» әдеби байқауында Ыбырай Алтынсарин атындағы арнайы жүлдені иеленіп, Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында «Ысқақ» пьесасы сахналаныпты. Мұхамед Қоңқаев Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған он бірінші республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты байқауда «Үздік поэзиялық туынды» аталымы бойынша бірінші орын алыпты. Майра Қуанышқызы «Абай арманы –Тәуелсіз қазақ елі» халықаралық мүшәйрасында «Абай дастаны» атты авторлық туындысы үшін Жұмабек Тәшенов атындағы «Қазақ үні» газетінің арнаулы жүлдесінің иегері атанған. Жыл ішінде Серік Жетпісқалиевтің де қаламынан бірталай шығармалар туған. Баяндамашы басқа да қаламгерлердің атқарған жұмыстарына тоқталып, шолу жасады.

Мәжіліс үстінде Жабал Ерғалиев, Қайырбай Төреғожа, Ерболат Баятұлы, Нұрислам Әбділ, тағы басқалары облыстық «Құлагер» байқауы, филиал жанынан көркемдік кеңес құру, өңір жазушылары шығармаларының мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көруі, тағы басқа күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікірлерін ортаға салды. Жиынға Ақмола облыстық Мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қатысып, қаламгерлердің өңір мәдениетінің дамуына қомақты үлес қосып келе жатқандығына тоқталып, алға қарай да осы үрдістің жалғаса береріне сенім білдірді.

Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар